Естеріңізде шығар, поляктар Екібастұз қаласының аумағында агроқалашық салуды жоспарлаған еді. Құны 144 млрд. теңгені құрайтын жоба табысты іске асуы тиіс. Себебі Елордадағы форумда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Бүкілпольшалық шаруашылық палатасының өкілі Тадеуш Намедынски «Агроқала» бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Демек, жаңа жобаның алғашқы іргетасы қаланды деген сөз.

Поляктар мұнымен тоқтамақ емес. Енді олар Екібастұз қаласынан оқу орталығын ашпақ ниетте. Бұл туралы Қазақстан-Польша бизнес-форумына арнайы қатысқан Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов мәлімдеді.

- Еліміздегі басы даудан арылмаған құрылыс нысандарының бірі Екібастұз қаласында орналасқан. Ол – қаланың қақ ортасында тұрған халықаралық оқу орталығы. Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен салынған нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ. Құрылыс жұмыстары толық аяқталмай, бірнеше жыл қаңырап бос тұрған ғимаратты Польша тарапы қалпына келтірмек. Бүгінде аталған нысанды қалпына келтіруге қатысты алдын ала дайындалған құжаттар да бар, - деді Қайрат Теміршотұлы.

Жоба Қазақстан-Польша бизнес-форумында бекітілген меморандумның аясында жүзеге асырылмақ. Яғни, аталған жобаның негізгі бөлігін мемлекет қаржыландырады да, қалған қаржысын Польша тарапы өтейді.

Орталық қалпына келген соң, мұнда әу баста айтылғандай отын-энергетика кешенінің емес, ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандар даярланатын болады.

- Оқу орталығында отандық мамандардан бөлек, шетелдіктер де жұмыс істейтін болады. Біз 7 студентті Польшада білім алуға жібергелі отырмыз. Польшалық тарап оларды қабылдауға дайын. Осылайша, келесі жылы 7 студент Польшаға аттанады. Польша тарапы біздің жастарды тегін оқытады және айына 1300 еуро көлемінде шәкіртақы тағайындайды, - деді Қайрат Нүкенов.

Жоғарыда поляктардың Павлодарға деген пейілі ерекше дедік қой. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір детальдарға назар аударсақ дейміз.

Біріншіден, Астанадағы Қазақстан-Польша бизнес-форумына Павлодардан басқа еліміздің өзге өңірінен делегация келгенін көрмедік. Біздің делегацияны облыс әкімі Болат Бақауов бастап келді.

Екіншіден, меморандумға қол қойған соң Бүкілпольшалық шаруашылық палатасының өкілі Тадеуш Намедынски сыйластықтың, әріптестіктің белгісі ретінде Болат Жұмабекұлына көпшілік алдында кішігірім сый тарту етті. Бұл да поляктардың Павлодарға деген пейілінің дұрыстығының бір белгісі ретінде ой қалдырды көпшілікке.

Үшіншіден, форум аясындағы «Өңірлік әріптестік және инфрақұрылымды дамыту» сессиясында Павлодар облысы бойынша инвестиция тарту агенттігі директорының міндетін атқарушы Әнуар Мұқышев біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жайлы толымды баяндама жасады. Сессияға облыс әкімі Болат Бақауовтың өзі де арнайы қатысқанын атап өтейік.

- Павлодар облысы географиялық жағынан өте тиімді орналасқан. Біздің өңірден бір мың шақырымдық радиуста Қазақстанның жеті, Ресейдің тоғыз өңірі орналасқан. Бұл дегеніңіз – 24 миллион адам. Демек, нарық көлемі 12 миллиард долларды құрайды, - деді Әнуар Мұқышев.

Әнуар Мұқышев Павлодар облысында инвесторларға тиімді жағдай жасалғандығын атап өтті.

- Инвесторларға ұсынылатын бірден-бір жеңілдік – арзандатылған электр энергиясы. Павлодар облысындағы электр станцияларының жалпы қуаттылығы 8,5 мың МегаВатты құрайды. Бұл бір. Екіншіден, біздің өңірде кадр тапшылығы болмайды. Себебі облыс көлемінде 4 жоғары оқу орны және 50 шақты техникалық және кәсіби білім беретін ұйымдар бар. Үшіншіден, облыста шамамен 900-дей өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Инвесторлардың өндірістік кооперацияны қолға алуына мүмкіндік бар. Төртіншіден, жергілікті билік тарапынан үнемі қолдау көрсетіледі, - деді Әнуар Мұқышев.

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыровтың айтуынша, соңғы 10 жылда Польша Қазақстанға шамамен 200 млн. доллар көлемінде инвестиция тартқан. Ал 2016 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 783 млн. теңгені құраған.

Былтыр Қазақстанда Польша капиталының қатысуымен 10 кәсіпорын іске қосылып, 100 млн. долларға жуық инвестиция салынған. Осылайша, Қазақстан-Польша бірлескен кәсіпорындарының ұзын саны 115-ке жуықтады.

«Қазақстан Польшамен негізгі үш бағытта байланыс орнатуға бейілді. Бірінші – өзара сауда қатынасын дамыту, екінші – инвестициялық әріптестіктң одан әрі нығайту, үшіншісі – көлік-логистика саласындағы байланысты жақсарту», – деді Қазақстан-Польша бизнес-форумында Ерлан Қайыров.

Астанада өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумына қос тараптың бизнес саласындағы 450-ден астам өкілі қатысты. Форумда бірқатар меморандумға қол қойылды.

Фархат ӘМІРЕНОВ, арнайы «Сарыарқа самалы» үшін Астана қаласынан.

saryarka-samaly.kz