Көздегені – осы!

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Жолдауда жаһандық бәсекелестікті дамытуды қадап тапсырған болатын. 30 дамыған ел қатарына ену үшін экономикамыздың орташа әлемдік деңгейден асуын қамтамасыз етуді жүктеді. Дәл сол тапсырмалар ішінде экономиканың жалпы ішкі өнімдегі мемлекеттің үлесін 15 пайызға, яғни экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне дейін төмендетуді айтты. Осылайша елімізде бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, барынша кеңейту көзделіп отыр. Сөйтіп Президент жеделдетуді тапсырған соң құзырлы органдар бұған дейін құрылған жоспарларына түзетулер енгізді.

- Жекешелендірудің негізгі мақсаты – еліміздің экономикалық өсуіне жаңа қарқын беру. Сондай-ақ мемлекеттік активтердің анағұрлым тиімді меншік иесіне өткізу арқылы жекеменшік бизнесті одан әрі дамыту мақсат етілген. Әлемдік тәжірибе жекешелендіру басқару сапасын арттыруға, шығындарды азайтуға жетелейтінін көрсетті, - деді өңірімізде осы бағытта жүргізілетін жұмыстарды таныстырған облыстың қаржы басқармасының басшысы Ильдар Қасенов.

Биыл жыл соңына дейін 24 нысан бәсекелестік ортаға жіберіледі. Олардың бесеуі (Павлодар ауданының «Коммунсервис» ЖШС, «Ақсу-Коммунсервис», «Екібастұзлифт», Павлодар облыстық диагностикалық орталық және «Спортсервис» КМҚК) жекешелендірілсе, 6 нысан («Шымыр» бассейні, «Сапаржай Павлодар» ЖШС, Павлодар қалалық №1 және №2 емханалары, «Павлодар өңірлік ғылыми-технологиялық орталық» және Екібастұз қаласындағы «Полигон» ШБҚ КМК) кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беріледі. Сондай-ақ 8 кәсіпорын жойылады. Бұл шаралар қалай жүргізілетінін басқарма басшысы былай түсіндірді:

- Шарбақты ауданының «Коммунсервис» және «Железиндік жол-пайдалану учаскесі» кәсіпорны жойылады. Олардың материалдық-техникалық базасы аудандық табиғи монополиялар субъектілеріне өткізіледі. Ал Павлодар қаласындағы Орталық, «Жұлдыз» стадиондары, «Баянтау» спорт сарайы, Астана мұз сарайы және Ақсудағы «Достық» стадионы бойынша келісімдер жүргізілуде. Олар - әлеуметтік тұрғыдан маңызы зор нысандар. Сондықтан заңды тұлғасын жойып, нысандардың өзін мемлекеттік меншікте қалдыру көзделуде. Бүкіл мүліктерін облыстық спорт мектептерінің балансына өткізу жөнінде шешім қабылданды, - деді Ильдар Талғатбекұлы.

Бұл ретте жекешелендіру бойынша сәтсіз қадамдардың да болғанын айта кетейін. Мәселен, үш рет аукционға қойылып, «Толқын» бассейні үшінші ретте су тегінге сатылғаны ел есінде. Яғни, бастапқы бағасы 606 млн. теңге болған нысан өз құнынан 27,3 есе арзан бағаға жекенің қолына өтіп кеткен еді. Содан Павлодар қалалық прокуратурасы бұл келісімді жарамсыз деп танып, сатуды тоқтатқан болатын. Қазір сот процесі жүріп жатыр.

Айта кетейік, облыста жекешелен-діруге жататын нысандар тізіміндегі 39 ұйымның 31-і қазіргі таңда ком-муналдық меншікте болса, қалған сегізі - «Павлодар» ӘКК» ҰК» АҚ-ның еншілес және тәуелді мекемелері. Осыларды жекенің қолына ұстату үшін арнайы Жол картасы да жасалыпты. Құжатта әрбір нысанды сатудың кезең-кезеңімен жүргізілетін іс-шаралары түзілген.

Енді биыл 21 қыркүйек күні төрт нысан тендерге қойылады. Олар – қос емхана, облыстық диагностикалық орталық және Павлодар өңірлік ғылыми-технологиялық орталық. Атап өтейік, соңғысы - бюджеттік инвестицияларға сараптама жасай-тын орталық. Оның жарғылық капиталындағы мемлекет үлесі - 49 пайыз. Міне, осы үлесі сатылады. 15 қыркүйекте «Екібастұзлифт» кәсіпорнының да тағдыры шешіледі. Тендерге қойылатын бұл нысанның бастапқы бағасы 42 млн. теңгеге бағаланып отыр. Бір қуантарлығы, мекеме жұмысының бүкіл мерзімінде кәсіпорынның лифтерге көрсететін техникалық қызмет бағыты сақталуы талап етіледі. Сондай-ақ 21 қыр-күйекте облыстық диагностикалық орталықты да сатуға шығарады. Мұндағы талап бойынша инвес-тор алғашқы үш жылда бағытын өзгертпеуі қажет.

Айтпақшы, тендерлердің барлығы электронды түрде өткізіледі. ҚР Қаржы министрлігінің (www.gosreestr.kz) веб-порталында жекеше-лендірілетін нысандар жайында толық ақпарат ашық көрсетілген. Демек павлодарлық мекемелерді кез келген өңір азматы немесе шетелдік инвестор сатып алуға құқылы.

