Облыс әкімі Болат Бақауов бөлімшеге арнайы барып, жаңа нысанның жай-күйімен танысты.

Облыстық кардиологиялық орталықтың басшысы Ораз Мұқашевтің айтуынша, жыл сайын өңір тұрғындарының 6 мыңға жуығы кардиолог мамандардың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Жаңадан ашылып отырған оңалту және сауықтыру орны жылына 1500 науқасқа емшара жасай алады. Сырқаттарға Литвадан, Белоруссиядан білім алып келген білікті дәрігерлер қызмет көрсететін болады.

- Науқас үшін отадан кейінгі екінші кезең өте маңызды. Себебі сырқаттардың көбі бұл кезеңде өздерін жақсы сезінеді де, еңбекке араласуға асығады. Бірақ жүрек ауруына шалдыққан жандардың ұзақ уақыт күтілуі мен ем-шараларын толық қабылдауы олардың болашақта сырқатынан толық айығуына жол ашады. Сондықтан науқастардың оңалту орталығына келіп, ем алғаны өте дұрыс. Бұл бөлімше мұқтаж жандарға медициналық, физикалық және психологиялық тұрғыдан көмектесе алады, - дейді бөлімше меңгерушісі, кардиолог дәрігер Салтанат Сәтбаева.

Орталық бұрынғы «Денсаулық» шипажайының ғимаратында орналасқан. Аталған шипажай қызметкерлерінің барлығы дерлік жаңа ғимаратта жұмыспен қамтылған. Емделушілер мұнда 10 күндік оңалту курсынан өтеді. Массаж және физио кабинеттері жұмыс жасайды. Мамандар науқастарға дұрыс тамақтану, дене тәрбиесімен айналысу, психологиялық кеңестер беру секілді қызметтер көрсетеді.

Медицина қызметкерлері Болат Бақауовқа аталған нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, науқастарға судағы емдік процедураларды жүргізу үшін орталыққа бассейн керек екендігін айтты. Аймақ басшысы жауапты орган өкілдеріне алдағы уақытта модульді бассейн орналастыру мүмкіндігін қарастыруды, медициналық оңалту бөлімшесін жылдың соңына дейін ретке келтіруді тапсырды.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz