ҚОҒАМ

БЕКЖАН ТҰРЫС – БІЗДЕ ҚОНАҚТА

 

Сейсенбі күні облыстық «Сарыарқа самалы» газеті редакциясында танымал актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыспен кездесу өтті. Қалың қазаққа «Ұят болмасын» бағдарламасындағы Ақылбай қария кейпінде танылған актер жеке өмірінен сыр шертіп, өнердегі жолы туралы қызықты әңгіме өрбітті. Киелі сахна табыстырған тұлғалардың күрделі тағдыры жайлы соны хикаялар айтты. Кездесу соңында журналистердің өтінішімен қолына домбыра алып, «Амалым қанша, амалым» әнін орындап берді.

Танымал тұлғамен өткен кездесу өте әсерлі болды.

 

Өз тілшіміз.

 

 

 

АҒА БУЫН АСУЛАРЫ

 

Облыстық ардагерлер ұйымының құрылғанына – 30 жыл

 

Биыл республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына – 25, ал облыстық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толып отыр.

Республикалық ардагерлер ұйымының 25 жылдығында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев: «Аға буынның еңбектерін бағалау өте күрделі. Сіздердің көбіңіздің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысы жылдарында өтіп, ерлік пен өрліктің өнегесін көрсеттіңіздер, Жеңістің жақындауына үлес қостыңыздар. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге үлес қосып, өз міндеттеріңізді абыроймен атқардыңыздар. Еліміз Тәуелсіздік алған уақытта экономикалық және әлеуметтік-саяси реформаларды алғашқылардың бірі болып сіздер қолдадыңыздар. Осы уақыт аралығында сіздер ақыл-білім, өмір тәжірибелеріңіз бен азаматтық жауапкершілік ұстанымдарыңыз арқылы Қазақстанда бірлік пен келісімнің, тұрақтылықтың қалыптасуына, дамуына зор үлес қостыңыздар», деп атап көрсеткен болатын.

Бұрынғы кеңес одағы елдерінде ардагерлер қозғалысы Ұлы Отан соғысынан кейін дами бастады. Соғыс ардагерлері түйінді мәселелерді шешуге, бейбітшілікті, халықтың қауіпсіздігін сақтауға, қоғамды жұмылдыруға ұмтылды. Бұл ардагерлер ұйымдарының құрылуына, одан соң кеңестік соғыс ардагерлері комитетінің жасақталуына негіз болды.

1986 жылы желтоқсан айында Мәскеуде ардагерлердің бүкілодақтық ұйымы, ал 1987 жылдың 21-ші наурызында Алматыда Қазақстан ардагерлерінің құрылтай конференциясы өтті. Елімізде ардагерлер қозғалысының көш басында болған республикалық Ардагерлер кеңесінің бірінші төрағасы, соғыс ардагері Ш.Жәнібеков, Кеңестер Одағының Батыры, генерал С.Нұрмағамбетов, Ардагерлердің орталық кеңесін 19 жыл басқарған М.Сағдиевті ерекше атап өту ләзім. Қазір ардагерлердің республикалық ұйымының құрамында 1 млн. 730 мың адам бар болса, соның 9 мыңы соғыс ардагері, 225 мыңы - тыл еңбеккерлері. Республикалық ардагерлер ұйымының құрамында 16 аймақтық, 240 қалалық, аудандық, барлығы 9,5 мың бастауыш ұйымдар жұмыс істейді.

Ертістің Павлодар өңірінде ардагерлер ұйымын құрудың алғашқы қадамдары өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жасалды. 1963 жылы жаңа салынып жатқан Павлодар алюминий зауытының құрылысында 830 соғыс ардагері болды. Сондықтан, зауытта құрылған ұйым «ПАЗ-ның соғыс және еңбек ардагерлерінің кеңесі» деп аталды. Кеңестің төрағасы болып зауыттың азаматтық қорғанысының бастығы, запастағы капитан И.Коваленко тағайындалды. 1964 жылы Қашыр ауданы Федоровский совхозында ардагерлер ұйымы құрылып, оның төрағалығына А.Кузнецова тағайындалды. Сол жылы Павлодарда қала ардагерлерінің бірінші ұйымдастыру жиналысы өтіп, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып З.Хайрутдинов тағайындалды. 1966 жылы ҚР еңбек сіңірген мұғалім Е.Касацкаяның ұсынысымен білім беру саласының ардагерлер кеңесі құрылды.

Жетпісінші жылдары Ертістің Павлодар өңірінде ардагерлер қозғалысы кең өріс алды. Павлодар облыстық соғыс және еңбек, партия мен комсомол ардагерлерінің кеңесі құрылып, олар аймағымыздың әр ауданы мен әр қаласында ардагерлер ұйымдарының құрылуына атсалысты. Бұл жұмыс 1982 жылдың мамыр айында аяқталды. Ал 1982 жылдың 10 маусымында ардагерлердің бірінші облыстық конференциясы өтті. Содан бері бұл күн ардагерлер қозғалысының құрылған уақыты деп белгіленді. Ардагерлер ұйымын соғыс ардагері П.Кулаков басқарды. Жалпы, сол кезеңде аймағымыздағы аудан, қалаларда құрылған ардагерлер ұйымдарының төрағалары, атап айтқанда: З.Хайрутдинов, Н.Бояркин, Н.Михалюк, А.Джулаев, Д.Увалиев, В.Омельченко, В.Баильдинов, М.Милевский, С.Мағзұмов, Т.Масабаев, Т.Әбілдинов, т.б. ардагерлер қоғамдық қозғалысының жаңаша қарқын алуына зор үлес қоса білді.

Аға буын арасында қоғамдағы барлық оң өзгерістерге үн қосып, әсіресе, жастар тәрбиесіне ықпал жасауға атсалысқандардың қатарында Кеңес одағының Батырлары И.Кривенко, М.Милевский, И.Ворушин, И.Кабурнеев, т.б. болды.

- Еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық саласына түбегейлі өзгерістер әкелген 1991 жылғы ел тәуелсіздігі ардагерлер кеңестерінің мақсаты мен міндеттерін, жұмыс әдістерін өзгертті, - дейді облыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмір Жазин. – Біздің ұйымымыз құлашын кең жайып, Елбасы Н.Назарбаевтың әр сала бойынша енгізген реформаларының жүзеге асуына қолдау көрсеттік, Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосуға тырыстық. Қазіргі уақытта да осы бағытта жұмыс жүргізіп келеміз. Аймағымыздағы ардагерлер ұйымдарының атынан облыс әкімі Ерлан Арынға компьютерлендіру мәселесін шешіп бергені үшін зор алғысымызды білдіреміз, - дейді Әмір Нұрмұхамедұлы.

Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде ардагерлер ұйымын Ю.Панов басқарып, кеңес құрамында С.Баймағамбетов, В.Курочкин, Б.Хазыров, Х.Демесінов, Қ.Әбдіков, т.б. болды. Олар зейнеткерлерге әлеуметтік көмек беруге ұйтқы бола жүріп, көптеген игілікті іс-шаралар ұйымдастырды. Әлеуметтік «Забота», «Подворье ветерана» бағдарламалары жүзеге асырылды. Ардагерлер кооперативтері өз жұмысын белсенділікпен жүргізуді қолға алды. Соғыста қаза болған жауынгерлер үшін «Боздақтар» кітабын жазу ұйымдастырылып, 1993 жылдан ардагерлердің «Наш край» газеті шыға бастады.

Өткен 30 жылда ардагерлер ұйымдарында өзіндік тәжірибелер жинақталды. Олар еліміз бен аймағымыздың барлық қоғамдық жұмыстарына белсене араласып келеді. Аға ұрпақ өкілдері президенттік және парламенттік сайлауларға, басқа да бірқатар саяси науқандарға белсене қатысып, өздерінің еңбекқорлығы, іс-тәжірибесі мен кәсіби шеберліктерінің нәтижесінде кейінгі толқын жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Сонымен қатар, аймағымыздағы барлық ардагерлер ұйымдарыбілім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, энергетика, кеншілер, теміржолшылар, мәдениет салаларыбарлығы 200 бастауыш ұйым облыстық, республикалық өнер байқауларына, спорт, қолөнер шараларына жыл сайын белсенділікпен қатысады. Екі жыл бұрын ашылған «Замандас» демалыс орталығы еңбек ардагері Қ.Шәкәрімовтің ұйымдастыруымен зейнеткерлердің сүйікті орнына айналды. Ардагерлер өздері тұратын аудан, қалаларда мәдени демалыстар ұйымдастырып, олардың кино, театр, концерттерге тегін баруларына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, қалалар мен аудандар бюджетінен қариялардың денсаулықтарын сауықтыруға қаражат бөлінді. Мысалы, үстіміздегі жылдың ақпан айынан бері «Ағарту» профилакториясы пен «Лесная сказка» демалыс үйінде 200 зейнеткер демалды.

- Біз облыстық мәслихат, «Нұр Отан» ХДП, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы, бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мұрағаттар және құжаттама басқармасы сынды мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келеміз, - дейді Ә.Жазин.

 

Соғыс балаларына да көмек керек

Қазіргі қариялардың көпшілігінің зейнетақысы төмен. Олардың дені тоқсаныншы жылдарда шаруашылықтар ыдырағанда зейнеткерлікке шыққандар. Осы мәселені біз, Павлодар облыстық ардагерлер ұйымы, Астанада өткен республика ардагерлерінің VІ съезінде мәселе етіп көтердік. Бұл қазір үкімет тарапынан қаралуда.

Қазір аймағымызда 10 мыңдай тыл ардагері бар. Оларға сол үшін зейнетақыларына үш айлық-есептік көрсеткішпен 3 мың теңге қосылады. Бұл, әрине аз. Осы мәселені де көтердік. Сондай-ақ, 1937-1945 жылдары дүниеге келген соғыс балалары бар. Олардың да балалық шақтары қиын-қыстау кезеңде өтті. Алдағы уақытта осындай жандарға да әлеуметтік көмек беру жағын қарастырмақпыз.

 

Абылай Жантөрин, облыстық ардагерлер

кеңесі төрағасының орынбасары.

 

 

Еліне елеулі абзал жан

Ардагерлер кеңесінің алға басуына зор үлес қосып жүрген жандардың бірі – Клавдия Шаймарданқызы Арынғазина. Бүгінде ол құрметті еңбек демалысында болса да, қоғам өміріне араласып, қалтқысыз қызмет етуде.

Жастайынан оқуға құштар болып, еңбекке ерте араласқан Клавдия Шаймарданқызының әр ісі кейінгі буынға өнеге боларлықтай.

Ол орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы тау-кен металлургия институтының геолог-барлау факультетіне оқуға түседі. Кейін жоғары оқу орнын үздік бітіріп, Павлодар қаласындағы гидрогеологиялық экспедицияға жұмысқа кіреді. Сол шақты есіне алған ардагер: «Ол кезде тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталған еді. Осы науқанға байланысты біздің экспедиция жер асты су көздерін іздеумен айналысты. Мен бұл саламен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араластым. Сөйтіп жүргенде Павлодар қалалық партия комитетінің хатшысы Г.Пирожников мені нұсқаушылыққа ұсынды. Геология мамандығымен қоштасу қиын болды. Бірақ, кейін көптеген адамдармен араласып, қала өміріндегі ең маңызды мәселелерді шешуге атсалысқаныма өкінген жоқпын», - дейді. Бұдан кейін ол қалалық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Ильич аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты, атқару комитетінің төрайымы болып қызмет істейді.

Осылайша, ел сенімін ақтай білген абзал жан 2005 жылдан бері Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы болып, шаһардағы зейнеткерлер мен ардагерлер игілігі үшін аянбай еңбек етіп келеді.

- Қалалық ардагерлер кеңесі менің қазіргі өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Өмір мені о бастан жұмысқа жан сала кірісуге, мұқтаж жандарға көмектесуге тәрбиелеген екен. Түрлі лауазымда жүрсем де адамдарға қамқорлық көрсетуден ешқашан бас тартқан емеспін. Мәселесін айтып, алдыма келген әр адамды өзім деп қабылдадым. Әр адамның алғысын алып, ризашылығына бөлену – мен үшін ең рахат сәттер болды», - дейді К.Арынғазина.

Осындай асыл қасиеттерінің арқасында 52 мыңнан астам павлодарлық зейнеткерлер мен ардагерлердің көңілін тауып, олардың жақсы да жайдарлы өмір сүруі үшін тер төгіп жүрген Клавдия апайдың бұл ісі ерлікке балауға лайық.

 

Әзірлегендер – С.МҰСАБАЕВА, Н.ШОДЫР.

 

 

 

МЕМЛЕКЕТТЕН ҚАРЫЗ АЛЫП, МЕНШІГІН ЖӨНДЕУДЕ

Павлодар қаласының Академик Бектұров көшесіндегі №5 тұрғын үйдің пәтер иелері үйлеріне жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына қуанышты. Олар тұрғын үйді жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасымен танысып, бірден қатысуға келісті. Қазіргі уақытта аталмыш бағдарламаның шеңберінде баспанаға жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Осы үйдің тұрғыны Светлана Смышляеваның айтуынша, үйдің баспалдағы, коммуникациясы және төбе жабындысы жөнделіп болды, енді құрылысшылар жаңа есіктер орнатуда. Бағдарлама арқылы тұрғын үй иелері терезелерді де ауыстыруда.

– Біз күн санап үйіміздің көркейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Қазір жаңа пәтер сатып алуға жағдайымыз жоқ. Сондықтан, қолда барды сақтап қалу үшін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мердігер ұйымды да өзіміз таңдап алдық, - дейді С.Смышляева.

- Жөндеу жұмыстарының жалпы құны 8 миллион теңгеден астам соманы құрады. Тұрғындардың қалауы бойынша, біз үйдің сәулеттік бейнесін сақтап қалдық. Оның қасбетін (фасад) жаңарту үшін балкондарға арналған фигуралы шыныларды Қарағандыдан тапсырыспен алдырдық. Павлодарда әзірге ондай шынылар жоқ. Жөндеу жұмыстарын осы айдың аяғына дейін аяқтаймыз, - деп мәлімдеді «Қалалық коммуналдық шаруашылық» МКК директорының орынбасары Зікірия Сұлтанғазинов.

Осылайша, Павлодар қаласында тұрғын үйлер қорын жөндеу ісі алға басуда. Бұған дейін баспалдақ, төбе, подъездің іші-сырты секілді ортақ мүліктерді өз меншігі ретінде сезінбей келген тұрғындар жауапкершіліктерін енді түсінген сыңайлы. Оларға өздерінің меншігін күрделі жөндеуден өткізуге мемлекеттік бағдарлама тың мүмкіндіктер ұсынып отыр.

Өз тілшіміз.

 

«ҮШ ТҰҒЫР – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ»

Үстіміздегі жылдың 27 сәуірінде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясы өтті. Жиынға біздің аймағымыздан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этно-мәдени бірлестіктерінің төрағалары мен Ассамблея мүшелері, барлығы 200 адам қатыстық.alt

«Қазақстан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» тақырыбына арналған сессияда сөз сөйлеген Н.Назарбаев  елдегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын біріктіруші ұйым – Ассамблеяның жүріп өткен жолын, қызметін саралап, осы игіліктерді одан әрі нығайту бағытында алдағы уақытта атқаратын іс-қимылдар стратегиясын айқындап берді. «Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бірлік - баға жетпес басты байлығымыз. Жаңару – келер күнге, кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз. Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып тұр. Үндестігі мол үйлесімді ұштаған – мерейлі мемлекетіміздің қасиетті құндылығы» деп атап өтті Елбасы.  Алдағы уақытта еліміздегі барлық аймақтардағы Қазақстан халқы Ассамблеялары Елбасымыз айқындап берген тұрақтылық пен бірлік және жаңғыру мақсатында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруды белсенді түрде жүргізуге тиіспіз.
Нұрсұлтан Назарбаев  бүгінгі жас буынға көп міндет артып отырғанын, сондықтан мемлекетіміз оларға қолдан келген барлық жағдайды жасау керектігін атап өтті. Мәселен, «Жасыл ел», «Ауыл жастары», «Дипломмен - ауылға» бағдарламаларының табысты жалғасын тауып келе жатқанын мысал етіп, олардың еңбекпен, баспанамен қамтылуына мән беру керектігін мәлімдеді. Осы бағытта облыс Ассамблеясының қолға алған міндеттерінің бірі – жұмысшы жастармен, студенттермен кездесу, дөңгелек столдар ұйымдастыру, оқу бітірген түлектерді жұмыспен қамту, олардың баспаналы болуларына мүмкіндік жасау, жоғары оқу орындарында жастар саясатына қатысты орталықтар құруды жоспарлап отырмыз. Жақында ғана «Достық үйінде» С.Торайғыров атындағы ПМУ, ПМПИ және ИнЕУ  оқытушыларымен және студенттерімен кездесулер ұйымдастырып, онда Елбасының басты тапсырмаларының бірі - «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын нығайту, еліміздегі жастар саясатының жүзеге асуыalt сынды бірқатар мәселелер төңірегінде сөз болды. 2020 жылға дейін елімізде 1,5 миллион қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Индустрияландыру картасы бойынша 2014 жылға дейін 100-дің үстінде жаңа өндіріс орындары іске қосылды деп жоспарлануда. Бұл – жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады деген сөз. Сондықтан, облыстық Ассамблея алдағы уақытта аймағымыздағы өнеркәсіп, кәсіпорындар, мекемелер басшыларына бос орындарға жастарды жұмысқа тарту жөнінде арнайы хат жолдамақпыз. С.Торайғыров атындағы ПМУ-де студент-жастардың қатысуымен этносаралық келісім орталығы құрылмақшы. Сондай-ақ, ұлттық-мәдени орталықтардың жанынан құрылған жастар бірлестіктерінің қызметін үйлескен түрде жүргізу, Қазақстан халықтарының мәдени-тарихи мұраларын оқып-үйрену, ұлттар тілін, мәдениетін, дәстүрін дамытуды мемлекеттік тіл, қазақ халқының мәдениетімен ұштастыра жүргізу негізгі міндеттің бірі болып қала береді.
1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне облыстағы барлық ұлттық-мәдени бірлестіктер қатысты. Іс-шаралар мамыр айының соңына дейін жалғасуда. Ұлтаралық келісім айлығы шеңберінде қабардин-балқар және қарашай-черкесс этно-мәдени «Эльбрус» бірлестігі Ақсу қаласында өнер көрсетсе, «Славян» мәдени орталығы  қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ресейдегі Новосібір педагогикалық университетінің студенттерінің қатысуымен қолөнер көрмесі өтеді.alt
Қазақстан халқы Ассамблеясының  ХІХ сессиясының жалғасы ретінде алдағы уақытта облыстық Ассамблеяның ХҮІІІ сессиясы «Қазақстан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» деген тақырыппен өтеді. Жауапты жиынға қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Сессия жұмысына Павлодардағы барлық этно-мәдени бірлестіктердің, «Нұр Отан» ХДП-ның, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері атсалысады. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары әзірленгені белгілі. Оны толықтыру, дамыту міндеті, жоғарыда атап өтілген жастар саясатын жүзеге асыру, көпұлтты еліміздегі бірлікті сақтау, зайырлы мемлекеттігімізді нығайту – басты міндет болып қала береді.

Сейсембай ЖЕТПІСБАЕВ,
облыстық Қазақстан халқы
Ассамблеясы төрағасының орынбасары.


ПАВЛОДАРЛЫҚ БЕЛОРУСТАР


«Беларусь» орталығының мүшелері ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға баса көңіл бөлуде. Осының арқасында беларусь ұлтының жас буын өкілдері өздерінің тілі мен мәдениетін дамытуға сүбелі үлес қосуда. 2004 жылы құрылған жастар қанатының белсенділері – ұлттық мәдениетті жаңғыртып, дамытуды мақсат тұтқан. Шығармашыл жастар шоғырланған ұйым «Достық» үйі жанындағы өзге бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнатып, көптеген игі істерді қолға алуда.     
Осыдан біршама уақыт бұрын «Беларусь» этно-мәдени бірлестігі жастар қауымының мұрындық болуымен «Пауладарския беларусы» («Павлодарлық беларустар») атты газет шыға бастады. Бүгінгі күнге дейін басылымның үшінші номері жарық көрді. Газеттегі салмақты мақалалар павлодарлық беларустардың мәдени өмірі, салт-дәстүрлері мен наным-сенімдері тақырыбын арқау етеді.  Басылымның шығуына бас-көз болып жүрген белсенділердің бірі Александр Кравецтің айтуынша, газеттің алғашқы номерлері бойынша Қазақстандағы Беларусия елшілігі, Петропавл, Астана қалаларындағы бірлестіктер мен Ресейдің Омбы, Тюмень, Иркутск қалаларындағы диаспоралар тарапынан жақсы пікірлер түскен. Айта кетерлігі, Минскідегі диаспораның  «Голос Радзимы» газеті павлодарлықтардың осындай игі бастамасы туралы «сүйіншілеп» көлемді мақала жариялады.
Этно-мәдени бірлестіктің ақсақалдары мен аналары жас ұрпаққа «Бірлік бар жерде – тірлік бар» қағидасын аманат етуде.
Қазақстан аумағына сонау  19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қоныс аударған беларусь халқы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына өзіндік үлесін қосуда. Тағдыр тәлкегімен Павлодар өңірінде тұрақтаған олар - бүгінгі күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белді мүшелері.
Ата-баба дәстүрін берік ұстанып, аймағымыздағы өзге ұлттар арасындағы ауызбіршілікті нығайту сынды қағидаларды берік ұстанады. 2000 жылы негізі қаланған «Беларусь» этно-мәдени бірлестігі бүгінде облыстың барша беларустарын бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсат жолында біріктірген.

