Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында ашылған орталықты аралап көрген облыс басшысы Болат Бақауов шипажайда демалып жатқан ардагерлермен тілдесті.

- Қарияларымызға барынша жағдай жасай білуіміз керек. Бұған дейін кездесуге келген зейнеткерлер осы орталыққа келіп демалу үшін кемі төрт жыл кезек күтетіндерін айтып шағымданатын еді. Алдағы уақытта аталмыш кемшіліктің орын алмайтынына сенемін, - деді Болат Бақауов.

«Жемчужина долголетия» шипажайының ашылуына мұрындық болған кәсіпкер Зинаида Пархоменконың айтуынша, мекеме жылына кемі 2000 зейнеткерге көмек көрсетпек.

- Осындай орталықты ашу көптен бері ойымда жүрген болатын. Үйде отырған қарт ата-аналарымыз уақыттарын тиімді өткізуін қадағалап, денсаулығына көптеп көңіл бөлуіміз керек. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда қарттардың бос уақыттарын өткізуге арналған орталықтар жоқтың қасы. Тіпті, кейбір ата-әжеміз таңнан кешке дейін жалғыз отыруға мәжбүр. Біздің ұжым зейнеткерлерге көмектесуге дайын, олармен бау-бақша егіп, саңырауқұлақ тереміз, жеміс жинаймыз. Мұнда күніне 80 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігіміз бар, - дейді кәсіпкер Зинаида Пархоменко.

Сонымен қатар шипажайда дене шынықтыру-емдеу кабинеті, процедуралық кабинеттер, фито-бар мен галокамералар бар. Барлық емдеу шаралары дәрігердің рұқсатымен және қатысуымен өтеді.

- Шипажайға қарттар мемлекеттік тапсырыс бойынша келе алады. Ол үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тұрғылықты мекенжайы бойынша өтініш жазу керек. Зейнеткерлерді орталыққа денсаулық жағдайына қарай жібереді. Мұнда тек қарияларды емес, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарды да қабылдайды, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар-масы басшысының орынбасары Хелуа Қашкенова.

Облыс әкімі Б.Бақауов сондай-ақ Павлодар қаласындағы «Ардагерлер үйі» қарттар мен мүгедектерді оңалтудың облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына келді. Мұнда 3 жыл бұрын банктің меншігіне өтіп кеткен бассейн мекемеге қайта қайтарылған.

- ERG компаниясы біздің мекемеге бассейн ғимаратын 124 млн. теңгеге қайта сатып алып берді. Бұған дейін емделушілеріміздің арасында 1-2 топ мүгедектеріне бассейннің жоқтығынан кейбір емдік шараларын жүргізу мүмкін болмай келген еді. Енді ол кемшілік жойылды деуге болады. Қазіргі таңда бассейнге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді «Ардагерлер үйінің» директоры Мархаба Қаратаева.

Бассейн ғимаратының жөндеу жұмысымен танысып шыққан Болат Жұмабекұлы жауапты мамандарға алдағы 1 аптаның ішінде қажетті құжаттарды реттеп, ғимаратты жеделдетіп қолданысқа беруді қатаң тапсырды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz