Таңқалдырған, тамсандырған мегажоба

Жексенбі, 10 қыркүйек күні барша Қазақстан жұртшылығы, аталмыш көрмеге қатысушы елдер ауқымды шараның жабылуына орай өткен шараға көз тікті. Бұл бір аламан шараның сәтті өтуіне орай тұтас елдің бөркін аспанға лақтырып қуанғанындай әсер қалдырды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жабылу салтанатына елмен бірге Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да қатысты.

Дүйім дүние көз тіккен Қазақстандағы көрменің нәтижелері ЭКСПО-2017 көрмесінің қағидалары мен құндылықтары атты манифесте жарияланды. Яғни пікірлер мен ұсыныстар құжат түрінде бекіді. Орнықты болашақты қалай құрамыз? Қоршаған орта мәселелеріне деген көзқарасты қалай өзгертеміз? Осы және өзге де жаһандық энергетика мәселелеріне қатысты ғалымдар ойы қандай?

Жабылу салтанатында құжатты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария етті:

- Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің жоғарғы деңгейде әрі табыспен өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Елорда 3 ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан ЭКСПО шағын қалашығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның танымалдылығы мен туристер үшін танымдылығын арттырды. Елімізге келген меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсете алдық. Біз болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. ЭКСПО-2017 көрмесін 4 млн. адам аралап көрді. Олардың
3/2 бөлігі жастар мен оқушылар еді. Баршаның назарын аударған Елордаға күн сайын 40-50 мың адам келіп тұрды. Көрмені 180 мемлекеттен жарты миллион адам тамашалады. Яғни әрбір алтыншы қонақ шетелдік екенін атап өткім келеді. ЭКСПО-ның ең танымал орталығы «Нұр Әлем» болды. Көрме басталғалы бері бұл павильонға 1 млн. 300 мың адам кіріп-шықты. Дүние жүзі көрген ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді. Осымен халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-ны жабық деп жариялаймын. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты. Ең алдымен Қазақстан халқына шын ризашылығымды білдіремін! Баршаңызға Қазақ жеріндегі шараға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын! Еліміз осындай шыңдарды ала беретін болсын! Жасасын, Қазақстан!

Көрменің жабылу салтанатын тамаша-лаушыларға арнайы мамандар әзірлеген шоу-бағдарлама ұсынылды. Алғаш рет театрландырылған шоуға 2 232 адам қатысқанын айтып өтелік. Олардың қатарында ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы мемлекеттердің өкілдері мен еріктілер де болды. Күрделі инженерлік, көркемдік және қойылымдық көріністер қолданылған ауқымды Hi-Light Show жарықтық иллюзиялар, графикалық проекциялар мен шынайылықты бір арнаға тоғыстырады. Әуе гимнасттары қозғалысымен бірге әуеде түрлі жазықтықта қалқыған көп тонналы декорациялар және үнемі кейіптенетін сахна көрме қонақтарына фантастикалық болашақ әлеміне сапар жасауға мүмкіндік берді. Жабылу салтанатының бас продюсері Борислав Володин іс-шараның негізгі идеясы ретінде ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған энергетика және технология саласындағы әзірлемелер алынғанын атап өтті.

Үш ай бойы жұмыс істеген көрменің жабылу күнінде келушілер қарасы көп болды. Сондықтан барлық есіктер айқара ашып, павильондар, мейрамханалар келушілерге сағат 02.30-ға дейін талмай қызмет көрсетті. Бұл үлкен бір жеңісті тұтас бір ел болып атап өтудің көрінісі болғаны анық.

Жалпы, ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын Қазақстанның қашан, қалай жеңіп алғаны көптің есінде болар. 2012 жылдың 22 қаңтарында елге сүйінші хабар тарады: Парижде өткен Халықаралық Көрмелер бюросы отырысында мүше елдердің басым дауыс беруі нәтижесінде Астананы 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізетін ел ретінде таныды. Екі үміткердің бірі Бельгияның Льеж қаласы бола-тұғын. Бірақ Астананың бағы басым екен. Содан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баса мән беруімен елде алып көрмені өткізуге деген үлкен дайындық жұмыстары басталды. Жоба-жоспар, эскиздер анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл ретте қандай қиындықтар кездессе де ел болып жеңіп келдік. Бүкіл ел жұмылып осы бір көрмені өткізу үшін бірікті. Ел деген осындай болар.

Біз бұл көрмені тектен-тек қолға алмаған едік.

Бұл, Елбасы айтқандай, Қазақстанды әлемге жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік беретін қадам екенін түйсіндік.

Сөйттік те, соңғы бір ай ішінде тақым қыстық та отырдық, сәтті өтуін тіледік, сүрінбеуді сұрадық.

Қазақ бұндайда «Алла тілеуімізді берді» деп біледі. Расында, берді.

Ресми жабылу салтанатында «Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО халықаралық көрмесінің туын Халықаралық Көрмелер Бюросының президенті Стин Кристенсенге табыс етті. Бұл айтулы шараның Қазақстанда өтуі аяқталды деген нышанды білдірді.

Болжамның бәрі еке есеге орындалды

Бірнеше күн бұрын БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Хабибуллаұлы Пірметов күткен нәтижелерге қол жеткенін қуанышпен хабарлады.

Алдымен, бұл көрмеге қатысушылардың көптігін айтуға болады. Әуелде қатысушы мемлекеттер саны 100-ге жетсе деген жоспар болған, іс жүзінде ол     115-ті құрады. Жасыл технологиялар саласындағы табыстарын көрсетуге            10 халықаралық компания қатысуы мүмкін деген болжам жасалса, ондай қатысушылардың нақты саны 22-ге жетті. Шетелдік мемлекеттердің павильондары халыққа қалай қызмет еткенін келуші көпшілік өздері бағалады. Иә, 100-ден астам ұлт пен елдің мәдениеті, табыстары назарға ұсынылды.

Есеп бойынша халықаралық көрменің жабылуына 1 күн қалғанда, яғни                  9 қыркүйекте келушілер саны 3 млн. 800 мыңнан асқаны хабарланды. О баста ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілер саны 2 млн. адамға жуықтайды деген болжам жасалған. Бұл көрсеткіш 2 еседен артық мөлшерде орындалды.

Астана көрмесінің ерекшелігі оның тақырыбында болғаны анық. Бүгінде жасыл технологияларды игеруге баса мән берілуде. Адамзат онсыз дами алмайды. Жапонияның өзі 2010 жылғы атом-электр станциясының істен шығып, дүлей апатқа тап болғаннан соң жасыл технологияны дамытуға назар аударып жатқанын павильон келушілеріне айтқанын құлағымыз естіген.

Ұзын саны 4 млн.-ға жетеғабыл келуші-лердің 15 пайыздан астамын шетелдіктер құраған. Барлығы 600 мыңдай адам келген. Әсіресе, іргедегі Ресей (162), Қытай (50), Еуропадағы Германия (77) елдерінің азаматтары белсенділік танытқан деген дерек келтірілді брифинг барысында. Қолдаушылар қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан секілді Орта Азия мемлекеттері де бар.

Қазақстан посткеңестік елдер арасында ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізген тұңғыш ел ретінде тарихқа кірді.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің табысты өткенін Халықаралық Көрмелер Бюросының Бас Хатшысының орынбасары Дмитрий Керкентзес те айрықша атады. Айта кетелік, қыркүйек айының басында Халықаралық Көрмелер Бюросының қазылар алқасы мүшелері қатысушы елдердің павильондарын аралап көріп, бағалаған болатын. Жабылу салтанаты аясында бір күн бұрын бұл сайыстың нәтижесі жарияланды.

Дәстүр бойынша, ХКБ ұйымдар, адамдар мен қатысушы елдердің павильондарын – ЭКСПО-2017 атты ғаламат әрі бірегей шараны жүзеге асыруға атсалысқаны үшін медальдармен марапаттады. Алғаш болып Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ЭКСПО-2017 Көрмесін өткізуге үлес қосқаны мен жемісті нәтижесі үшін «алтын медаль» берілді. Екінші «алтын медаль» ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қатысушыларына ұйымдасқан түрде міндеттерді орындағандары және осы шараның сәтті өтуіне қолдау көрсеткендері үшін табысталды.

Көрменің барлық қатысушыларына үздіксіз көмек пен қолдау көрсеткені, компанияның барлық қызметкерлерінің қажырлы еңбегі және жоғары дәрежедегі кәсіпқойлықты танытқаны үшін «Астана «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов марапатталды. Екінші «ХКБ абырой медалі» Астана қаласына ЭКСПО-2017 Көрмесін стратегиялық жоспар әрі күнделікті қала өмірімен біріктіре алғаны үшін табысталды.

Сонымен қатар ХКБ алғашқы сертификаты Көрменің ұйымдастырылуында ерекше орынға ие, іс-шараның тірегіне айналған әрі ынтымақтастық пен ниеттестік рухын асқақтағандары үшін ЭКСПО-2017 еріктілеріне берілді. Көрменің құндылығы мен маңыздылығы жайында күллі әлемге жар салған қоғаммен байланыс қызметкерлері де құрметке бөленді.

