Аймағымызда «Мектебіме тағзым» жобасы аясында алтын ұясына қолдау көрсеткен түлектердің көмегімен 71 миллион 400 мың теңге қаржы жиналған. Аталмыш жоба биыл 25 мамырда қолға алынған болатын. Облыс бойынша 500-ден астам түлек белсенді қатысып, өңірдегі 300 мектептің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосқан. Бұл Қазақстан бойынша Павлодар өңірінде жүзеге асырылып келе жатқан бірегей жалғыз жоба екенін атап өтпеске болмас. Мұндағы мақсат - үлгілі түлектерді өздері түлеп ұшқан білім ордаларына қайырымдылық шараларын жасауға тарту, білім беру саласындағы әлеуметтік-экономикалық жобалар арқылы қазақстандық патриотизмді дамыту. Жоба шеңберінде бірқатар білім ордасында спорт және мәжіліс залдары, оқу кабинеттері жөнделген. Аулада көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылды. Компьютер, робот техникасы және шахмет кабинеттері ашылған. Мұндай игі істер оқушының сабаққа деген қызығушылығын одан әрі арттырмақ.

Атап өтерлігі, Павлодар облысында жыл соңына дейін 10 жетім балаға баспана беру жоспарлануда. «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченконың сөзінше, өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын 44 жоба жүзеге асырылуда. Солардың қатарындағы «Мерей» жобасы облыстық мәслихаттың депутаты, «Победа» ЖШС-нің директоры Александр Поляковтың тәжірибесі негізінде әзірленген. Ол 2016 жылы «Жас ұрпақ» түлектеріне төрт бөлмелі пәтер сатып алған болатын. Кәсіпкердің бұл ісі көпшілік арасында үлкен қолдау тапты. Ендігі жерде осы тәжірибені жалғастыру туралы шешім қабылданған.

Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс мұнымен шектелмейді. Қыркүйек айында «Қасиетті жерлерге саяхат» акциясы бастау алды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті тарих және мәдениет институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталов алдағы уақытта өңір тұрғындары Павлодар облысының сакралды картасында белгіленген орындармен танысатынын айтады.

- Мектеп, колледж, жоғары оқу орындары, кәсіпорын, депутаттар, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдар, облыс тұрғындары мен қонақтарын акцияға белсенді қатысуға шақырамыз. Жобалық кеңседе өңірлік сакралды картасы бойынша 24 сарапшы жұмыс істеуде. Оның құрамында ғылым докторлары мен кандидаттар бар. Тізімге Ертіс өңіріндегі маңызды 50 нысан енгізілген. Оның 80 пайызы Баянауылда орналасқан. 11-і көне дәуірлер мен орта ғасырлардағы, 13-і қазіргі заманғы, 21-і тарихи және қоғамдық-саяси маңызы бас нысандар болса, 5-еуі - табиғи-ландшафтық нысан. Қасиетті орындардың тізімі тұрақты түрде жаңартылып, жаңа нысандармен толықтырылып отыратын болады, - дейді Қ.Батталов.

Атап өтерлігі, облыс тұрғындары project_office_pvl@mail.ru электрондық поштасына өз ұсыныстарын жібере алады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz