Осыны ескерген облыстың денсаулық сақтау саласының мамандары жұмыстарын мүгедектіктің алдын алуға жұмылдыруда. Құзырлы органның мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде облыста мүгедектікке жетелейтін сырқаттар ішінде қан айналымы жүйесі аурулары бірінші орында тұр. Одан кейін қатерлі ісік және түрлі жарақаттар тұрғындардың мүмкіндігін шектеуде. Осы ретте аймақтың ақ желеңділері ауруларды ерте анықтау және емдеуге күш салуда.

Облыстық денсаулық сақтау басқар-масы басшысының орынбасары Салтанат Төлегенованың айтуынша, ауруларды ерте анықтауда 2009 жылдан басталған скринингтік шаралар септігін тигізуде. Алғашында үш сырқат бойынша скринингтік тексерулер жүргізілсе, бүгінде оның қатары 11-ге жеткізілді. Жыл сайын
270 мыңға жуық тұрғын тексеріледі. Олардың 10 пайызға жуығында аурулар анықталып отыр. Биылдың өзінде 7 ай ішінде жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қант диабеті және глаукома сырқаттарының алдын алу мақсатында 150 мыңға жуық адам тексеріліп, олардың екі мыңнан астамында әртүрлі өзгерістер анықталса, 2129 азамат диспансерлік есепке алынды. Ісікке дейінгі өзгерістерді ерте ескерту үшін тағы да жетпіс мың адам тексеруден өткен. 2575 адамда патология бары белгілі болса, 2274 адам есепке алынды. Дәл осы скринингтік тексерулердің ауқымын арттыру үшін ұйымдарда амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін скринингтік кабинеттер ашылыпты.

- Жыл басынан бері облысымыздың емханаларында «диспансерлік кабинеттер» аштық. Жаңа бастама тұрғындардың денсаулығын, сақтауды, нығайтуды, аурудың асқынуының алдын алуды көздейді. Сондай-ақ науқастың өмір сүру сапасын жақсарту да мақсат етілген. Жеті ай ішінде диспансерде тұрған он бес мыңға жуық адам осы кабинеттер арқылы тексерілді. Мұндай өзгеріс салалық мамандарға баруды азайтты, сәйкесінше, дәрігерге кезек күтуді 7 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді, - дейді Салтанат Шәйкенқызы.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мүгедектікке жетелейтін сырқаттар бойынша алдыңғы орындағыларымен күрес жыл сайын күшейіп келеді. Мәселен, қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу мақсатында білдей бір кардио-хирургиялық кластер құрылды. Аталмыш кластер аймағымызда кардиологиялық қызмет жұмысын үйлестіріп, жүректің түрлі сырқаттарын дер кезінде диагностикалап, алыстан емес, өз өңірімізде ем-домын алу мүмкіндігін туғызды. Бүгінде ересектер мен балалардың жүрегіне операцияның 50 түрі жасалады. Орталық ашылған жылдан бері төрт мыңнан астам азаматқа ота жасалды. Оның ішінде 112 баланы аман алып қалу қолдан келді. Аты жаман ауру онкологиялық дертті де ерте анықтауға айрықша назар аударылуда. Өйткені бұл сырқаттың салдары ауыр.

С.Төлегенованың айтуынша, мүгедектікке апарып соғатын жарақаттарды азайту жағына да көңіл бөлінуде. Себебі оқыс оқиғалар, жол апаты сынды кенеттен кездесетін жайттар көп жағдайда тұрғындарды мүгедек етіп жатады. Бұл ретте дер кезінде көрсетілген медициналық көмек кейде ауыр салдардың бетін қайтаруға қауқарлы. Сондықтан ақ желеңділер жедел жәрдем бағытын жетілдіруді жөн санайды. Сондай-ақ, ауыр жарақаттан кейін қалпына келтіру шаралары жүйелі жасалса, науқастың аяқтан тұрып кетуіне, сырқатынан айығуына айтарлықтай оң әсер ететіні анық. Осыны ескерген облыстың дәрігерлері ауруханаларда қалпына келтіре емдеу орындарын ашты. Жалпы облыста он медициналық мекемеде мұндай қалпына келтіру-медициналық оңалту бағытындағы 125 орын қарастырылып отыр.

Науқастарды оңалту жұмыстары да үзілмейді, дейді С.Төлегенова. Айтуынша, биыл 210 азамат осындай ем алған. Былтыр Май ауданында ашылған облыстық оңалту орталығының маңызын да атап өткен жөн.

Дегенмен ақ желеңділер тұрғындардың өздерін де барынша абай болуға шақырады. Себебі сақтық шараларын естен шығарудың салдарынан желкілдеп тұрған шақтарында талай жас өмір бойы мүгедек болып қалуда. Мәселен, Павлодар қалалық №1 қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің мамандары соңғы уақытта биіктіктен секіріп, мойын омыртқасын зақымдау деректері жиілеп кеткеніне алаңдаулы. Әсіресе жаз айларында суға сүңгимін деп осындай жайсыздықтарға жолыққандар көбейген. Жалпы омыртқа зақымын алғандар қатары жалпы жарақаттардың 18 пайызын құрап отыр. Оған қоса, облыстың штаттан тыс бас нейрохирургі Рашид Дүйсенбаевтың айтуына қарағанда мұндай жарақаттарға көбінде 17-35 жас аралығындағы тұрғындар
душар болуда. Ал ем-дом алғанның өзінде де дәл осы омыртқа жарақаттарынан мүгедектікке жетелеу көрсеткіші жоғары. Тіпті, 50-70 пайызға дейін жететін көрінеді. Мұндай сүреңсіз статистика медициналық-әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, өңіріміз үшін экономикалық жағынан да алаңдайтын жайт болып отыр.

Жоғарыда тізбектеп өткен барлық іс-шаралардың бір ғана көздегені бар. Ол – адамдарды сырқаттар мен жарақаттардың ауыр салдарынан арашалау. Яғни, ауруды асқындырмай, алдын алса, айықпас дертті маңыңызға да жолатпауға әбден болады. Оған қоса әркім қадамын аңдап басып, әрдайым сақ жүргені жөн.

saryarka-samaly.kz