Емхана – ең қиыны

Жоғарыда аталған нысандар ішінде, әсіресе, медициналық мекемелердің жекенің қолына өтетіні кім-кімді де ойландыратыны анық. Спорт нысандары сатылса, тұрғындар амалын іздеп, денені шынықтырудың қолжетімді тәсілдерін табар. Ал емханаларды сатып алған инвестор ол ғимаратты емханалық мақсатта емес, бағытын басқа арнаға бұрып жіберсе, қайтеді? Ауырса емханаға емін-еркін кіріп-шығатын азаматтар кімнің көмегіне жүгінеді? Міне, осы мәселе қоғамды көбірек толғандырады.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, Павлодар қалалық №1 және №2 емханалары бір жылға сенімді басқаруға беріледі. Алғашқысының бастапқы құны 224 млн. 711 мың теңгеге бағаланса, екіншісі 347 млн. 757 мың теңгемен тендерге қойылады. Оған қоса бұл сомалардың 3 пайызы мөлшерінде кепілді жарна салынады. Төлемді бөлеп төлеуге де рұқсат беріліпті.

Тендерлік талаптарға сәйкес бұл бір жыл ішінде инвестор емхананың қызмет бағытын өзгерте алмайды. Есесіне медициналық мекеме қызметінің негізгі көрсеткіштерін соңғы үш жылдағы деңгейден түсірмеуі тиіс. Қызметкерлер штатының үштен екі бөлігі ҚР азаматтары болуы шарт. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында жұмыс істеп, науқастарға жәрдем көрсетіп, ұйымның ішкі бақылауын жүргізеді. Материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға барын салуы талап етіледі. Бір жылда бұрынғы әдетінен жаңылмай, жұмыс істей береді. Бұл аралықта мекеме мемлекет бақылауында болады. Яғни, тұрғындар үшін еш өзгеріс болмайды.

Егер тендерлік талаптар инвес-тор тарапынан толық орындалса, сатып алушымен сату-сатып алу шарты жасалады. Ал инвестор тендердің талабын бұзған жағдайда шарт бұзылып, нысан қайтадан сатылымға қойылады. Алғашқы инвестордың салған жарнасы қайтарылмайды.

Бар гәп дәл осы сенімді басқару мерзімі аяқталғаннан кейін басталуы ғажап емес. Өйткені бір жылдан соң «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демекші, инвестор емхананы қандай бағытта пайдаға жаратса да, өзі біледі. Мемлекет оған нысанның бағытын өзгертпеу жөнінде ешқандай талап қоя алмайды. Мекемені басқару құқығы мен міндеттемелері толықтай инвестордың билігіне өтеді.

Дегенмен «медициналық мекемелерді сатып алуға инвес-тор табылар ма екен?» деген сауал да жоқ емес. Облыстың бас қаржыгерінің айтуынша, өзгелерге қарағанда медициналық сала айтарлықтай тиімді. Сондықтан сатып алуға ниеттілер қазірдің өзінде мекеменің оң-солын саралап жатқан көрінеді.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бір жыл бойы қаржы құйып, жұмыс істеген инвестор сатып алған соң оның бағытын өзгертуге тәуекел етпейді деген сенімде. Бірақ оған ешкім кепілдік бермейді. Сонда қызметін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберсе, қазіргі таңда қос емханада тіркеуде тұрған 136 мың тұрғынның тағдырын ойлаудың өзі қорқынышты.

Неден дәмелі?

Десе де ақ желеңділердің үміті мен дәмесі зор. Мәселен, Павлодар қалалық №2 емхананың бас дәрігері Айдар Сейітқазинов жаңа қожайынға мекеменің
дамуына инвестиция құяды деген үміт артып отыр. «Қызметкерлерді қысқарту қаупі жоқ па?» деген сауалға бас дәрігер былай жауап қатты:

- Қазірдің өзінде жетіспей жатқан дәрігерлер мен медбикелерді қысқарту жөн болмас. Бәлкім әкімшілік жағын, бухгалтериядан адамдарды қысқартар. Оған дайынбыз. Қаржы құйған адам әр тиынын есептейтіні сөзсіз. Қыруар қаржы мемлекеттік тапсырыстан түсетінін ескерсек, одан бас тарту инвесторға тиімсіз. Керісінше, емханаға мемлекеттік тапсырыс аясында тегін медициналық кепілді көмек алатын тұрғындарды көптеп тіркеген, қызмет сапасын арттырып, кезекті азайтқан дұрыс болады.

Айта кетейік, №2 емхана қазіргі таңда да ақылы қызметтер көрсетеді. Бірақ оның көлемі жалпы кірістің 5 пайызына да жетпейді. Сонымен қатар ақ желеңділер инвес-тор жалақы көтеруінен дәмелі. Әйтпесе, қазіргі айлық шайлықтан аспайтын көрінеді. Мәселен дәрігерлердің орташа жалақысы - 140 мың теңге. Оның өзінде ақылы қызметтен түскен қосымша қаржыны дәрігерлерді ынталандыру үшін пайдаланғанның нәтижесінде осындай орташа жалақы шығып отыр. Ал еңбек өтілі жоқ жас мамандар тіпті 60 мың теңгені қанағат тұтуға мәжбүр. Ашығы – осы.

Түйін:

Не керек, экономикалық тұрғыдан жекешелендірудің маңызы зор болар. Қазынаға түсетін салмақ жеңілдер. Бірақ әлеуметтік маңызы бар нысандарға келгенде оған әлсіз жаратылыс ретінде қараған жөн шығар. Өйткені қоғамның жанды жеріне түскен ауыртпалықтан арылу үшін қайтадан ала-шапқын болмасымызға кім кепіл? Бастысы, ертеңгі күні күткеніміз ойдағыдай болмай, «құтылғанша» асық болған нысандарды қазіргі құнынан бірнеше есеге қайта сатып алмасақ болғаны.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz