1997-2001 жылдары мектепке үлкен өзгерістер енгені жадымызда. 1999 жылы «лицей» мәртебесі берілуі мектептің абыройын арттырып, өзге ықшам аудандардағы балалардың да келуіне ықпал етті, сөйтіп оқушылар саны көбейді. Енді шәкірттердің құрамын сан және сапа жағынан реттеу көзделіп, жартысына жуығы басқа мектептерге ауыстырылды, оларға да қолайлы жағдай жасалды. Амал не, жақсы бастама жайына қалды, тіпті проблемалар туындап, түйінделе түсті.

Бірде облыс білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітоваға лицей-мектептің сыйымдылығын кеңейту мәселесі бойынша сұрақ қойған едім, жауабы көңілімді қанағаттандырған жоқ. Көп ұзамай бірінші сыныптардың санын қысқарту басталды. Айталық, лицейде бұрын 4 бірінші сынып болса, кейін үшеу ғана ашылған. Самал Айтқазина директорлыққа тағайындалған былтырғы оқу жылы     1 ғана бірінші сынып ашылды!

Биыл 1 бірінші сыныпқа 26 бүл-діршін қабылданды. Есесіне, бұлар-дан азырақ бал жинаған 60 шақты бүлдіршіннің үкілі үміті үзілді! Былтыр да соншама үміткер лицейде оқу мүмкіндігіне ие бола алмады десек, соңғы 2 жылда 120-дай жас өскіннің өз ортасында тамыр жая алмағанын аңдаймыз. Бұл сан алдағы оқу жылдарында көбейе береді.

Мәселе – бүлдіршіндердің лицейге түсе алмауында емес, үйлерінің жанындағы мектепте оқи алмауында! Өйткені, үміткерлердің дені сол маңда тұратын қазақ отбасыларының балалары екені күмәнсіз. Енді «Казкрайдағы» ата-аналар 6-7 жасар бүлдіршіндерді өзге аудандардағы мектептерге апару, әкелу, қосымша сабақтарға, пәндік үйірмелерге қатыстыру үшін қанша уақытын жұмсайды? Жауын-шашынды күндерде, автобустар кешігетін я жолаушыларға лық толып келетін кездерде қайтпек керек? «Бала сергелдеңі» аз қамтамасыз етілген, толық емес, көп балалы отбасыларды қаржы шығынына да ұшыратпай ма? Бұл сұрақтар тек ата-аналардың басын ауыртатын күрделі сұрақтарға айналды!

Самал Айтқазинаның айтуына қарағанда, лицейдегі оқушылар саны азайса, сапалы білім беру деңгейі жоғарылай түседі екен. Сол себепті бірінші сыныптардың санын қысқартқаны өте дұрыс болған. Егер Білім және ғылым министрлігінің лицей-мектептерге деген талабы ескеріліп, бастауыш сыныптар мүлде жабылса, заңдық-құқықтық тұрғыдан негізді көрінеді...

Самал Айтқазинаның сөзі түзу, қисықтығы жоқ. Тек одан бұрынғы директорлардың барлығы оқушыларға сапалы білім беру мәселесімен емес, әншейін оқушылардың санын арттыру ісімен ғана айналысқан-ау... деген күпір ойларға жетелейді екен.

Лицейдегі жағдай осындай болса, «Казкрайдың» бір шетіне жақын орналасқан, 1800 оқушы оқитын Бауыржан Момышұлы атындағы №22 орта мектептегі жағдай тіпті басқаша. Жуырда құжаттарын тапсы-рған 283 бүлдіршіннің барлығы мек-тепке қабылданып, 10 бірінші сынып ашылды! Директорымен сөйлестім, «Дайын асқа – тік қасық» болуды көздемей, саннан сапа шығаруға қос білегін сыбанып дайын отыр! Айтпақшы, әлгі лицейдегі оқушылар саны 700-ге де жетпейді...

Сонымен, «Казкрайдың» балалары қайда оқиды? Бұл сауал облыс білім беру басқармасы басшысын да, мектеп директорын да мазаламайтын сияқты, бірақ облыс басшысын ойландыруы керек қой.

Кезіндегідей, бастауыш сынып-тар лицей маңындағы жеке ғимаратқа көшірілсе, №19 орта мектепте оқитындарды тасымалдау үшін арнайы автобустар бөлінсе, лицей-мектептің сыйымдылығын ұлғайту мақсатында қосымша оқу корпусын салу жоспары жасалса, кәнеки?..

Менің ойымша, ата-аналарға «Бексейітова түйіні» сияқты көрінетін проблеманы қарауды кейінге сырғытпай, биыл шеше бастау керек. Ең алдымен, тағы 1 бірінші сынып ашу ісін дереу қолға алған жөн.

Ал проблеманың толық шешімін табу үшін келесі жылы «Казкрай» балалары түгелдей сыйып, алаңсыз оқитын жалпы орта білім беретін мектеп салынуға тиісті. Сонда ғана лицей-мектептің маңында тұратын бүлдіршіндер сергелдеңге түспей, қалыпты жағдайда білім алуға қол жеткізеді.

P.S. «Казкрай» балаларының проблемасы шешілгеннен кейін облыстың бас педагогы Бақыт Бексейітова мен лицей-мектептің басшысы Самал Айтқазина лицейдегі бастауыш сыныптардың бәрін жауып тастаса да, өз еріктері немесе санаулы оқушылардың таңдаулы лицейіне айналдырса да, өз ықтияры. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса да» деген, қалауы білсін...

Арман ҚАНИ, Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz