«Ертіс» Вячеслав Грозныйдың басшылығымен үш ойын өткізді. Алғашқы екі кездесу тең нәтижемен аяқталды. Соңғысы – жеңіліс. Қысқасы, жаңа бапкер келгелі павлодарлықтардың ойыны жүрер емес. Димитардың айы өтті... Болгариялық бапкер кеткелі жеңіс те, ұпай да көзден бұлбұл ұшты. Құдды, Димитар команданың ойынын өзімен бірге алып кеткендей...

26-турдағы «Ертіс» пен «Тобыл» арасындағы ойынның маңызы жоғары еді. Екі клуб үшін де, жанкүйерлер үшін де. Себебі бұл – турнирлік кестеде «көрші» тұрған ұжымдардың дербиі. Қай жеңгенінің келер жылы Еуропа лигасында ойнау мүмкіндігі арта түспек. Өкінішке қарай, «Ертіс» өз мүмкіндігін жіберіп алды. Әрине, жоғалған ештеңе жоқ. Бірақ алдағы ойындарда «Тобылдың» да ұпайдан шашау шығармауға тырысатынын ескерсек, «Ертіске» қиын болмақ. Осы ойынға дейін төртінші сатыда тұрған «Ертіс» өз орнын «Тобылға» босатып берді.

Орталық стадиондағы ойынды Қазақстан кәсіби футбол лигасы арқылы ұйымдастырылатын тікелей эфирден тамашаладық. «Ертістің» ойынынан бұрынғы жинақылықты көрмедік.

Ойындағы есепті бірінші болып қонақтар ашты. Бірінші таймның аяқталуына         5 минут қалғанда Алексей Щеткин Давид Лория қақпасын дәл көздеді. Үзілістен кейін алаң иелері таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, сәттілік жетіспеді. Тек, 73-ші минутта ғана таразы басы теңесті. Онда да Ника
Квекверскири өз қақпасына гол соғып алды. Осы бір қателігін түзетуге асыққан грузиялық легионер Квекерскири жеңісті жұлып алуға барын салды. Ақыры діттеген мақсатына жетті де. Фернандо Кассайдың басына допты салып берген осы ойыншы болатын.

Осылайша, «Тобыл» биыл «Ертісті» екінші рет ұтып, турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.

Ал павлодарлықтардың жеңістің дәмін сезіп көрмегеніне бір ай болды.

Мына түрімен Вячеслав Грозный командада ұзақ тұрақтамайтын секілді...

Фархат ӘМІРЕНОВ, Астана қаласы.

saryarka-samaly.kz