Кодекстің басты жаңалығы – кедендік үдерістердің айтарлықтай қысқаруы мен олардың электронды түрге көшірілуі. Атап айтқанда, негізгі үш бағыт қарастырылмақ. Олар – электронды технологияларға берілер басымдық, растайтын құжаттарды сұрамау және тауардың автоматты шығарылуы. Яғни, жаңа кодекске сәйкес электронды технологиялар тауар түскеннен бастап оның нарыққа сатылымға шығарылуына дейінгі барлық бағытты қамтиды.

Қазіргі қолданыстағы кедендік декларация кезінде тауарды рәсімдеу үшін қосымша құжаттар талап етіледі. Ал электронды декларацияға көшкен соң тағы да құжаттар ұсынудың қажеті болмайды. Демек, кеден арқылы тауар тасымалдау жеңілдей түсіп, қағазбастылықтан арылтады. Осы мақсатта «Астана-1» ақпараттық жүйесі құрастырылды. Айта кетелік, электронды мағлұмдау жүйесін дамыту және тауардың импорты-экспорты үшін құжаттар тізімін қысқарту             «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 38-қадамында көрсетілген.

- Кеден Кодексіндегі тағы бір жаңашылдық – өкілетті экономикалық оператор мәртебесінің артуы. Нақты талаптарға сай келетін және кеден органдары тарапынан сенімге ие ұйымдар бұл мәртебені ала алады. Ал өз кезегінде экономикалық операторға жеңілдетілген кеден рәсімдерін пайдалануға жағдай жасалады. Олардың қатарында тауарды кеден декларациясын тапсырғанға дейін шығару, алдын ала кеден декларациясынан өткізу, қоймадағы тауарларға қатысты кеден операцияларын жүргізу және тағы басқалары бар, - деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының басшысы Тілектес Түсетаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Осылайша, жаңа Кеден кодексі отандық кәсіпкерлердің сыртқа өнім шығаруына мол мүмкіндік жасамақ. Тілектес Қалымұлының айтуынша, кедендік төлемдер бойынша түсім жоспарланған көрсеткіштен 79,5 млн. теңгеге артық орындалып, 79,5 млн. теңгені құрады. Жалпы биылғы алғашқы жартыжылдықта сыртқы сауда айналымы 60%-ға өсіп, 1 551 млн. АҚШ долларын құрады. Сыртқы сауда айналымының негізгі бөлігі, яғни 80%-ы - экспорт, ал 20%-ы – импорт.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz