«Жаман бала» деген лақап аты бар Брэндон Кук жекпе-жек алдында Астанаға тек жеңіс үшін келгенін айтқан-ды. Бірақ оның сөзі мен ісі сәйкеспеді. Тартысты жекпе-жектің бірінші раундынан бастап Қанат Ислам тізгінді өз қолына алып, қарсыласына соққы жаудырумен болды. Ширақ қимылдап, жойқын соққыларын дөп тигізген жерлесіміз кездесудің үшінші раундында канадалық боксшыны нокдаунға жіберді. Сәт санап басымдығын арттыра түскен Қанат бесінші раундта да қарсыласын есеңгіретті. Сегізінші раундта канадалық боксшы үшінші рет нокдаунға түсті. Кездесудің аяқталуына үш раунд қалғанда Қ.Ислам басымдығын үдете түсті. Б.Куктың қарсыласатындай дәрмені қалмап еді. Мұны байқаған рингтегі төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша әлемге «Qazaq» деген атпен танылып жүрген Қанат кәсіпқой бокстағы 25 кездесуін де жеңіспен аяқтады. Осылайша ол орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Жекпе-жектен кейін берген сұхбатында Қ.Ислам бұл жеңіс Қазақ елінің жеңісі екенін атап өтті.

- Бұл жеңіс - Тәуелсіз елдің жеңісі! Бұл ынтымақ пен бірліктің жеңісі! Әлем алдында ұлтымыздың абыройы асқақтай берсін! Көк ту желбіресін! Сол жолда жұмылған жұдырықтай жұмыс жасауды жазсын! – деді боксшы.

Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен Қ.Ислам мен Б.Кук кездесуі бокс кешінің басты жекпе-жегі болды. Ал андеркартта өнер көрсеткен қазақстандық боксшылардың барлығы жеңіске жеткенін ерекше атап өткен жөн. Жерлестерін жеңісімен қуантқандардың қатарында кәсіпқой боксшылар Мейірім Нұрсұлтанов, Димаш Ниязов, Айдос Ербосынұлы, Әли Ахметов, Нұрсұлтан Жаңабаев, Жәнібек Әлімханұлы, Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев бар.

Данияр Жұмаділ

saryarka-samaly.kz