Форумда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Бүкіл-польшалық шаруашылық палатасының өкілі Тадеуш Намедынски «Павлодар аумағында «Агроқала» бағдарламасын іске асыру» туралы меморандумға қол қойды.

Аталған меморандум өңірдегі агробизнестің дамуына тың серпіліс әкелмек. Себебі қол қойылған құжаттың ауқымы кең. Әсіресе, польшалық серіктестер өңірдегі картоп, қызылша секілді көкөніс өнімдерінен қант пен картоп крахмалын өндіруге қызығушылық танытып отыр.

Аймақ басшысы Болат Бақауов Таудеш Намедынскиді өңірдегі бірқатар шаруашылықтарға апарып, таныстырды. Атап айтсақ, шетелдік серіктестер Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылындағы «Тимур» шаруа қожалығында болды. Картоп пен сәбіз өсіретін шаруашылықтың сапалы өніміне польшалық мейман жоғары баға берді.

Облыс әкімі болашақта қант қызылшасы мен картоп крахмалын өндіретін зауыт салынса, кәсіпорынды сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуге біздің өңірдің толық мүмкіндігі бар екендігін айтты.

Сондай-ақ, Т.Намедынски «Павлодар жылыжай комбинатында» да болды.

- Сіздерде ауыл шаруашылығы саласын қарыштап дамытып, әлемдік деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Бастысы - жерлеріңіз кең. Табиғи өнімдеріңізге көңілім толды. Аталған саланы дамыту үшін әрине білікті мамандар керек. Сондықтан осы келіссөз арқылы ең алдымен Польша мен Павлодардың оқу орындарының базасында ауыл шаруашылығына қажетті білікті жас мамандар дайындалатын болады. Аталған меморандум екі ел үшін де маңызды деп ойлаймын, - дейді Тадеуш Намедынски.

Айта кетерлігі, соңғы 10 жылда Польша Қазақстанға 200 млн. доллар шамасында инвестиция салған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасындағы тауар айналымы 783 млн. долларды құрайды.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz