Естай атындағы мәдениет сарайынан жарыс жолына шыққан спортшылар Ленин, Ак.Сәтбаев, Бекқожин, Кутузов көшелері, одан әрі қалалық әуежай мен Ак.Шөкин көшесі арқылы белгіленген 30 шақырымдық қашықтықты бағындырып, өзен вокзалында мәре сызығын кесті. Салауатты өмір салтын ұстанғандар
10 шақырымды жаяу жүгіріп өтсе, қалған 20 шақырымды велосипедпен өткерді.

Жарысқа спортшылар, дәрігерлер мен мұғалімдер, мектеп оқушылары мен студенттер және тағы басқа сала қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ игі шараға атсалысуға өңірдегі кейбір аудандар мен ауылдардан да спорт сүйер қауым келген. Жарыс жолына шыққандардың арасында облыс әкімі Болат Бақауов пен Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов болды. Жарыс нәтижесінде           20 жастағы Валерий Долгошей мәре сызығын бірінші болып кесті.                         Ол 30 шақырымдық жолды 1 сағат 10 минут 35 секунд ішінде бағындырған.

Өңір басшысы Болат Бақауов барлық павлодарлықтарды, әсіресе, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды. «Жуық арада ауа райы қолайлы болса, велоспортшылар мен ардагерлер арасында Павлодар қаласынан Тереңкөл ауылына дейін 100 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтуді жоспарлаудамыз»,         деді Б.Бақауов.

Сондай-ақ ол бүгінде тұрғындардың спортпен толыққанды айналысуға мүмкіндіктері бар екендігін, алдағы уақытта спорттық орындарды жетілдіру мен дамыту жұмыстары қолға алынатынына тоқталып өтті.

- Спортпен айналысуға күнделікті жұмыстан уақыт таба алмай жататынымыз жасырын емес. Бірақ ниеттенген адамға тығырықтан шығатын жол табылады деп ойлаймын. Өз басым осы сайысқа қатысуға алдын ала дайындалдым. Бүгінгі жарыс спортшыларға оңайға түскен жоқ. Әсіресе, велосипедпен жүру барысында қарсы бағыттан соққан жел кедергісін келтірді. Соған қарамай, жарыста 5-орынға табан тіредім. Павлодарлықтардың барлығын дене тәрбиесімен айналысуға шақырамын, - дейді Павлодар мұнай-химия зауытының қызметкері Әлібек Мусин.

Шара барысында өзен вокзалы маңында ән әуелеп, күй күмбірлеп, спорттық флеш-мобтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жиналғандарға дәрігерлер дұрыс тамақтану мен күн тәртібін сақтау туралы арнайы кеңестер беріп, медициналық қызметтер ұсынды.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz