Павлодар облысы – еліміздегі ең ірі өндірістік орталықтардың бірі. Бүгінде индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында өңірде 35 жоба жүзеге асырылуда. Оларға салынған инвестиция көлемі 1 трлн. теңгеден асады. Облыста шағын және орта бизнес те кең етек жайып келеді. Бұл ретте, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2017 жылы 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Осындай тың бастамалардың арқасында тек биылдың өзінде Павлодар өңірінде 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында мәртебелі мейман облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына барды. Мұнда қазірдің өзінде            6 инновациялық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы 6 өндіріс орны іске қосылмақ. Атап өтерлігі, қосындыланған алюминий өнімдерін дайындайтын «Giessenhaus» ЖШС таяуда ғана алғашқы құймаларын шығарды. Мұнда сұйық алюминий Қазақстан электролиз зауытынан тікелей әкелінеді. Оған арнайы қоспалар қосу арқылы профиль, фольга, автомобиль дискілері сияқты халық кеңінен тұтынатын әртүрлі заттар жасауға мүмкіндік бар. «Павлодар» арнайы экономикалық аймақ басқарушы компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Александр Зореевтің айтуынша, кәсіпорын аумағында диск дайындайтын цехтың құрылысы туралы келісім жасалып қойылған. Яғни, зауытпен жұмыс істеуге Ресейдің автомобиль дискілерін өндіретін ірі компаниясы қызығушылық білдіріп отыр. Жобаға жалпы сомасы 5 млрд. теңге шамасында инвестиция тартылған.

Арнайы экономикалық аймақта орналасқан «АгроХимПрогресс» зауыты да толығымен қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы салынған бұл кәсіпорында минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық қоспалар, шегірткеге қарсы биологиялық дәрі-дәрмек және арамшөптерге қарсы қолданылатын глифосат-гербицид өндірі-леді. Бүгінде кәсіпорын Қазақстан бойынша барлық сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Жобаның жалпы құны – 3,2 млрд. теңге. Оның басты ерекшелігі ретінде жоғары экологиялық қауіпсіздік жағдайында жұмыс істеуін айтуға болады. Яғни, зауыттағы барлық цех зиянды қалдықтар мен химиялық буланудың 99,99 пайызын жоятын сулы-газды реакторлармен жабдықталған. Бұл кәсіпорынның ТМД елдерінде баламасы жоқ.

Аталған кәсіпорындардың жұмысымен танысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Павлодар өңіріндегі өнеркәсіп саласының даму қарқынына жоғары бағасын берді.

Облыста өнеркәсіп орындарына маман даярлау ісі де жүйелі жолға қойылған. М.Құл-Мұхаммед осы бағытта жұмыс істейтін Павлодар түсті металлургия колледжінің студенттерімен арнайы кездесті. Мұнда жаңадан бой көтерген студенттер үйін көрді. Келесі жылы 50 жылдығын тойлайтын оқу орнында металлургия саласы бойынша нарықта ерекше сұранысқа ие мамандықтар: токарь, слесарь, электрогазбен дәнекерлеуші, электромонтер, техник-металлург сияқты кәсіби мамандар даярланады. Оқу бітіргеннен кейін түлектер «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» АҚ сияқты ірі кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл - дуалды оқыту бағдарламасының жемісі. Соның нәтижесінде өткен оқу жылының қорытындысы бойынша колледж бітірген 163 түлектің 97 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқанын атап өткен жөн. Студенттер теориялық білімдерін зауыттарда тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алып отыр. Тіпті, 3-курс студенттері толығымен кәсіпорында жұмыс істейтін көрінеді. Ел қатарлы еңбекақы алады. Ал бір жылдан соң, қолына дипломын алып, ресми түрде толыққанды жұмысқа кіріседі. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанын атап өтті. М.Құл-Мұхамедтің айтуынша, салыстырмалы түрде алар болсақ, бүгінде бірқатар салада тәжірибелі мамандардың өзі 90 мың теңге жалақы алады. Ал зауытта тәжірибеден өтетін студенттің айлық табысы      120 мың шамасында. Заман талабы - осы.

Студенттермен кездесу барысында М.Құл-Мұхаммед елімізде қолға алынған латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқталды.

- Қазақ әліпбиінің ұсынылған нұсқасы - бірегей нұсқа. Бұл - рухани жаңғырудың негізі. Ал рухани жаңғыру деген не? Бұл - ең алдымен ғылымның, білімнің дамуы, рухани және мәдени даму. Ал латын қарпіне көшу арқылы әлемдік өркениетке жақындай түсеміз. Біздің жастар әлемнің кез келген жерінде бәсекеге қабілетті маман бола алатындай деңгейге жетуі тиіс. Латын әліпбиіне көшуіміз осы үрдісті жеделдете түседі. Себебі бұл маңызды қадамның ағылшын тілін үйрену үшін де өте үлкен мәні бар екенін атап өткен жөн, – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар мәртебелі мейман Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Margulan center» ғылыми орталығында болды. Онда ол «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Орталықта XVIII ғасырда Қазақ хандығының көрнекті мемлекет қайраткері болған Сұлтанбет сұлтанның ордасы қайта қалпына келтірілген. Бұл жұмыстар архивтерден табылған сұлтан ордасының түпнұсқа жобасы бойынша жүргізіліп, үйдің үлгісі ағаштан салынған. Сондай-ақ орталықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты органдардың бірі - облыстың жобалық кеңсесі орналасқан.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед Павлодар облысында Елбасының бастамалары мен экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанына ерекше назар аударып, алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай еңбек етуге шақырды.

- Мұнда әр келген сайын түрленген қаланы көріп, қуанамын. Павлодар облысының экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуында орасан зор өрлеу орын алуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша кейінгі екі жылда ғана облысқа 125 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Мұндай қарқынды даму өңір тарихында бұрын-соңды болған емес. Облыста бүлдіршіндерді балабақшамен қамты мәселесі де біржола шешілген. Халқымызға қазақ ғылымы мен әдебиетінің айтулы қайраткерлерін берген өңірде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да көптеген ілкімді жобалар жүзеге асуда. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды жүргізу қажет,                               - деді М.Құл-Мұхаммед.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz