ҚОҒАМ

БІЛІМ БЕРУДІ ЖАҢҒЫРТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Елбасының әр жылғы Жолдауларында назардан түспей келе жатқан басымдықтардың бірі - білім беру саласын дамыту. Осыған орай, отандық білім беру жүйесінде жыл сайын жаңа реформалар жүргізіліп, түрлі іс-шаралар жүзеге асуда. Десе де, аталмыш салада алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттер                аз емес. Мұны ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы Жолдауында атап берді. Нақтырақ айтар болсақ, оқу үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу, педагогтар құрамының сапасын арттыруға деген талаптарды күшейту, біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру және тағы басқалар.
Бүгінде бұл міндеттерді орындауға ҚР Білім және ғылым министрлігі бел шеше кірісіп кетті. Тіпті, министрлік өкілдері аймақтарды аралап, алда тұрған үлкен науқан – ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) биыл қатаң талап қойылатынын айтып, түсіндіру жұмыстарын қызу жүргізуде. Бұл – осы салаға жүктелген міндеттердің бастамасы ғана дейді мамандар.

Биылғы ҰБТ бұрынғыдан өзгеше...
Көзді ашып-жұмғанша жаңа оқу жылының үшінші тоқсаны аяқталуға жақын қалды. Алайда, әр таң ағарып атқан сайын, мектеп бітіруші түлектерден маза кетуде. Себебі, биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қойылатын талаптар бұрынғыдан да күшейтілетіні белгілі болды. Бұл туралы таяуда облыс орталығына арнайы келген ҚР Білім және ғылым министрлігінің бақылау комитеті сыртқы бағалау басқармасының бастығы Зинаш Жанділдина мәлім етті. Оның айтуынша, осы жылы ҰБТ өткізу туралы ережеге өзгертулер енгізілген. Қандай дейсіз ғой?.. Біріншіден, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде тәртіп бұзған талапкерлер аталған министрлік өкілдерінің шешімімен бірден аудиториядан шығарылады және нәтижесі жойылады.  Айта кетерлігі, бұрын мұндай жағдай орын алғанда, мәселе мемлекеттік комиссияның қарауына жіберіліп, содан кейін ғана тиісті шара қолданылып келген еді.
Екіншіден, ҰБТ-ға байланысты құпия тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта тест материалдарын өз пайдасына жаратқысы келетін көлденең көк аттыларға тосқауыл қою үшін нормативтік-құқықтық құжаттар әзірленіп, қолданысқа енгізілген. Демек, енді ел арасында «ұлттық бірыңғай тестілеудің жауаптарын алдын ала сатып алуға болады екен» деген күдікті әңгімелер сейілетін шығар.
Үшіншіден, ҰБТ өткізілетін нысандардың барлығында ұялы телефондардың сигналдарын автоматты түрде өшіретін құралдар мен бейне бақылау камералары орнатылады. Естеріңізде болса, былтырғы жылы да ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілетін аудиторияларға ұялы телефон байланысын шектейтін арнайы құрылғылар қойылған еді. Енді осы талаптың арқасында алдымен шен-шекпенді тамыр-танысына немесе қалталы көкелеріне сеніп жүрген еркетотайлардың еш қиналмастан мемлекеттік білім грантын иеленіп, оңай олжалы болуына тұсау салынбақ. Сондай-ақ, «алтын белгіге» үміткер бола тұра өз білімін дәлелдей алмайтын, бәсекеге қабілетсіз шала сауаттылар да сабасына түспек.
Төртіншіден, тест тапсырмаларының сапасын жетілдіру жөніндегі жұмыстар жанданып, математика пәніне логикалық сипаттағы тапсырмалар енгізілген. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін ұлттық бірыңғай тестілеудегі кейбір сұрақтардың жөн-жосықсыз екендігі туралы сын-пікірлер сан мәрте айтылып  келген болатын. Осыны ескерген жауапты министрлік биыл тест тапсырмаларының сапасына ерекше назар аударғанға ұқсайды. Ал нәтижесін уақыт көрсетер...
Сонымен, биылғы ҰБТ-дағы басты жаңалықтың бірі - математика пәндеріне логикалық есептердің енгізілуі. Осыдан кейін есеп-қисапты көбінесе калькулятордың көмегімен шығарып үйренген шәкірттеріміз               ой-өрістің қаншалықты өскендігін бастағы нақты біліммен таразылайтын болады. Десе де, бұл жаңашылдық түлектерді  толғандыруда. Өйткені, көптеген шәкірттер мұндайға әлі дайын емес. Оны ғалымдар да айтып жүр. Жуырда редакциямызда ұйымдастырылған «Мектептегі ғылыми жұмыс: дұрысы һәм бұрысы қайсы?» атты дөңгелек үстел шарасына қатысқан С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің деканы, ғалым Нұрлыбек Испулов: «АҚШ-та 1-сыныптан бастап оқушыға әрбір теориялық есептің практикалық мағынасын табуды үйретеді. Бізде бұл              жағы кенже қалған», - деген еді. Ал педагог мамандардың біліктілігін арттыру институтының әдіскері Айтжамал Дайырова: «Бір өкініштісі, қазақстандық балалардың көбі логикалық тапсырмалар орындауға келгенде әлсіздік танытып жатады. Демек, біздің мұғалімдеріміз сабақта оқушының логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстарға аса мән бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру қажет», - дейді. Келешекте мұғалімдер мұны қаперлеріне алса игі дейміз.
Бесіншіден, биыл аудандық және қалалық ҰБТ-ны өткізу пункттерінде әр аудиторияға министрліктің 1 өкілі, ал жоғары оқу орындарына аудитория санына қарамастан, министрліктің  5 өкілі бақылауға келеді. Ашығын айтқанда, ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін аудиторияда тек министрліктің сенімді өкілдері ғана             болады. Сондай-ақ, мемлекеттік комиссия мүшелерінің саны 5 адамға қысқарып, аудитория кезекшілері алынып тасталады. Бұл – ұлттық бірыңғай тестілеудің барынша әділ өтуіне әрі бөгде адамның талапкерлерге кедергі келтірмеуіне мүмкіндік береді, - дейді білім беру саласының мамандары.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл аймақ бойынша 5841 түлек алтын ұя мектептерімен қоштаспақ. Ал олардың нақты қаншасының ҰБТ-ға қатысып, бақ сынайтыны әзірге белгісіз. Облыстық білім беру басқармасының лицензиялық аттестациялау және инспекция бөлімінің бастығы Роза Балапанқызы: «2012 жылдың 10 наурызынан бастап 25 сәуірге дейінгі аралықта түлектерден ҰБТ-ға қатысуы туралы өтініш қабылданады. Содан кейін ғана тестілеуге облыс түлектерінің нақты неше пайызы қатысатыны айқындалмақ. Жалпы, биыл осы жүйеге деген талап күшейді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері биыл ұлттық университеттерге, яғни беделді жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлердің ҰБТ-дағы орташа балы 70-тен жоғары болуы керек дейді. Ал 60-тан төмен балл алғандар жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне де қабылданбайды. Сол үшін түлектерімізге үлкен дайындық пен таудай талап керек. Бүгінде әр мектептің мұғалімдері 11-сынып оқушыларымен қосымша жұмыс істеуде.  Ең бастысы, бұл қызмет үшін түлектер ақы төлемейді. Мұның бәрі-елдегі білім беру саласын дамытып, жас ұрпақтың жан-жақты білімді болуы үшін жасалып жатқан игі шара деп түсіну керек», - дейді.

Оқушылардың алаңдауы орынды ма?
«Жығылғанға жұдырық» демекші, бұл саладағы талаптар күшейген сайын, оқушылардың уақытылы білім алуына қытымыр қыс та кері ықпалын тигізбей қоймады. Осыған орай, республиканың кейбір өңірлерінде оқушылардың сабақ кестесінен қалып қойған тақырыптарын меңгеруі үшін көктемгі демалыс, кәдімгі каникул уақытында балаларға білім беру, тіпті, екі пәнді біріктіріп оқыту сынды түрлі әңгімелер айтылуда.
Осылайша, салқын ауа райы да елдің білім беру саласын бірталай әбігерге салды. Алайда, Сарыарқаның сарышұнақ аязы біздің өңірді де айналмай өтпеді. Біраз уақыт мектептерде сабақ тоқтатылды. Осы жағдайға ата-аналармен қатар, оқушылар да алаңдады. Абырой болғанда, ауа райындағы осындай тосын жағдайларға қарамастан, облыс оқушылары, әсіресе түлектер үшін сабақ кестесі өз деңгейінде, жоспар бойынша жүргізіліп келеді екен. «Облыс оқушылары сабақ кестесінен қалған жоқ. Осы бағыттағы барлық бағдарлама ойдағыдай жүзеге асуда. Оқушылардың алаңдауына еш негіз жоқ. Каникул уақытында олар ел қатарлы дем алатын болады», - дейді облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Гүлжан Қадырбаева.

Нұржайна ШОДЫР.
 

 

Тілдегі «сүйел» көзге шыққаны...

Облыс орталығының көшелеріндегі ілме-жарнамалардың, тақтайшалардың қазақшасы оңбай қойды. Қасірет шегіп тұрған - сол баяғы қазақтың төл дыбыстары. Бірінің бел сызығы, бірінің қайырма құйрығы түсіп қалған. Кемтар жазулар тілімізді мүкіс етуде. Атқарушы билік бір жылда бәленбай жүздеген қателерді түзеткенін айтып жатады. Сонда бұл таусылмайтын неткен мәселе?!

Белгілі қаламгер Қалтай Мұхамеджанов: «Дарвин адам маймылдан жаралғандығын дәлелдемек болғаннан бері, бір маймыл төртінші сыныпты бітіріп қоятын болды ғой...» деген екен. Сол сияқты, Қазақстан егемен ел атанғалы бері сол айуанның да қазақша сайрап кететін уақыты болды.

Қателікке кешіріммен қарау деген ұғым бар. Бірақ, кешірілмейтін қате де болады. Елімізде қаптаған өңшең тіл мамандары мен ғылым кандидаттары масайрап отырған уақытта, екінің бірі көзі ашық, жоғары білімге ие, ғаламтор ғасырында қарапайым жарнамалардың қатеден көрінбеуі, мемлекеттік тілді қор етуі - кешірілмес күнә! Қаптаған қателердің бірерін атап айтар болсақ, тек қана Академик Сәтбаев көшесінің бойындағы 97, 105, 194 мекенжайларында орналасқан сауда орындарының жарнамалық тақталары сүреңсіздіктен көз ашпайды. Сол маңда, Академик Сәтбаев 101 мекенжайындағы «Павлодарэнергосбыт» ЖШС төлемдерді қабылдау орнының алақандай тақтасында ә әрпінің е болып кетуі - тіпті, ұят жағдай!

Құзырлы органдар аңғармай отырған қателерді тізіп, олардың мекенжайын да көрсетіп отырмыз. Орын алған олқылықтарды түзетудегі ендігі кезек солардың еншісінде. Қажет болса біздің басылым тілшілері алдағы уақытта да жауапты мекемелердің «таба алмай» жүрген қателерін мекенжайына дейін көрсетіп беруге әзір. Біздікі «тырнақ астынан кір іздеу» емес. Бір-бірімізді қамшылау, ой салу. Тек көше бойындағы көзге түрпідей тиетін сорақылықтарды түзетуге ынталы болса болғаны...

 

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.

 

ӨНЕРІМІЗ БЕН ӨМІРІМІЗ – ЕГІЗ

Алтынай мен Арай Хабдесовалар

Ана құрсағында егіз болып жаратылған Алтынай мен Арай Хабдесовалар Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылында кіндік кесті. Екеуінің тағдырлары біріне-бірі тым ұқсас. Әнге, музыкаға деген қабілет екеуінде де бала жастан-ақ байқалды. Табиғат оларға әсем де әдемі дауыс сыйлады.

Олар сонау 1997 жылы облыс орталығында өткен халықаралық «Айналайын» фестивалі аясындағы егіздер байқауының дипломанты атанып, дүйім жұрттың көзайымына айналды. Сол кезде арулардың ҚР халық әншісі Мақпал Жүнісовамен бірге сахнаға шығып, ән шырқауы әлі күнге дейін керекулік көрерменнің көз алдында болар...

Оқырмандарымыздың көбісі бүгінде «Бұрымды әнші қыздарымыз қайда екен?» деген сауал түйген болар. Өнердің асқаралы асуларын бағындыруға жол тартқан Алтынай және Арай Хабдесовалармен жақында сұхбаттасып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз.

- Алтынай, Арай, Ертістің Павлодар өңірі жұртшылығының ыстық сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер!

- Қадірлі ән сүйген қабырғалы Кереку елі! Сіздермен облыстық «Сарыарқа самалы» газеті арқылы қауышқанымызға қуаныштымыз!

- Әсілінде, егіздердің дүниеге келуінде үлкен сыр бар деп жатады. Бұл рас па?

Алтынай: - Жалпы, бір ананың құрсағында жетіліп туып, құлын-тайдай тебіскен егіздердің арасында тылсым күш бар деседі. Иә, бұлшындық. Осындай дәйектілікті дәлелдейтін бірнеше мысал келтіріп өтсек. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімізде, Арай тұмауратып ауырып қалған болатын. Осыған байланысты оқуға біреуіміз ғана баратын болдық. Сабақта жап-жақсы отырғанмын, кенет, өзімді нашар сезіне бастадым: көңіл-күйім түсті, бойымды қобалжу билеп алды. Дереу Арайға телефон шалдым. Сөйтсем, сыңарым одан бетер ауырып жатыр екен. Тағы бір дәлелекеуіміздің бірдей сөз саптауымыз бен ойлауымызда. Бір сөзді бір мезетте қайталап, бірдей ойлауымыз жиі кездеседі.

- Ойларыңыз бен сөздеріңіз бір жерден жиі шығады дедіңіздер. Бұл жеке өмірлеріңізге әсер ете ме? Мәселен, бір жігітке ғашық болып қалсаңыздар, ара қатынастарыңыздың сууына жол берер ме едіңіздер?

Арай: - Негізі, екеуіміздің бет-әлпетіміз, ішкі жандүниеміз ұқсас болғандықтан, талғамымыз бен қызығушылықтарымыз да бірдей. Сондықтан, бір бозбаланы ұнатып қалуымыз ғажап емес. Жасыратыны жоқ, ондай оқиға басымыздан өткен. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде бір балаға ғашық болып, балалық махаббат шырмауына іліккеніміз бар. Дегенмен, бұл жағдай арамыздағы қарым-қатынасымызға сызат түсірмеді. Мектептегі махаббат, алғашқы жүрек лүпілі ғой! Уақыт өте келе барлығы ұмытылып, тіпті, алғашқы сезімімізді оятқан сол жігітпен жақсы дос болып кеттік.

- Шығармашылықтарыңыз жөнінде аз-кем әңгіме өрбітсек... Қандай жаңалықтарыңыз бар?

Арай: - Өздеріңіз білетіндей, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған соң «Алтын-Арай» атты дуэт құрып, өнер көрсетіп жүрген жайымыз бар. Елімізге белгілі сазгер-әнші Дүйсенхан Сыздықовпен шығармашылық қарым-қатынастамыз. Сонымен қатар, таяуда «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген «Құрдастар» комедиясына түстік.

- Павлодарға жиі келіп тұрасыздар ма?

Алтынай: - Туған жер ыстық қой! Шыр етіп дүние есігін ашқан жерімізді әрдайым сағынып жүреміз. Сондықтан, мүмкіндіктер болса, келуге тырысамыз. Негізі, Кенжекөлде бірге өскен құрбыларымызды, Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатындағы сыныптастарымызбен және ұлағатты ұстаздарымызбен өткізген тамаша сәттерді жиі еске түсіріп отырамыз. Ол сәттерді ешқашан ұмытпаймыз. Өнер жолын таңдауымызға солардың да септігі тиді. Мақаш Жылқыбайұлы, Біләл Ыхсанұлы, Сәуле Сұлтанқызы, Орынтай Батпекқызы, Гаухар Әбдікешқызы сынды мұғалімдерімізге айтар алғысымыз шексіз.

- Продюсерлеріңіз танымал композитор Дүйсенхан Сыздықов екен. Үлкен сахнада ән шырқауға сол кісі ықпал жасады ма?

Алтынай мен Арай: - Бізді үлкен өнер сахнасына жетектеп әкелген белгілі әнші-продюсер, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова болатын. Екеуіміз оның «Сағындырған әндер-ай» атты авторлық ретро әндер концертіне қатыстық. Әлі есімізде, бұл кеште біз сахнаға белгілі әнші-композитор Дүйсенхан Сыздықовпен бірге шықтық. Шығармашылық қарым-қатынасымыз сол кезден бастау алып, күні бүгінге дейін үзілмеуде. Құдайға шүкір! Келешекке бағдарлаған жоспарларымыз бар. Көптеген ән жаздырып жатырмыз. Оны әзірше құпия сақтауды ұйғардық. Әкеміз Қайыржан Хабдесов Павлодар өңіріне әйгілі дәстүрлі ән орындаушыларының бірі болғандықтан, кішкентайымыздан дәстүрлі әндерді тыңдап, санамызға сіңіріп өстік. Сонымен қатар, отандық композиторлардың шығармаларын, қазіргі эстрадалық әндерді шырқаймыз. Жанрлары да сан түрлі. Мәселен, ән қоржынымызда «Бақ қалам менің - Астана» атты ретро әніміз бар. Оған қоса, патриоттық сарындағы шығармаларды жиі орындаймыз. Жалпы, репертуарымыз жұтаң емес.

Қазір үстіміздегі жылғы ақпан айының 23 жұлдызында өтетін Д.Сыздықовтың шығармашылық кешіне дайындық үстіндеміз. Айта кетерлігі, онымен қоса Ж.Ысқақова, Б.Нұрмышева, Ж.Серкебаева, Ә.Қалаубаева, «Жалын», «Денар» тобы, Р.Малцагов, Ә.Жакетаева сынды өнерпаздармен де араласып тұрамыз.

- «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетілген «Құрдастар» атты сериалға түстіңіздер. Сол арқылы жаңа, әртістік қырларыңызды аштыңыздар. Болашақта әншілік өнерді тастап, кино саласына түбегейлі бет бұрып кетеміз деп ойламайсыздар ма?

Арай: - Кино - көтерер жүгі ауыр, үлкен жауапкершілікті қажет ететін өнер саласы. Бұл - шынайы дарындар аяқ басуға тиіс әмбебап әлем. Осындай киелі өнерге араласуымызды басқа қонған бақ деп білеміз. Ал ән көптің күш қосып бірігуінен туатын жалпылама емес, кез-келгеннің басына қона бермейтін жалқы өнер, дара қасиет. Тіршілігіміздің бар тыны­сы, тармақ-тарауы әнмен байланысты. Әнсіз өмір жоқ. Сондықтан, табиғатымызбен астасып жат­қан құдыреттен ешқашан алшақтамайтынымыз анық.

- Әдетте, сахнада өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарымыздың кейбірі киноның қайнаған «қазанына» келуді сәтті кездейсоқтыққа балап жатады. Ал сіздер ше, түсірілім алаңына қалайша бардыңыздар?

Алтынай: - Не десек екен... Өткен жылдың жазында аяқ астынан Ресейге шақыру алып, Мәскеу, Нижний Новгород қалаларында өнер көрсеттік. Бұл деген - шақырған адам біздің өнерімізді естіп, көріп бағалағандығының дәлелі. Сондықтан, кездейсоқтыққа сене қоймаймыз. Қандай да бір жетістікке жету үшін кездейсоқтықты күтіп жүрмей, әр адам өзінің шамасы жеткенше бар ынтасын салып, еңбек етуі керек. Сонда ғана сол еңбегінің жемісін көреді. Өйткені, жеңістің өзі тек бір пайыз таланттан, қалған 99 пайызы еңбектен тұрады. Ал «Құрдастар» сериалына іріктеуден өту барысында мамандардың көзіне түсіп, рольдерде ойнау мүмкіндігін иелендік.

- Шынайы өмірден кинодағы кейіпкердің әлеміне енудің қиындығы қандай?

Арай: - Алматы қаласынағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүрген студенттік кезімізде бірнеше фильмдерге түсіп үлгердік. Дегенмен, «Құрдастар» - кино саласындағы алғашқы және үлкен қадамымыз. Бұлбіздің жұлдызды сәтіміз, гүлденген кезіміз. «Ситком» жанрындағы комедияда С.Шаймерденов, Ш.Асқарова, «Күлкі керуені» ойын-сауық театрының әртісі Г.Қалыбаева сынды өнер майталмандарымен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Мақтанғанымыз емес, бірақ шығармашылық тұрғыдан біраз ысылып қалдық. Шыны керек, «Стоп кадр!», «Түсірілдідеген күнделікті естілетін режиссер дауысын сағынып қалдық. Бұлшығармашылық өміріміздің ажырамас бөлігі ғой. Сондықтан, әртістік пен әншілік әлемінен шынайы әлемге ауысу да, оны ұштастыру да қиын емес.

- Өздеріңіз атап өткендей, киношығарма американдық «ситком» жанрында түсіріліпті. Біздің аудитория үшін таңсық дүние десек, қателеспеспіз. Түсірілім барысында қиындықтар кездесті ме?

Алтынай: - Өнерқызығы мен шыжығы, қуанышы мен реніші қатар жүретін әлем. Сондықтан, қызықты да, ренішті де сәттер кездесіп жатты. 42 бөлімнен тұратын сериалдың бір ерекшелігі - оқиға желісі ғимарат ішіндегі комедиялық жағдайға құрылған. Яғни, актерлер бір үйде немесе оның айналасында жүріп-ақ, шым-шытырық оқиғаларды бастан өткереді. Кинотуынды табиғатымызға өте жақын болды, өйткені әртістер заманның бел ортасында жүрген қатарлас, үзеңгілестер. Тағы бір айтатын жайт, сериалдағы бұл көріністердің барлығы ойдан шығарылған. Комедия болғандықтан, қызықты сәттерден әсте арыла алмадық. Ренішті тұстар да кездесіп жатты. Мәселен, Арай ер баланың ролін сомдады. Еркекшоралық мінез оның табиғатына сай болмағандықтан, бұл кейіпкердің бейнесін ашу қиынға соқты. Сол кезде екеуіміздің көңіл-күйіміз бірдей жиі түсіп қалатын.

- Қыздар, қазіргі кезде аспандағы жұлдыздардан жердегі «жұлдыздар» көп сияқты. Олардың арасында жарқ етіп жанып, бір тұтам болып сөніп қалатындары да бар. Жалпы, сондай жұлдыздардың кейбірі қазақ өнерінде ешқандай қолтаңба қалдырмай кетіп жатады. Ал сіздер ше, қандай қырларыңызбен ерекшеленесіздер?

Арай мен Алтынай: - Өткен жылы бақилық болған атақ­ты әншіміз Роза Бағланованың теледидар тілшісіне берген бір сұхбатында қазіргі өнерпаздарды «тыртың­даған әншілер» деп атап, әріптестерімізді бір қа­ғы­тып өткені бар еді. Ал зама­ны­мыздың бұлбұл әншісі Бибігүл Төле­генова әншілерді тек «ән орындаушы» деп бағалайтынын ашып айт­қанын да өз құлағы­мыз­бен естідік. Өнерде де, өмірде де үлгі тұтатын осындай тұлғалардың пікірімін келіспеске болмас, әрине. Негізі, еліміздің өнер айдынында жұлдыздар көп емес. Дегенмен де, олардың көптігі артық етпейді деп ойлаймыз. Бойымыздағы құдай берген дарын мен дауысымызды былай қойғанда, бастапқы ерекшелігіміз егіз болғандығымызда емес пе? Дауысымыздың тембрі бірдей. Қос дауыспен өлең айтқанда тамаша үйлеседі. Оның үстіне бір-бірімізді іштей сезініп, бір деммен, бір ырғақта ән айта аламыз. Ерекшелігіміз осы болар. Біз өзімізді «жұлдыз» деп есептемейміз. Ерекше қабілеттерді нағыз сыншыхалықтың өзі бағалар...

- Ертістің Павлодар өңіріне келіп, концерт беру ойларыңызда бар ма?

Алтынай: - Кіндік қанымыз тамған Кереку елі - өнерді қадір тұтатын жұртшылық. Сондықтан, туған шаһарымызда өнер көрсетсек деген арман жоқ емес. Бірақ, қазіргі заманда дербес гастрольдік сапарға шығу оңай шаруа емес. Біраз қолбайлаушылықтар бар. Дегенмен, шақыру келіп жатса, қуана-қуана барар едік.

- Қазіргі кезде көптеген өнер иелері шоу-бизнесті «той-бизнеспен» ұштастырып жатады. Тойларда ән айтасыздар ма?

Арай мен Алтынай: - «Шақырғанда бармасаң, шақырусыз қаласың» демекші, ұсыныс түсіп жатса, тойлардан қалмауға тырысамыз. Себебі, той-томалақтарда да «әннің де естісі бар, есері бар» деп оны бағалай білетін халық көп.

- «Сарыарқа самалы» газеті оқырмандары атынан татымды әңгімелеріңізге алғыс білдіреміз.

Арай мен Алтынай: - Бізді кіндік кескен жеріміздің жұртшылығымен табыстырып, өнерімізді бағалап жатқан ата басылымның ұжымына мың алғыс! Оқырмандарыңыз көп болғай!

Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

 

СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРІЛУ – ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

«Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі

мен сапасын арттыру, саламатты өмір салтын алға

бастыру адами әлеуеттің деңгейін арттырудың келесі

бір маңызды бағыты болып табылады»

 

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

«Бірінші байлық - денсаулық» демекші, елімізде тұрғындардың денсаулығын жақсартып, медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Осы мақсатта былтырдан бастап 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асты. Бүгінгі күні аталмыш бағдарлама аясында қабылданған ұлттық скринингтік тексеру шараларының шарапатын көрген отандастарымыздың көңілдері жай тапты. Себебі, бұған дейін денсаулығы сыр берген кейбір жандар, әсіресе, жасы егде тартқан қарттар дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінбегендіктен, дерті дендеп, соңы қайғылы жағдайларға әкеліп жататын.

Қазіргі таңда скринингтік тексерулердің нәтижесінде, салғырттықтың салдарынан түрлі сырқатқа шалдыққан науқастардың аурулары ерте анықталып, оның алдын алу және емдеу шаралары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, өткен бір жылдың ішінде республика бойынша 7 миллион тұрғын скринингтік тексеруден өткен екен. Бұл жаман көрсеткіш емес. Десе де, дәрігерлер қауымы өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын азаматтардың аз емес екендігін алға тартады. Бұған себеп - көпшілік скринингтік тексерудің не екенін әлі түсінбейтін көрінеді.

Республиканың барлық өңірінде жаппай жүзеге асып жатқан жаңа жүйе біздің облыста да ойдағыдай қолға алынуда. Бұл ретте, Павлодар қалалық №1 емхананың ерекше белсенділік танытып отырғанын атап өткен жөн.

 

Жаңа жүйенің жақсы нәтижелері көп

Шаһар тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді мақсат еткен қалалық №1 емханада скринингтік тексеру шаралары қызу жүргізілуде. Тек былтырғы жылы осы мекемеге отыз мыңға жуық адам келіп, скринингтік тексеруден өткен. Нәтижесінде 7 217 тұрғынның денсаулығынан қауіпті фактор анықталған. Нақтырақ айтар болсақ, шылым шегу бойынша – 1 515, ішімдік ішетіндерден – 1 053, дене салмағының шектен тыс ұлғаюуына байланысты – 2 996 жағдай және гиподинамияның қауіпті факторымен ауыратын 1653 адам анықталып, аталған мекеме ішінен құрылған салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті мен «Денсаулық мектептері» арқылы тиісті көмек көрсетілген. Соның арқасында, қауіпті факторлары бар сырқаттар қатарына қосылғандардың 5 523-і, яғни 76 пайызы сауықтырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда.

Павлодар қалалық №1 емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлназ Мақанқызы Қайырбаеваның айтуынша, мекеме ішінде скринингтік тексеруден өтушілер үшін дәрігерге дейінгі арнайы екі кабинет жасақталып, тиісті мамандар әр аптаның дүйсенбі-жұма күндері аралығында таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін, ал сенбі күні сағат 9.00-15.00-аралығында үзіліссіз қызмет көрсетуде.

- Біздің емхана мамандары тұрғындардың тексерулерден уақытында өтуі үшін алдымен оларға осы жаңашылдықты түсіндіру мақсатында ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, емханаға қарасты учаскелерде тіркеуде тұрған адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты қауіпті факторларға тексерілуі үшін арнайы мекенжайлары бойынша шақыру парақшалары жіберілді. Осындай жұмыстардың арқасында қант диабеті мен қан айналым жүйесінің аурулары бойынша жоспарға сәйкес 7 530 адам тексеріліп, 289 тұрғынның артериалдық гипертониямен ауыратыны және 41 адамның жүректің ишемиялық ауруымен, 45 адамның қант диабетімен сырқаттанғаны анықталды. Олардың барлығы диспансерлік тіркеуге қойылып, сауықтырылуда. Қуантарлығы, тұрғындарды тексеру барысында қатерлі ісіктер анықталған жоқ. Ал қатерлі емес ісіктерге шалдыққан 313 адамға дәрігерлік көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, 1455 әйелді маммографиялық тексеруден өткізу жоспарланған болатын. Бүгінде олардың барлығы тексерілді. Колоноректалді скрининг бойынша 5 966 науқас тексеруден өтіп, нәтижесі нашар 8 науқас анықталды. Глаукомаға тексеру үшін жоспарланған 8 063 тұрғынның 2-уінен сырқаттанушылық жағдай табылды.

Егер скринингтік тексерулер жүргізілмесе, бұл адамдар ауруын әбден асқындырып алуы да мүмкін еді. Сондықтан, елімізде қолға алынған осы жүйе тұрғындар денсаулығы үшін өте тиімді, - дейді Гүлназ Мақанқызы.

Атап өтерлігі, қалалық №1 емханаға скринингтік тексеруден өту үшін күн сайын шамамен 100-150 адам келеді екен. Мекеме ішіндегі дәрігерге дейінгі кабинеттің медбикесі Сәуле Жанпейісова: «Мұнда аталған тексеруден өтуге 18-70 жас шамасындағы қала тұрғындары келуде. Әсіресе, орта жастағы әйелдер жиі келіп жатады.

Жалпы, ересек тұрғындардың барлық мақсатты топтары алдымен осы кабинетте скринингтік тестілеу тапсырады, содан кейін артериалдық қан қысымын өлшетеді және олардың қанындағы қант, холестерин деңгейіне жедел сараптама жүргізіледі. Сондай-ақ, шылым шегу, спиртті ішімдіктер ішу факторлары анықталып, кетля индексі жасалады. Айта кетерлігі, тексеруден өтушілердің емхана ішінде сандалып жүрмеуі үшін біз барлық мүмкіндікті қарастырдық. Тіпті, әр адамның қолына берілген шақыру парақшасында қажетті мәліметтер толық көрсетілген», - дейді ол.

Бұл тексерудің басты бағыттарының біріхалықты салауатты өмір салтына баулу. Осы мақсатта емхана ішінде жұмыс істеп жатқан салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі үйлестіруші дәрігер Зайда Жұматованың айтуынша, көптеген адамдар шылым шегіп, ішімдікке салынудың салдарынан денсаулықтарын құртып алады. Мұндай жағдайларға тосқауыл қойып, салауаттылықты арттыру үшін мекеме ішінде арнайы кабинет ашылған. Онда тұрғындар игілігі үшін күнделікті іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік-психологиялық кеңестер беріліп тұрады. Соңғы кездері мұнда өз еркімен келіп, кеңес алушылар қатары көбейген. Бұлжақсылықтың нышаны дейді емхана дәрігерлері.

 

Тегін қызметбаршаға ортақ

Атап өтерлігі, тұрғындарды мұндай тексерулерден өткізуге байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен арнайы ереже бар екен. Мамандардың пікірінше, бұләр адамның жас ерекшелігіне сай, қандай да бір ауруға шалдығуы мүмкін екендігін анықтайтын бағдарлама көрінеді. Сол бойынша әркім өз жасына сәйкес түрлі ауруларға тексеріле алады. Мәселен, 18, 25, 30, 35, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64 жастағы адамдар қанындағы холестерин мен глюкозаның деңгейін анықтау үшін арнайы тексеріліп, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог мамандардың қабылдауына жіберіледі. Мұндай зерттеулер жүрек-қан тамыр ауруларын, қант диабетін, глаукоманы және оның қауіпті факторларын, сондай-ақ, гепатиттер мен инсульт, инфаркт, цирроз, бауыр обырын асқындырмай анықтауға мүмкіндік береді. Сол сияқты жаңа жүйенің қыз-келіншектер үшін де берері мол. Әсіресе, орта жастағы әйелдерде патологиялық өзгерістерді болдырмау үшін жатыр мойнын цитологиялық зерттеуге және сүт бездерін маммографиялық тексеруден өткізуге барынша жағдай жасалған.

Скринингтік тексерулердің арқасында қатерлі ісіктердің дамуын, сонымен қатар, обырдың туындауына себеп болатын өзгерістерді дер кезінде анықтау үшін 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағыларды толық тексеру қарастырылған. Ал адамның жуан ішек пен тік ішегінің онкологиялық сырқаттарға шалдығуының алдын алу үшін оны ерте анықтау мақсатында 50 - 70 жас аралығындағы жандарға тексеру шаралары жүргізілуде. Бұған эндоскопиялық зерттеулерді жасайтын проктолог, гастроэнтеролог, хирург мамандар жұмылдырылуда.

Аталмыш бағдарлама балаларды да педиатрдың қатаң бақылауына алып, арнайы мамандардың тексеруінен өтуіне мүмкіндік туғызып отыр.

Отандық денсаулық сақтау саласындағы осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, елімізде бірқатар асқынған аурулардың беті қайтып, өлім-жітім көрсеткіштері төмендеуде.

Ең бастысы, скринингтік тексерулер шеңберінде жүргізіліп жатқан бұл қызметтердің барлығы тегін. Бұған дейін мұндай тексеру шараларының көбі ақылы болғаны белгілі.

Демек, өзінің болашағын, денсаулығын ойлаған республиканың әр азаматы тегін түрде скринингтік тексеруден өтуге құқылы. Түсіне білген адамға, бұлелдің денсаулығын нығайту мақсатында жасалып отырған зор мүмкіндік.

 

Нұржайна ШОДЫР.

 

ОҚЫРМАНҒА ОРТАҚ ОЛЖА - «ОҚШАУ ОЙ»

 

Көзі қарақты оқырман аңғарғаны анық: Өткен жылдың қазан айынан бастап газетімізде «Оқшау ой» айдары ашылды. Әр нөмір сайын соңғы бетте беріліп келе жатқан бұл бағанада біздің журналистеріміз көкейдегі ойларын ақтарады. Қоғамның өзекті мәселелерін, түрлі құбылыстары мен ақиқатын ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие көзімен таразыға тартып, оқырман талқысына ұсынады. «Оқшау ой» бірден газет оқырмандарының қызығушылығына ие болды. Бұған әр нөмір сайын редакциямызға келіп түсіп жатқан хаттар легі дәлел. Олардың бірқатарын басылым бетінде жариялап та келеміз («Оқыдық, пікір айтамыз» деген айдар бойынша).

Бөле-жара айта кетерлігі, оқырмандардың «Оқшау ойға» байланысты пікір-лебіздері газетіміздің ғаламтордағы сайтына, ондағы тілшілердің «қойын дәптеріне» де топырлап түсіп жатыр. Қуанышты, әрине. Жанашыр оқырмандарымыздың ақпараттық технологияны оңтайлы пайдаланып жатқанына құба-құп дейміз. Электронды жолмен жеткен пікірлер мен тақырыпқа орай жолданған үнқосуларды топтама ретінде назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Түсіндіріп өтелік, алдымен журналистердің «Оқшау ойда» шыққан мақалаларының тақырыптары, оның астынан оқырман пікірлері топтастырылып беріліп отыр.

 

 

Жарқынбек АМАНТАЙ

«Ит - адамның досы, дегенмен...», «Несиенің қадірін, төлер кезде білерсің»

 

Мақай

Жарқынбектің көтерген «ит мәселесін» түсіну үшін ең алдымен иттің адамға тигізетін пайдасын ойлау керек сияқты. Қазақтар итті сыйлаған, келісемін. Бірақ, ит екеш ит те өз орнын білу керек қой. Итті адамның үйіне кіргізу жындылық емес деп кім айтты?

Адамдыққа ұмтылудың орнына надандыққа ұмтылған заман-ай...

Iнжу

Иә, шынымен де, итті үйде тайраңдатып ұстау дұрыс емес! Кішкене иттерді құшақтап, аймалап жүретін адамдарды түсінбеймін! Керек десеңіз, иттеріне қымбат әшекей тағатын, арнайы тіктірілген киім кигізетіндер де баршылық! Шетелдік жұлдыздарға еліктегені болмаса, бұл - қазаққа мүлде жат қылықтар!

Бақтыгүл

Кредит дейтін қазақтың түбіне жетпесін, қазір несиесіз адам қалды ма?

 

Бағлан ЖАПАРОВА

«Әр әйел би болса...», «Сананы улаған сериалдар»

 

Айнұр, Успен ауданы

Құрметті «Сарыарқа самалы» газетінің тілшілері! Сіздердің газет бетінде жариялап жүрген ой-толғауларыңыз оқырман көңілінен шығып жатқаны сөзсіз. Ал Бағлан апайдың мына түрік сериалдарының санамызды жаулап алғаны жайлы жазғаны шындық. Күні бойы жұмыстан бас алмай, балаларымызды көрмейтініміз рас. Сондықтан да, менің ойымша сериалға кеткен бір сағат уақытты бүлдіршіндерімізге арнасақ деймін.

Кәмшат – Ақтөбеден

Айтуыңыз орынды. Бірақ, мұны кім ескеріп жатыр? Айта берсек, кемшілік көп қой. Осындай адамға ой салар жақсы дүниелер жаза беріңіз. Шығармашылық табыс тілеймін.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

«Қазақтың қымызынан құт қашты ма?», «Қызынан қалың мал қадірлі ме

 

Айнұр

«Сарыарқа самалының» ұжымы жастардан құралған. Жас болғанымен, олар өте білікті мамандар десем, артық болмас. Сондықтан, Сіздердің газеттеріңізге тек шығармашылық табыс, өзекті мәселе төңірегінде өрбітетін ой-толғауларыңыз көп болсын дегім келеді.

Баянауылдық

Мұқа, мына жазғаныңыз сұмдық екен. Қазақ қайда бара жатыр? Шақшадай басымыз шарадай болатын болды. Құрып кетіп жүрмейік...

Бір қазақ

Қымыздың қасиеті туралы жазғаның жөн екен. Қайткенде, қазақтың байырғы адал асына жетер не бар! Қазіргі ойлап тауып жатқан небір «дәрумендері» (ГМО) денсаулықты құртпаса, құтқармайды. Ойлы мақала жазып, орамды дүниелер тудыра беріңдер!

Белгісіз

«Сарыарқа самалынан» жастықтың лебі есетіні қуантады. Ел ертеңі - жастар дейміз. Қазақы қалпынан таймаған нағыз патриот жастар осы ұжымда. Сендердің болашақтарың зор. Сүйікті басылымымыздан еңкейген қарт та, еңбектеген бала да оқитын дүниені табуға болады. Жасай бер, «Сарыарқа самалы»! Мұрат, Данияр, Нұржайна мен Нұрбол, газеттің мақтанышысыңдар! Біз сендермен біргеміз, жас қаламгерлер.

 

 

Нұржайна ШОДЫР

«Таланттар тасада қалып қоймасын...», «Қоғамды ірітетін індет»

 

Ерлан

Иә, қазір жемқорлық та, тамыр-таныстық та ушығып тұр. Кімнің «крутой» танысы бар, солар бақытты. Мен өзім де органда 10 жылдай уақыт жұмыс істедім. Ондағылар бос орын бар болса да, жұмыс іздеп келген жастарды «орын жоқ» деп қайтарып жіберетін. Кейін сол орынға таныстары келіп жатады. Міне, біздің қоғамда осындай әділетсіздіктер көп. Қаның қайнайды.

Мая

Абылайханның түсіндегідей, қоғамдағы адамдар құрт-шаян құсап, сауатсыз маман, арсыз басшыға айналып барады.

Әсел

Нұржайна, мақалаңыз маған қатты ұнады. Рас, қазір таныссыз өмір сүру қиын. Мен де екі жыл бойы жұмыссыз жүрмін. Жоғары білімді, қызыл дипломым бар болса да жұмыссызбын. Танысың болмаса, жұмыс та болмайды екен. Соны түсіндім...

 

Ақмарал ЕСІМХАНОВА

«Абайдың тілінде сөйлейтін Оуэн»

 

Айдос Аман

Әй, қайдам! Біздің қара көздеріміз өз ұлтының тілін менсінбей (қалалық немесе орысы басым аудандарда), «мәңгүрт» болып бара жатқан жоқ па? Сана-сезім, ұлттық рухты оятар «тіршіліктер» болмаса өстіп кете беретін шығармыз. Жаһандану үрдісі сағыздай созылып, түрлі тілдерді жұтып қойып, ақырын-ақырын жүре береді. М.Шаханов ағамыз тегіннен-тегін жан ұшырып жүрген жоқ қой.

Жалпы, көп тіл білгеннің үлкен пайдасы бар. Қанша тілді білсең, сонша тілдегі ұлтпен байланыс жасайсың. Ақмарал, Оуэнді теледидардан бірнеше мәрте елге көрсету керек. «Анамыздың ақ сүтімен берілген тілді ұмыту - бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген атақты Бауыржан атамыз. Ендеше, қазақтардың қазақша сөйлей алмайтындығы, білмегендігі үшін қоғам болып күресу керек деп ойлаймын.

Елдар

Ақмарал, мына мысалың біздің жалқау қазақтарға үлкен сын болды! Ұялса, енді ұялатын шығар, өңшең кертартпалар...

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

«Сағымдай болған спорт арнасы», «Көк өгіздің жоғалуына өзіміз кінәлі емеспіз бе

 

Белгісіз

Фархат, «Оқшау ойыңдағы» мақалаларыңа рахмет. Солардың ішіндегі «философиялық» ойларың мені көп толғандырады.

 

Шұғадан – Ауыл баласы

Еркебұлан, біз сенімен мақтанамыз. Соңғы шыққан ауылдағы мал ұрлығы туралы ой-толғамың тамаша екен. Осындай істерге жауапты мекемелер ойланар деген ниеттемін.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ

«Пара беруге мәжбүрлемеңіздерші...», «Құрысын, енді ауырмайтын болдым»

 

Мұратхан

Ертістің ерке баласы! Мақалаларың өте тартымды. Әсіресе, уақыт талғамайтын, ойланып-толғанып отырып, оқырманға ой салатын материалдарыңыз қатты ұнайды. Әйтпесе, газеттеріңіз соңғы уақытта кішігірім жиналыстардан көрінбей кетті. Асыл бауырым редактор болып келгелі, сәл де болса өзгерістер еніп жатыр. Оқырманның ойындағысын жазыңыздар, журналистер! Данияр! Саған шығармашылық табыс тілеймін.

Бақытбек

«Ауырып емделгенше, ауырмайтын жол ізде». Сенің мына жазғандарыңды оқып отырып, осындай ойға келдім! Аллаһ Тағала ауыртпай-ақ қойсын, түбінде дәрігерлер ажалдың арашасы емес, соған себепкерлерге айналатын түрі бар..

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

«Одыраң мінез опық жегізбей ме?», «Шыбын жанымыз қымбат емес-ау...»

 

Зағира

Иә, бүгінгі мұғалім-тәрбиешінің жағдайы жоғарыдағыдай. Не болса да ата-ана дұрыс деп есептейтін әкімшілікке жалтақтаумен, екі оттың арасында жүретіні рас.

Дамира

Нұрболдың қазақтың опық мінездігі туралы жазған ой-толғамы көңілімнен шықты. Рахмет. Осындай материалдар көптеп жарияланса деген ниетім бар. Ұстаздар қауымы оқыса, бір ойланып қалар.

Асылжан

Мынаны көрген, естіген ұстаздар қауымының көңілдері бір марқайып қалатын болды-ау! Дұрыс! Ұстаз мамандығының қадірі кетіп бара жатқаны анық! Жұрт болып мәртебелі мамандық иелеріне ұрыса бергенше, оларға мақтау айтсақ болмас па!?

Жанаргүл

Нұрбол, сен әрқашан нағыз оқшау ойыңмен ерекшеленесің. Жаяу жүру дегенге, былай қарағанда ешқайсымыз мән бере бермейміз, оның денсаулығымыз үшін маңызын керек те қылмаймыз. Осы мәселені жұрт назарын аударарлықтай етіп жазғаныңа риза болдым. Жарайсың! Шынында да, деннің саулығы қозғалыстың көптігіне өте тәуелді ғой!

Ардақ

Нұрбол, сіздің пікіріңізбен келісем, «Ауырып емделгенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар ғой. Өз денсаулығының саулығын ойламайтын азаматтар көп, артынан сырқаттанса ғана шыбын жаны көзіне елестей бастайды...

 

P.S. Бізге ғаламтор арқылы келіп жеткен пікірлердің бір парасы осындай. Ұлттық табиғатымызға, мүддемізге қатысты «Оқшау ойларымызға» алдағы уақытта да бей-жай қарамайды деп сенеміз. http://saryarka-samaly.kz сайтындағы әр журналистің жеке қойын дәптеріне ұсыныс-пікірлерді қарша жаудырады деп үміттенеміз.

 

 

ЕЛ ҮШІН МАҢЫЗДЫ МАМАНДЫҚ

Отанға қызмет ету – өзге мамандықтарға қарағанда құрметті әрі қастерлі. Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен отандық әскерге барынша қамқорлық жасалуда. Әскеріміз мықты күшке айналып, заман ағымымен жетілуде, оны дамыту мақсатында қолайлы жағдайлар қарастырылған. Соның нәтижесінде, әскери мамандыққа деген сұраныс жыл санап артып келеді. Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің офицері деген кім? Бұл сұраққа Халық қаһарманы, әйгілі батыр атамыз Бауыржан Момышұлының мына сөздерімен жауап бергім келеді. «Офицер – әскердің ары. Офицер жай ғана мемлекетке қызмет етуші емес, ол көптеген тұрғындардың өмірі сеніп тапсырылған мемлекеттің адамы. Офицер – әскердің қозғаушы күші, орталық фигурасы, жауынгерлердің санасы, шабуылдарды ұйымдастырушы әрі жеңістерді жасаушы. Офицерге соғыс уақытында мемлекеттің тағдыры сеніп тапсырылады».

Еліміз Тәуелсіздік алғалы бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Соның бірі - заманауи және жауынгерлік әскерді жасақтау. Кеңес одағы ыдырап, еліміз өз алдына жеке мемлекет болып шыққанда Қазақстанның алдында қару-жарақтарды, соғыс техникаларын, материалдық құралдарды сақтап қалу міндеті тұрды. Бұл ретте, әскери дайындығымызға сәл болса да сызат түсіруге болмайтын еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін әскеріміз қайта жасақталды. Қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық құрылғылармен толықтай қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, тез арада әскери мамандарды дайындаудың жаңа жүйесі қалыптасты. Аз ғана уақыттың ішінде зайырлы мемлекеттің басты ерекшеліктерінің бірі – Қарулы күштер құрылды. Қысылтаяң уақытта мұндай жетістікке қол жеткізу тынымсыз еңбектің арқасында келгенін айта кеткен абзал.

Бүгінгі таңда елімізде ұлттық қорғаныс университеті, үш әскери институт (Алматы қаласындағы құрлықтық әскерлер институты, Алматы қаласындағы радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Ақтөбе қаласындағы әуе қорғаныс күштері әскери институты), Қорғаныс министрлігінің кадет корпусы және республикалық «Жас ұлан» мектебі бар. Отандық әскери оқу орындарында 90-нан аса павлодарлық білім алуда.

Офицерлік мамандарды даярлауда еліміздің басты серіктестері Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы болып табылады. Олардағы әскери білім ордаларында Қазақстанда жоқ мамандықтар бойынша жастарымыз оқытылады. Бұдан басқа Түркия, Германия, Үндістан және Пәкістан мемлекеттерінде әскери мамандарды оқыту жұмыстары үзбей жүргізіледі. Бүгінгі таңда павлодарлық 30 азамат алыс-жақын шетелдерде әскери білім алуда.

Павлодар қаласының көптеген жасөспірімдері болашағын Қазақстан Республикасының қарулы күштерімен сабақтастырып, келешекте офицер болуды армандайды. Қазіргі таңда Павлодар қаласының қорғаныс істері басқармасы 2012 жылға еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі әскери оқу орындарына үміткерлерді жинауда.

Жоғары әскери оқу орындарына жалпы орта білімді немесе орта кәсіптік білімі бар, 17 жасқа толған, 21 жасқа дейінгі, әскери борышын өтемеген ел азаматтары қабылданады. Сондай-ақ, әскери борышын өтеп келген азаматтар 24 жасқа дейін бір жылдық оқуға түсе алады.

Жалпы орта мектептердің биылғы түлектері оқуға ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қорытындысы бойынша қабылданады. ҰБТ тапсырған кезде оқушылар Қазақстан тарихы, математика, қазақ (орыс) тілі, физика пәндерінен тест тапсыруы тиіс.

Оқу мерзімі оқитын жоғары оқу орнына байланысты 4 немесе 5 жыл болуы мүмкін.

Ақмола облысы, Шортанды қаласындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадет корпусына денсаулығы жарамды, психологиялық және спорттық дайындықтан өткен ел жастары қабылданады. Оқу мерзімі 11-сыныптан кейінгілер үшін 2 жылды құрайды.

Қазіргі таңда әскери жоғары оқу орындарының оқу-материалдық базасы заманауи құрылғылармен, қондырғылармен қамтамасыз етілген. Түрлі техникалық білім алуға мүмкіндік жасалған. Болашақ офицерлерді даярлайтын профессор-оқытушылардың құрамы тәжірибелі әрі теориялық біліктіліктері шындалған. Шәкірттер арнайы әскери пәндерден сабақ алады. Олар қоғамдық ғылымдар, жоғары математика, физика, шетел тілі, есептеу техникасы, жалпы техникалық пәндерді оқып, білімдерін жетілдіреді. Оқу барысында курсанттар соғыс техникаларын керек кезінде басқа жаққа көшірудің түрлі әдіс-тәсілдерін үйренеді.

Әскери оқу орындарында білім алудың төмендегідей тиімді жақтары бар:

- ең маңыздысы курсанттар жоғары немесе орта-арнайы әскери мамандықты және терең білімді игеріп шығады;

- заманауи жатаханаларда тегін тұрады;

- тегін тамақтанып, түрлі заттай игіліктермен қамтамасыз етіледі (әскери киім және тағы да басқалары);

- салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Ата-ана қамқорлығынан тыс әскердің қатаң тәртібіне үйренеді;

- жазғы және қысқы демалыс уақыттарында курсанттарды білім ордасы қалаған жеріне тегін апарып қайтады;

- әскери оқу ордасын тәмамдаған соң тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі;

- 45 жаста зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік береді;

- мүмкіндігіне қарай зейнеткерлікке шыққан уақытта Қазақстанның кез келген өңірінен пәтермен қамтамасыз етіледі.

Әскери жоғары оқу орындарында білім алуға байланысты сұрақтарыңыз болса, Павлодар қаласының қорғаныс істері басқармасына Павлодар қаласы, Чкалов көшесі 20/1 үй, 204 кабинет, тел: 68-00-31 және Павлодар қаласының білім беру бөлімі, Кривенко көшесі 25 үй, 411 кабинет, тел: 32-69-65 хабарласыңыздар!

Қ.РАИСОВ,

Павлодар қаласы білім беру бөлімі алғашқы әскери дайындық әдіскері.

 

Интернет-сабақтың игілігі бар

 

Полиция қызметкерлері 1.sabak.kz сайтында он-лайн режимінде жасөспірімдер арасында орын алатын құқық бұзушылық пен жол-көлік апатының алдын алуға бағытталған сабақ өткізді.

Олар жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жайлы айта келе, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мәселен, бесінші сынып оқушысы Натальяны «Жол инспекторы қандай болуы қажет және ол үшін не білу керек?» деген сұрақ қызықтыратын көрінеді. «Ең алдымен, жол қозғалысының ережесін білу керек. Одан кейін оқу үлгерімі тәуір, физикалық жағдайы жақсы болуы қажет», - деді ІІД Жол полициясы басқармасының ұйымдастыру-аналитикалық және алдын алу жұмыстары бойынша құрылған топтың инспекторы Сәуле Мұқажанова.

Аталмыш сабақта «Неше жастан бастап мотоцикл жүргізуге болады?», «Мектеп бітірісімен көлік жүргізу құқығын алуға бола ма?» деген сұрақтар да қойылды. Полиция қызметкерлері мотоциклді 16, ал автомобильді 18 жастан бастап жүргізуге рұқсат етілетінін айтты. Сондай-ақ, олар жол қозғалысына қатысушылардың, оның ішінде жаяу жүрушілердің жауапкершілігі жайлы ерекше ескертті.

Интернет-сабаққа облыстың 105 мектебінен 3000-нан астам оқушы және мыңға жуық ата-ана мен ұстаздар қатысты. Балалардың айтуынша, олар осы интернет-сабақ арқылы көп нәрсені білген. Оларды кездесудің осы үлгісі қызықтырған. Нақты жағдайлар бойынша мәлімет алған ата-аналар да Интернет арқылы өтетін сабақтарды пайдалы деп санайды.

Осындай ақпараттық-құқықтық сабақтар Павлодар облысында ай сайын өткізілмек.

Ж.БІЛӘЛОВА,

Павлодар қалалық ішкі істер бөлімі баспасөз орталығының маманы.

 

 

 

Полиция қызметкері де жауап береді

 

Майқайың ауылдық учаскелік ауруханасына жасы кәмелетке толмаған, «оң жағының төменгі бөлігі сынған» деген диагнозбен әлдебір азамат медициналық көмек сұрап жүгінген. Аталған дерек бойынша ауданның ІІБ учаскелік инспекторы сот-медициналық сараптама қорытындысының болмағаны себепті қылмыстық істі қозғаудан бас тартқан.

Кейін анықталғандай, П. деген күдікті Ленин көшесіндегі «Әсемгүл» дүкені жанында жасы кәмелетке толмаған азаматты күш қолданып ұрған, бұзақылық ниетпен денсаулығына зиян келтірген. Бірақ, учаскелік инспектор Е.Қасымов көрсеткішті жақсарту мақсатында бұл қылмысты тіркеуден жасырған. Бұл фактінің анық-қанығына жеткен Баянауыл аудандық прокуратурасы өмірге қауіпті емес, қасақана ауырлығы орташа денсаулыққа зиян келтіру бойынша қылмыстық іс қозғады. Аудандық ішкі істер бөліміне жіберілген ұсынысты қарау нәтижесінде, аудандық ІІБ учаскелік инспекторына қатаң сөгіс жарияланды.

Павлодар облыстық прокуратурасы.

 

 

 

 

Келтірілген залалдың орны толтырылды

 

Павлодар облысының прокуратурасымен «ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің «Ертіс» экология департаменті» ММ-де қоршаған орта туралы заңнаманың қолданылуына тексеру жүргізілді.

«Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ын экологиялық тексеру барысында, өндіріс қалдықтарын рұқсатсыз орналастыру және ГРЭС-2 аумағында пайдалану анықталды, бұл жөнінде өлшем актісі құрастырылды. ҚР Үкіметінің 27.06.07 ж. қаулысымен бекітілген Ережелер негізінде жүргізілген залалды экономикалық бағалауға сәйкес, қоршаған ортаға келтірілген зиян көлемі 51 757 258 теңгені құрады.

Тексеру нәтижесі бойынша облыс прокуратурасы заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді. Қараудың қорытындысы бойынша «ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің «Ертіс» экология департаменті» ММ қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру салдарынан қоршаған ортаға келтірілген 51 757 258 теңге сомасындағы залалдың орнын толтыру туралы ГРЭС-2-ге қатысты сотқа талап-арыз берді. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен өтініш толық көлемде қанағаттандырылды. Шешім орындалды, қоршаған ортаға келтірілген залалдың орны толтырылды.

 

Іздеусіз қалған БАЛА

 

Қыс мезгілінің суық күндерінің бірінде Павлодар қаласының орталық сауда үйінде

жалғыз қалған 2-3 жасар бала табылды. Баланың жалғыз жүргендігі жөнінде полиция қызметкерлеріне сатушының бірі хабарлаған. Оның жоғалғаны туралы ешбір өтініш пен жүгіну келіп түспеген. Полиция қызметкерлері баланың жалғыз екендігіне көз жеткізген соң, толық тексеру жасау үшін облыстық балалар ауруханасына орналастырады. Тексеру барысында оның денсаулығы, жалпы халі жақсы екендігі анықталды. Ал оның ішкі жан дүниесі қандай қалыпта екенін кім білсін. Мөлтілдеген бала көздері анасын ұзақ күтті.

Павлодар облысы ІІД бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жоғалған бала туралы бағдарлама көрсеткеннен кейін баланың анасы хабарласады. Полиция қызметкерлеріне жауап беруде анасы баласын неліктен тастап кеткенін айтты. Сөйтсе, жұмысы, ақшасы, тұратын баспанасы жоқтығынан қиналған бейбақ баласын тастап кетуге мәжбүр болыпты. Содан кейін Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде шаштараз болып жұмысқа орналасады.

Қазіргі уақытта баласына бей-жай қараған анаға қатысты процессуалдық шешім қабылдануда. Ендігі жерде баланы өзіне қалдыру үшін анасы енді қайтып мұндай әрекетке бармайтынын дәлелдеп, тырысуы қажет болады.

Өмірде осындай аналардың болуы өкінішті-ақ. Олардың күнкөрістің ауыртпалығына бола баласын көшеге тастап кететін безбүйректігіне таң қаласыз...

 

Бақытжан ЖАҢАБЕРДИНОВА,

Павлодар облыстық ішкі істер департаменті баспасөз орталығының маманы.

 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

14 Ақпан 2012, 18.30
ЖОЛДАУ. ЖАСТАР. ЖАСАМПАЗДЫҚ.
«Оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс».   ҚР Президентінің биылғы...

«Тұлға»

02 Ақпан 2012, 18.30
  ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Майра Ілиясова   Майра ІЛИЯСОВА – халық арасында ұлттық өнерімізді...

Мұрағат

< Ақпан 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29