Сондай-ақ 9 сарапшыдан құралған халықаралық қазылар алқасы ЭКСПО-2017-ге қатысушы елдердің павильондары арасынан жеңімпаздарды таңдап алды. Марапаттар көрменің дизайны және көрме тақырыбының ашылуы секілді екі номинация бойынша белгіленді.

Сонымен бірге, ЭКСПО-2017 «Ғарыш» ХКБ Сыйлығы Лесото Ұлттық Университетіне табысталды. Айта кетсек, Халықаралық Көрмелер Бюросы және «ЭКСПО-90» Қоры әрі Астана ЭКСПО-2017 бірлесіп табыстаған «Ғарыш» сыйлығы биыл ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақ Энергиясы» тақырыбы аясында жұмыс істеп жүрген азаматтық және топтық бастамалардың коммерциялық емес жобаларын ынталандыруға арналды.

Айта кетелік, көрме үздіктерін анықтау, марапаттау - 1851 жылы Лондонда өткен алғашқы Бүкіләлемдік Көрмеден бастап дәстүрге айналған рәсім.

ЭКСПО атақ қана емес

Жалпы, ЭКСПО көрмесі біздің елге атақ-абырой әперумен қатар, жаңашыл жобаларды енгізуге де әжептәуір септігін тигізеді. Айта кетелік, Қазақстанда баламалы энергетика үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді көздейтін ұзақ мерзімді бағдарлама қабылданған. Халықаралық көрмелер аясында әртүрлі елдер мен корпоративтік мекемелер тарапынан 150-ге жуық жобалар ұсынылды. Мемлекет басшысы солардың бәрін зерттеп, біздің елдің жағдайына қолайлысын таңдап алуды тапсырды. Жақында бұл тапсырманың орындалуы жөнінен елдің Энергетика министрлігі есеп береді.

ЭКСПО көрмесінің нысандарын салуға 1 млрд. 300 млн. АҚШ доллары жұмсалғаны белгілі. Қыруар сомаға салынған нысандар көрмеден соң қалай пайдаланылады деген сұрақ әуел бастан туындаған. Бұл мәселе ендігі жерде шешімін тапқан. Айталық, көрменің символы – «Нұр Әлем» нысаны «Болашақ музейі» ретінде жұмысын жалғастырады. Сондай-ақ, 2 тақырыптық павильон қызметін тоқтатпайды. Қалған нысандар бойынша пайдалану тұжырымдамалары әзірленген. «Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов айтқандай, нысандар бюджеттік негізде қолданылмайтын болады. Мәселен, көрме нысанында Астана халықаралық қаржы орталығы қоныс тебеді. Осындай басқа да жобалар бар. Бұған дейін компания өкілдері ЭКСПО үшін тұрғызылған тұрғын үй кешендері несиелік жүйемен кезектегі азаматтарға үлестірілетін болады деп мәлімдеген еді. Жалпы, ЭКСПО көрмесін өткізуден түскен табыс туралы қыркүйектің ортасында Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов мырза мәлімдейді деп күтілуде.

Қазірде көптеген сарапшылар Астанада өткен ЭКСПО көрмесі күткен үмітті ақтағанын айтуда. Мәселен, биыл Қазақстан әлемдегі туристер жиі баратын елдердің қатарына қосылды. Бұл жерде өз елімізде көрменің шағын және орта бизнеске, қызмет көрсету саласына қандай оң өзгеріс әкелгенін бәріміз білеміз.

Ендігі жерде Астана ЭКСПО-2017 көрмесі тарихқа жол тартты. Келесі жолғы мамандандырылған халықаралық көрме 2020 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтеді.

Осылайша, әлем аренасында өз орнын иеленген Астана ЭКСПО көрмесі тәмамдалды. Бұл да жас Қазақстан үшін жаңаша бір қырынан танылған мегажоба іспетті. Ел болып мұны да сәтті атқарып шықтық. Халықаралық көрменің өтуі қазақстандықтардың, соның ішінде өскелең жастардың есінде қалып, олардың озық технологияға деген ынталарын арттырады деп сенеміз.

Өз кезегінде облыстық «Сарыарқа самалы» газеті 2016 жылдың қараша айында көрме нысандарының бой көтеруі туралы құрылыс алаңынан тікелей мақалалар беруден бастап, 2017 жылдың 10 маусымында өткен ашылу салтанатынан хабар таратты. Енді міне, 10 қыркүйектегі айтулы шараның аяқталуын Астанадан бақылап, егжей-тегжейлі ақпараттар ұсынды. Осылайша, аймақтық газет ел үшін орны бөлек көрменің насихатталуына өзіндік үлесін қосты деп біліңіздер. Мұның бәрі - тәуелсіздіктің нәтижесінде іске асқан жобалар, жетістіктер. Лайым елімізді осындай биіктен көруді жазсын!

Астана қаласы

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz