Жетпіс жастың желкенін керген Балғабай Солтаналин орманшылар отбасында өмірге келген. Оның атасы Тілеуімбет Қошқарбаев 1890 жылы орманшылық кәсіпті бастаған. Балғабай қарттың әкесі Нағым жиырма жасында, 1941 жылы қанды қырғын соғысқа аттанады. 1943 жылы ауыр жараланған жауынгер елге оралады. Ауылына келген соң қол қусырып қарап отырмай, «Баянауыл» ұлттық паркінде әке жолын жалғастырып, орманшылық қызметке орналасады. Осы жұмысқа 40 жыл өмірін арнаған Нағым ата баласы Балғабайды да ерекше кәсіптің қыр-сырына бала кезден баулиды.

- Дәрігер науқасты емдесе, біз табиғатты сақтаймыз. Әлі есімде, төрт жасымда әкеммен бірге орманға бардым. Атқа мініп, табиғат аясында серуендедік. Бір кезде аттың үстінен жерге құлап түстім. Жығылғанымды әкем байқамай қалыпты. Құлап қалсам да, намыстанып, жыламадым. Сол сәтте әкем маған: «Сен –
нағыз ерсің, өзіңдей жігіттен орманшы шығады» деп жігерлендіргені бар. Бұл сөз менің жүрегімде мәңгі қалып қойыпты, - деп өткен күнді еске алады қария.

Табиғатты қорғауға қомақты үлес қосқан Нағым Солтаналиннің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын Баянауылдағы Шонай ауылында Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Н.Солтаналиннің атына көше беріліп, мемориалды ескерткіш тақта ашылған.

Бүгінде Балғабай ата мен асыл жары Бәтима апа - 6 бала тәрбиелеп- өсірген бақытты жандар. 6 ұлдан 14 немере сүйіп, ұрпағының қызық-қуанышына кенелуде. Олар 1970 жылы қазан айында шаңырақ көтерген. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көріп, жарты ғасырға жуық уақыт бірге жасасып келе жатқан жұбайлардың өмірі - көпке үлгі.

Балаларының барлығы отау тігіп, өмірден өз орындарын тапқан. Ислям мен Даржұман есімді ұлдары ата жолын жалғастырып орман шаруашылығында жұмыс істейді. Солтаналин әулетінің қай ұрпағы болса да - табиғатқа өте жақын жандар. «Немерем Әділет С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде магистр болып білімін ұштауда. Бұйыртса ол да кәсіби орманшы болып шығады», дейді Балғабай орманшы.

Ақсақалдың немерелерінің арасында өнер мен спортқа жақындары да бар. Асыл есімді немересі қобыздың құлағында ойнаса, Сұлу скрипка тартқанды ұнатады. Нұрдәулеттей немересі шаңғы спортынан облыстық жарыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүр. Оразалы болса волейбол мен баскетбол ойнауға бейім.         6 жасар Мәдинадай бүлдіршін де мәнерлеп өлең оқудан аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Қаймағы бұзылмаған әулет салт пен санаға берік. Қарашаңырақтың иесі ретінде кенже ұлы Аспандияр мен келіні Фариза ата-анасымен бірге тұрады.

Қазыналы қарияның айтуынша, өнегелі өмір сүрудің мәні – аға буын өкілдеріне құрметпен қарау. Олардың еңбегін елеп, ақ батасын алу. Балғабай ата 70 жастан асса да, сергек. Табиғат аясында серуендегенді ұнатады. Қолы қалт етсе, ұлттық паркті аралап келуге асығады.

«Табиғатты жақсы көремін. Кейде көңілім құлазығанда, велосипедке мініп, 20-30 шақырым жүріп келемін. Орман менің жанымның бір бөлшегі іспеттес. Бір қызығы, аңшылыққа шығып, балық аулауға әуес емеспін. Себебі балықтар да, жануарлар да - адам сияқты, табиғаттың бір бөлігі. Біздің ұлттық паркте қасқырлар, қояндар тағы да басқа «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін жануарлар бар. Оларға қиянат жасау ойыма да келген емес», - дейді Балғабай ата.

- «Отан отбасынан басталады». Отбасы күнін атап өту адамдардың жанұясына деген құрметін арттыратыны сөзсіз. Отанға деген махаббатты табиғатты аялаудан бастау керек. Қоршаған ортамызға құрметпен қарай білсек, бір-бірімізге деген сана-сезіміміз де арта түсетіні анық, - дейді Б.Солтаналин.

Биылғы жылы ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» сайысында Солтан-алиндер отбасы облыс бойынша үздік деп танылып, Гран При иегері атанған еді. Осы жылдың қыркүйек айының 16-сы күні Астана қаласында өткізілетін республикалық «Мерейлі отбасы» жарысына қатысуға ниетті өнегелі әулетке сәт-сапар тілейміз.

Жерлестерімізді қолдау үшін Солтаналиндерге 880308000 нөміріне 14 санын теріп, 16 қыркүйекке дейін дауыс берул еріңізге болады. Дауыс беру науқаны басталып кеткендігін ескертеміз.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz