Ашық түрде өткізілетін екі кезеңдік конкурсқа өтінімдер қабылдау мерзімі 2017 жылғы 25 қыркүйек күні аяқталады. Компания таратқан хабарда түсіндірілгендей, еншілес және тәуелді кәсіпорындарды сату Бизнесті трансформациялау бағдарламасы аясында бейінді емес активтерден арылу және компания қызметін тікелей атом саласына бағыттау мақсатында жүзеге асырылуда.

Айта кетелік, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран және оның қосындылары, сирек металдар, атом энергетикалық стансалары үшін қажетті ядролық отынды экспорттайтын ұлттық оператор болып табылады.

Енді «Каустик» АҚ-ына келейік. Химиялық өндіріс Павлодар қаласында орналасқан. Бұл - елімізде қолға алынған индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жаңғыртылған ірі және бірегей өндіріс. Кәсіпорын жылына 30 мың тонна каустик содасы, 26 мың тонна сұйық хлор, 45 мың тонна тұз қышқылын, сондай-ақ натрийдің техникалық гипохлоритын (6,6 мың тонна) шығарады. Зауыт өнімдері экономиканың көптеген салаларында мұнай, химия, медицина, тамақ өнеркәсібі, түсті және қара металлургия және т.б. қолданылады. Бөліп айтары, көптен айтылып жүрген «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының кәсіпорындары дәл осы мембрандық технологияға құрылған хлор-сілті өндірісі негізінде бой көтеруде. Мәселен, «Бо-На» кәсіпорны хлор-белизна өнімдері негізінде жуғыш-залалсыздандыру заттарын шығарады. Осы бағытта тағы бірнеше инвестициялық жобалар қолға алынған. Яғни, «Каустик» АҚ-ындағы акциялар үлесінің саудаға шығарылуы - Павлодар облысы экономикасының болашағы үшін елеулі жайт.

Белгілі болғандай, бұдан басқа «Қазатомөнеркәсіп» салаға жатпайтын үш компанияны сатпақшы. Олардың қатарында фотоэлектрлі модульдер шығаратын қазіргі заманғы зауыт - «Astana Solar» ЖШС, мультикрис-талды кремний пластиналары мен фотоэлектрлі ұяшықтар өндіретін «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС, металлургиялық кремний өндірісіне және желілік кварц кен орнына ие «KazSilicon» МК» ЖШС. Айтқандай, еншілес және тәуелді кәсіпорындарды сату Бизнесті трансформациялау бағдарламасы аясында бейінді емес активтерден арылу және компания қызметін тікелей атом саласына бағыттау мақсатында жүзеге асырылуда. Сарапшылар бұдан былай «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық операторына тиесілі мүліктердің жекешелендірілуі қарқынды жүргізіледі деп болжауда. Бұған таяуда елімізде жаңадан вице-премьер болып аталған ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Асқар Жұмағалиевтің тағайындалуы өзек болып отыр.

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz