Биыл көктемде облыс әкімі аталған ауданға сапармен барғанда бірқатар мәселеге назар аударған болатын. Соның бірі – астықты дер кезінде жинап алу. Ойланып қарасақ, егінді уақытылы себеміз. Бірақ жиын-терім науқаны қара күзге дейін созылып кетеді. Астықтың жиналмай, қар астында қалып жататын кездері де болады. Осы мәселені ескере отырып, облыс әкімі жаңа жүйемен жұмыс істейтін МТС құруды тапсырған. Тапсырма орындалды. Аудандағы 13 шағын шаруа қожалығы бір кооперативке бірігіп, МТС құрды. Оған «Ертіс-2017» деген атау берген. Аталмыш ұйым мүшелері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 5 жаңа әрі заманауи комбайн сатып алған. Жаңа құрылған кооператив төра-ғасы Жеңіс Қанапияновтың айтуынша, станция құрамына егістік алқабы 1 мың гектарға дейінгі шағын шаруа қожалықтары енген.

- Қазіргі кезде МТС мүшелерінде жалпы көлемі 4 700 гектар алқапта бидай егілген. Жаңа комбайндардың арқасында оны уақытынан бұрын жинап бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Кейін аудандағы өзге де шаруашылықтарға көмектесеміз. Бұл комбайндарды 9 жылға несиеге алдық. Осы аралықта тхеникалар өзін толық ақтап шығатынына сенімдіміз, - дейді кооператив төрағасы.

МТС құрылтайшылары жаңа бастаманың игілігін көріп, ризалық танытуда. Олар бұған дейін тозығы жеткен «Нива» комбайндарымен жұмыс істеген. Ал «Гомельмаш» компаниясынан сатып алынған комбайндар ескіге қарағанда астықты 3-4 есе көп жинайды. Әр жаңа комбайн бір науқанда кемінде 700 гектар жердің астығын оруға қауқарлы.

- Бар мәселеміз комбайн тапшылығында еді. Соның салдарынан жыл сайын азын-аулақ егініміздің өзін соңына дейін жинай алмай, қардың астында қалып қойып жататын. Еңбегіміз зая кететін. Биыл қуанышты жағдай болып отыр. МТС-тың құрылуымен мәселеміз оң шешілді. Келесі жылы егістік алқабын арттыруды жоспарлап отырмыз. Биыл егіннің шығымдылығы да жақсы, - дейді «Арман» ШҚ басшысы Арман Қабиев.

Шаруалармен жүздескен аймақ басшысы келер жылдан бастап облыстың басқа да аудандарына МТС құру мәселесін қолға алуды тапсырды. Ерте қамданбаса болмайды. Себебі МТС құрып, техника алудың өзіне жарты жылдай уақыт кететін көрінеді.

- Облыс аумағында бір МТС құру үшін көп жұмыс атқарылды. Кепілзат сияқты бірқатар мәселелер туындады. Тіпті ҚР Ауыл шаруашылығы министрінен қолдау сұрадық. Үмітіміз ақталып, мәселе оң шешілді. Ертіс ауданында алғашқы болып құрылып отыр. Бұған көп үміт артылуда. Қазірдің өзінде шаруалар оның тиімділігін айтуда. Бұл тәжірибені облыстың басқа да аймақтарында енгізуге тырысамыз. Тіпті, респуб-лика көлемінде танытуға болады. Жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Көңілге қонымды, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы станцияға жылжымалы астық кептіретін құрылғы алуға кеңес берді. Уақыт жоғалтпай, тиісті жұмыстар атқарылуы тиіс. Болат Жұмабекұлы шаруашылық өкілдеріне уақытты жоғалтпай, тәулік бойы астық ору үшін екінші ауысымды жұмысқа шығаруды тапсырды.

Облыс әкімінің айтуынша, шаруалар бидаймен ғана шектелмей, зығыр, жасымық егуді қолға алғаны жөн. Бүгінде бұл өнімдерге деген сұраныс жоғары. Ал бастапқы бетте, қолдау шарасы ретінде жасымық тұқымының 50 пайызы субсидияланбақ. Оны сатуға да көмек көрсетіледі.

Ауданға жұмыс сапары барысында аймақ басшысы жалпы жиын-терім науқанының барысымен танысып, тірек ауылдарға ат басын бұрды. Ертіс ауылында арнайы жиын өткізіп, ауданның 2019 жылға дейінгі кешенді даму жоспарымен танысты. Бұл бағытта бірқатар ұсыныстар жасады. Ертіс ауданының елді мекендерін дамыту, көріктендіру, ауызсумен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту бағытында көптеген ілкімді жобалар жоспарланған. Олардың басым бөлігі облыс әкімі тарапынан қолдау тапты. Алайда аймақ басшысы жобаларды жүзеге асырар алдында қаржылай шығындарын тиісті деңгейде ойлас-тырып, оңтайландырған жөн екенін атап өтті. Себебі кейбір шығындар негізсіз ұлғайтылған. Мысалы, тірек ауылдар санатына жататын Ағашорын елді мекенінде ескі мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бірақ оған жұмсалатын қаржыға жаңа мәдениет үйін салған тиімдірек.

- Өкінішке қарай, бізде құрылыс материалдары қымбат. Бұл өз кезегінде сметалық құжаттарға әсер етеді. Қандай да бір нысанның құрылысын немесе жөндеу
жұмысын жоспарлаған кезде оның құнының шарықтап кететіні де сондықтан, - деді аймақ басшысы.

Ертіс ауданының әкімі Серік Батырғожиновтің айтуынша, аудандағы үш тірек ауылды дамытуға 300 млн. теңге қажет. Ал аудан орталығын көріктендіру жұмыстарына алдағы екі жылда 2,3 млрд. теңге қаржы тарту көзделген. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды мейлінше қолдауға тырысатынын жеткізді. Тек шығындар негізді болуы тиіс. Ол үшін әрбір жобалық-сметалық құжатты қайта қарап, қажетті қаржы көлемін оңтайландыру тапсырылды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz