Ербол ТІЛЕШОВ, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры:

- Жаңа әліпби қабылдау - бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, осыған дейінгі әліпбилерде кеткен емлеге қатысты қателіктерді дұрыстау. Сонымен қатар, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс. Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Әлемнің жетекші елдері қолданып жүрген әліпби Қазақстанға енгізілер болса, мақсатқа жету қиын болмақ. Сондықтан диграфтарды, яғни екі әріппен таңбаланатын дыбыс қолдану арқылы қазақтың төл дыбыстарын сақтап қалуға болады. Біз латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп, 25 дыбыс-тан тұратын әліпби нұсқаларын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатыны көрсетілді. Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылуы қиындық тудырмайды. Орыс тілінен енген ц, ф, х, в секілді әріптер де латын әліпбиінде қолданыс табады.

 

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Қазақ елі үшін үлкен бір өзгерістің басы басталды. ҚР Парламенті Мәжілісінде латын графикасының нұсқасы ұсынылды. Бұл маған ұнады. Ұсынылған соңғы нұсқа дүниежүзілік қолданысқа негізделіп алынған. Әсіресе таңбалардың ұзын сонарға салынбай, 25 таңбамен бекітілуі. Бұл негізі үйретуге де, оқуға да жеңіл. Мәселен, алдыңғы нұсқаларда қазақтың төл дыбыстарын таңбалау үшін екі үш ноқат қосымша қоятын. Ал жаңа әліпби нұсқасында дүниежүзілік қолданыста жүрген екі таңбаның қосындысымен белгіленеді. Яғни, артық таңбалар жоқ. Мұны қабылдауға болады. «Диграфтың қолданылуынан сөздеріміз шұбалаңқы түрде жазылады» деген пікірлер де айтылуда. Меніңше, керісінше қазақтың фонетикалық заңына сай дүние пайда болады деп ойлаймын. Бұл - әлемде бар қолданыс. Мысалы, латын әліпбиі қолданылатын кез келген елді қарасаңыздар, «ж» әрпін «zh» деген екі әріптің қосындысымен пайдаланады. Мынаны түсінуіміз керек, бұл әбден шешіліп болған жоба емес. Халық өз пікірін айтар.

 

Арман ҚАНИ, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры:

- Латын әліпбиінде таңбасы жоқ төл дыбыстарымызды қос әріптермен беру жазарманды да, оқырманды да шатастырады. Тіпті Кеңес үкіметі кезеңінде кириллицаны қолданысқа енгізерде онда жоқ қазақ дыбыстарын екі әріппен бермеген. О әрпіне ұқсатып, ө әрпін жасаған, у-ға ұқсатып ұ мен ү-ні, г-ге ұқсатып, ғ-ны, н-ға ұқсатып ң-ды, к-ге ұқсатып қ-әрпін жасаған. Яғни, кириллицада бар әріптерге сызықша, құйрықша қосып қазақ әріптерін жасаған. Демек, латында бар әріптерге осындай белгішелер қосып, қазақ әріптерін жасау дұрыс сияқты. 1929-1940 жылдар аралығында қолданылған латын әліпбиінің жасалу жолын теріске шығаруға болмайды.

 

«Алаңды» үйлестірген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz