Бүгінгі Качир ауданы - арғы атамыз көк түрік жайлаған арынды алқап, Қимақ-қыпшақ қадір тұтқан қадірлі мекен, кім келіп, кім кетпеген бұл мекенге, Көшім ханның жайлауы, Абылайханның байлауы, жаугершілік заманда қазақ жауынгерлеріне жігер берген, бойларына қуат берген баталы ел. Дербісәлі, Есенқұл, Өмір батырлар шыққан найзалы жер.

Таста жазу қалмаса да, сол замандардың бейнесіндей кейінгі жылдары табылған заттар, 30-дан аса топырақтан үйілген обалар, әсіресе, 2007 жылы Ертіс жағалауында табылған қимақ жауынгерінің алтын дулығасы куә. Бұл дулыға тәуелсіздік кезінде табылса да, «ұшты-күйлі» жоғалды, аты бар да, заты жоқ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпегеніне кім кепіл?! Әрине, бәрін «жаман», «жоқ» деп айтуымызға болмайды. Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз де баршылық, тәу еткен тәуелсіздігіміздің арқасында барымызды бағалай білейік. Тәуелсіздік – абыро-йымыз, намысымыз, қолымыздағы қалқанымыз.

1991 жылы қазіргі ПМУ-ға оқуға түсіп, ең алғашқы дәріс профессор Ермек Өтебаев ағамыздікі болды. Жаңадан келген студенттермен таныса отырып, кезек маған келгенде, қай ауданнан келгенімді сұрады, мен «Қашырданмын» деп жауап қаттым. Сонда профессор: «Қашыр дегеніміз не екенін білесің бе? Ол - есектің ұрғашысы» деді. Аудитория толған студент, жерге кірерге тесік таппадым, жүрекке қадалған тікен болды.

Қаншама жылдар өтті, тәуелсіздік жылдарының басында аудан орталығында ат төбеліндей ғана қазақ болды, итжығыс уақыт, әйтеуір әупірімдеп жүріп өзге ұлт өкілдерінің жауырынын жерге тигізіп, орталықты Тереңкөл деп атағанда қуанбаған қазақ қалмаған шығар, сірә?!

Ендігі кезек аудан атауында.

Кейбір деректерге қарағанда 1789 жылы Песчан және Талқала елді мекендерінің арасында орыс-казак жауынгерлерінің тұрағы, кейін орыс-казак ауылы бой көтерген. Ол сол кездері Қашыр деп аталған.

Қашыр сөзі – есектің ұрғашысы, бие мен есек айғырының шағылы-суынан туған мал деген мағынаны білдіреді.

Туған жеріңді осылай атауға аузың да күнде бара бермейді.

Бұрынғы Тереңкөл болысының ең бірінші жер көлемі өте үлкен болған және оған: Қашыр, Железин, Павлодар ауданының жерлері қараған.

1921 жылы Павлодар уезі Омбы губерниясы қатарынан шығарылып, Семей губерниясы құрамына берілген, оның қатарында Тереңкөл орталығымен Тереңкөл болысы да енген. Ал 1923 жылы ҚазАСРО орталығының қаулысымен Майкөл және Мұздыкөл болыстары Тереңкөл болысына қосылып, орталығы Тереңкөл болып айқындалған. 1930 жылы Павлодар округі таратылып, Тереңкөл ауданы Максим Горький ауданына қосылған екен.

Болыстық билеу заманында №1 ауыл Қызылтаң ауылы болған, ал Тереңкөл болысының «шаңырағы, темірқазығы» - бүгінгі Тереңкөл ауылы. Ықылым заманнан Тереңкөл болысы, кейін ең алғаш Тереңкөл ауданы деп аталған бүгінгі Качир ауданына «Тереңкөл» атауын қайтарған жөн деп білемін.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев іссапармен келгенде, «Қашыр» атауына көңілі толма-ғанын айта кеткен де жөн. Бұл туралы республикамызға танымал журналист Фарида Бықай апамыз өзінің «Қашыр қалай Тереңкөл атанды?» («Егемен Қазақстан» газеті, 4 шілде 2009 жыл) мақаласында жазған болатын.

Елбасының «Болашаққа бағ-дар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының бір мақсаты туған жеріміздің әрбір сайы мен қырқасын, өзені мен жер атауының төркінін, ел қорғаған батырларымыздың, елге пана болған арыстарымыздың есімдерін жас ұрпаққа таныту, өшкенімізді қайта тұтандырып, келсәп болып, дархан халықтың арасына кіріп, тіл күрмелткен өзге атаулардан құтылу, тарихымызды жаңарту, ұлтымызға тән, жұдырықтай жүрегімізден шыққан ыстық қан он екі мүшемізге тарап, көпті көрген, шыдаған қазақтың «алып жүрегі» мынау бабаңнан қалған қасиетті мекен, атауы да соған сай деп болашақ ұрпақпен бірге қуансын, мәңгілік болсын.

Туған жеріміздің байырғы атауларын қайтару - көптің ісі. Өйткені елді мекендер, жер-су атаулары – тәуелсіз еліміздің бір белгісі, ұлттық нышаны, тарихымыздың бір бөлшегі.

Ағайын-жерлестер аудан орталығы атауын «Тереңкөл» деп өзгертейік деген бастамамды қолдайды деген сенімдемін!

Ербол ҚАЙЫРОВ.

saryarka-samaly.kz