Ақмарал ӘДІЛБЕК.

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТЕР ҮНДЕСТІГІ


Еліміз  тәуелсіздігін алған кезде оған дейін белгілі бір себептермен Қазақстанға көшіп келген өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына қайта кетіп жатты.  Ал, Қазақстанды Отаным деп санағандар елімізді түбегейлі тұрақтап қалып, Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалауға атсалысты. Солардың қатарындағы павлодарлық украиндердің орны бөлек.
Өңірімізде елу мыңға жуық украин ұлтының өкілі өмір сүреді. Оның жиырма мыңнан астамы облыс орталығында шоғырланған. Сондай-ақ, олар - Екібастұз бен Ақсу қалаларында, Шарбақты және Успен аудандарында қоныс тепкен.
1992 жылдың 12 қарашасы күні өңірімзге белгілі азамат Михаил Парипсаның мұрындық болуымен  Т.Шевченко атындағы украин мәдениетінің серіктестігі құрылды. Жаңа ұйымның шаңырақ көтерілуіне О.Руди, Е.Серенюк, В.Наумова, Г.Дворцева және тағы басқа украин ұлтының өкілдері атсалысты. Бірлестік құрылғаннан бері украиндар «Молодь збэрэже диаспору», яғни диаспора жұмысына жастарды тарту, оларды ұлт мәдениетіне баулу қағидасын ұстануда. Олар қиын-қыстау заманда осы ұлтқа пана болып, құшағын кеңге жайған қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын, тілін меңгеруге де ден қоюда.
Украиндар дүйім жұртшылыққа өздерінің ұлттық өнерлерімен белгілі. Мәселен, 1993 жылы құрылған украин хор ұжымы - өңірімізде ұйымдастырылатын мәдени шаралардың белсенді мүшелері.  Оған соңғы бес жыл бойы Петр Маслий жетекшілік етеді. Айта кетерлігі, хор мүшелері 13 жыл бойы тұрақты өткізілген ұлттық мәдениет фестивальдеріне қатысып, «Фестиваль аңызы» атағына ие болған. Ал вокалдық топ 2005 жылы Астанада өткен республикалық ұлттық фестивальде топ жарып, дипломант атанды.
Серіктестік жыл сайын қазақ және украин ұлтының достығын дәріптейтін шаралар ұйымдастырады. Этно-мәдени бірлестік жанындағы шығармашылық ұжымдар жыл сайын 30-дан астам ауқымды концерттік бағдарламаларын ұсынып келеді. Өнерпаздардың барлығы Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі қандастары арасында танымалдыққа ие.
Айналасын әсем әнге бөлеп жүрген ұжымдардың қатарындағы бандуристер ансамблінің орны ерекше. Оның құрамында Юлия мен Анна Клочан, Александр Егоров, Анастасия Буженко, Мария Маслый, Виталий Вшицев, Денис Богдан, Вика Яроша, Елена Стрюкова, Александр Холматов сынды өнерпаздар бар. Серіктестік төрағасы Михаил Парипсаның айтуынша, бандура аспабын үйрету мақсатында Украина елінен Галина Пидлыпна-Григориади шақырылған. Ансамбль 2009 жылы құрылған. Сол кезде  «Домбыра мен бандура әуендері Ертіс өңірінде» деп аталған шарада ұлттық аспап павлодарлықтарға алғашқы рет таныстырылған болатын. Бірлестік мүшелерінің айтуынша, ансамблді құру оңай болмады. Дегенмен, Америка еліндегі украин диаспорасының өкілі Иван Буртик қол ұшын созды. Ол соңғы жылдары укриан этно-мәдени бірлестігіне көркем әдебиет, музыкалық аспаптарын сыйға тартып, жанашырлығын білдіруде. Ансамблге мұхиттың арғы жағынан бес аспапты  әкелген де сол азамат.
Бұл ұжым қанатын кеңге жайып келеді.  Олар «Достық» үйі жанындағы «Домбыра» ансамблінің музыканттарымен бірлестіп, украин және қазақ ұлттық әуендерін ұштастыруда.


Өз тілшіміз.
 

 

ОРЕКЕҢ – ЕЛ АҒАСЫ

 

altБіз алдымыздағы аға ұрпақтың қамқорлығына да бөленіп, шапағатын да сезініп өскен буынның өкілдеріміз. Ендігі жерде біздің еншімізге өзіміз көріп, тәрбие алып жүрген алыптар арасындағы жарастықты, сыйластықты, асыл ағалар өнегесін бізден кейінгі інілеріміздің бойына және жас ұрпақтың санасына дарыту, кісілікті дәріптеу бұйырып отыр. Алыптар деп айтып отырғаным Орекеңнің ағалары Қабдеш Нұркин, Уақап  Сыздықов, достары, әріптестері, қызметтестері: Қанат  Дәржұманов, Мұрат Таниев, екі Михаил - Юрьев, Предеха, Балтабай Нажмиденов, Мүкәрәм  Шүленбаев т.б. Асылы, қазақта жүйелі сөздер аз ба! Әрбір сөзінің астарында атан түйе көтере алмас жүк жататын халқымыз: «Өзіңнен кейінгілерді көріп қартаясың», -  дегенді тегін айтпаған. Бір кездерде біз де асыл ағаларымыздың ақылын тыңдап, қызметінде жүруді дәреже санаушы едік, «Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады» дегендей, бүгінде осы ағала-рымыздың ақылы мен парасатының, көңілімізге түйгеніміз бен тоқығанымыздың арқасында Құдайға шүкір, басалқалы жиында бас ұстап, бата беретін жасқа жеттік. Оралбек  ағамыздан үйренгенім көп, үйренетінім одан да көп. Оралбек Қожанұлымен өте жақсы танысқан кезім - 1992 жылы  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына орынбасар болып келгенде.  Ол осы басқарманың бастығы қызметін атқарды. Ағамыз жөнінде қалам тартпас бұрын, осыдан бес жыл бұрын, 70 жылдық мерейтой қарсаңында жазылған Қабдеш Нұркин ағамыздың қолжазбасын мұқият оқып шығып, қандай керемет жазылған, ой-пікір, тіл орамы, тақырып талғамы, Орекеңдей тұлғалы ел азаматын қалай сомдаған деп таң қалдым. Осы қолжазбаны мақаламда пайдалануға мәжбүр болдым.
Оралбек Қожанұлы 1937 жылдың 14 мамыр күні (құжат бойынша) Павлодар облысы Ақсу ауданы Қазалы ауылында дүниеге келді. Алғаш азан шақырып қойған аты - Жұмабек, негізгі туған күні - көкек айының 30-шы жұлдызы. Ауыл ұстасы Қожан ақсақалдың үйінде дүниеге келеді. Кейін Павлодар қаласында Абай орта мектебін жақсы бағамен бітіріп, Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, оны ойдағыдай бітіргеннен кейін, өзінің еңбек жолын Павлодар ауданы Шақат совхозында ферма зоотехнигі мамандығынан бастаған. Ауыл шаруашылығының майталман маманы ретінде барлық салада қызмет атқарып, облысымыздың атқару комитетінің төрағасы қызметіне көтерілуі - Оралбек ағамыздың төккен терімен, атқарған адал қызмет, қажырлы еңбегінің арқасы деп білеміз. Орекең -  мұндай жоғары мәртебеге жетекпен жеткен жебе емес, құз басына кездейсоқ қонған құс та емес, ең ауыр еңбек жолын арқалап шыққан қара нар. Ферма зоотехнигі, Железинка ауданының бас зоотехнигі, аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасының орынбасары, Баянауыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Павлодар облысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және сапа жөніндегі мемлекеттік бас инспекторы болды. 1978-ші жылдан 1988-ші жылға дейін Екібастұз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. 
1989-1998 жылдары агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары, кейін төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары  қызметтерін атқарды. Бір адамның басына сеніп тапсырылған қандай міндет, қандай жүк! Осы аталған үлкен жұмыстарда мемлекетіміздің мүддесімен, халқымыздың тағдыры, еліміздің өркендеп өсуі тығыз байланысқан. Кадр мәселесі, жоспардың орындалуы, әлеуметтік саланың өркендеуі жеке адамның қатысуымен шешілетін мәселелер. Осындай үлкен мақсаттардың орындалуының басында Оралбек Қожанұлы тұрды. Орекеңнің бастамасымен қазақтың алып тұлғалары Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге дәріптелді: Қаныш Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шапық Шөкин, Дихан Әбілев, Қалижан Бекқожин, Кәукен Кенжетаев т.б. Бүгінгі күні «Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-географиялық қоғамы» қоғамдық қорының директоры. Екібастұз ауданында бірінші хатшы болған уақытта талай талантты адамдарды тәрбиелеп, кадр мәселесін оңынан шешті. Олар Әбілхақ Түгелбаев, Тоқтар Мүбәрәков, Барлыбай Қажымұратов, Ержан Әлиакпаров, т.б.
Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып келгенде бізді азаматтық пен адалдыққа, шыдамдылық пен жұмыскерлікке тәрбиеледі. Орекеңнің өзінен кейінгі азаматтарға өнегесі өте зор болды, нақақтан жазаланайын деп тұрған ауыл басшыларын, ел зиялыларын шамасы келсе жалаң арыздан  арашалап алып қалғысы кеп тұратындығы, өтірік ақпарға жаны қас, жағымсыз қылыққа тыйым салатындығы біздер үшін қатал заң болатын. Бірде  совхоздың директорының үстінен арыз түсе берді (қазір ол жігіт Павлодарда қызмет атқарады, мақаланы оқыса ойына түсер). Совхозда кішігірім қызмет атқарып, үкіметтің азды-көпті дүниесін «жеп» жүрген жұмыскерге жаңа келген директор тоқтау қойса керек, ол оған ұнамапты. Содан домалақ арызды барлық жоғарғы жақтарға қарша боратады. Қай арыз болсын алдымен жергілікті жерге жіберіледі және совхоздың арызын біз тексереміз, оның ішінде маған келеді. Орекеңе кіріп, осы арыздың көптен жазылып келе жатқанын және әрқилы мекенжайға жазылатынын айттым. 
Сонда Орекең маған бір өмірлік азық болатын әңгіме айтты. Арызқойдың есебі мынадай деді: «Дерек дәлелденбей-ақ қойсын, алайда, ол ақталып болғанша көресіні көріп үлгереді. Немесе инфаркт алуы да мүмкін. Ал  достары мен әріптестері оның құлпытасына былай деп жазбақ. «Бақұл бол, жолдас. Домалақ арыздағы деректер дәлелденбеді». Осы сөзді қайсымыз болсын жадымызға ұстап, шамамыз келгенше арызқойларға  жол бермеуіміз керек шығар.
Оралбек Қожанұлы экономика ғылымының кандидаты,  қызмет пен білімнен басқа бойында талай қазыналы қасиеттер жатыр. Киноға түсіп, актер да болды. Асанәлі  Әшімовтың «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу» фильмінде Қарабайдың кеңесшісі ролін ойнаған. Жазушы ретінде бірнеше кітаптардың авторы. Тілі жатық, сөзі салмақты, қою қара сөзбен бапталған, жігі жүйелі сөзбен өрнектелген туындылардың иесі. «Өмір жолдан басталады», «Академик Сәтбаев - жерлестері жадында», «Ой өрнектері», «Қажымұқан», «Әси аға» атты кітаптары, т.б. очерктері мен фотоальбомдары жарық көрді. 
Орекең имандылық жолында жақсы бастаманы қолға алып, Павлодар қаласында зәулім мешіт салуға басшылық етті. Бүгінгі күні жергілікті қажылар қауымдастығының төрағасы болды. Арамдық пен адалдықтың арасын әділ ажырата білетін ел ақсақалы, қасиетті қажы.
Орекең - жақсы спортшы, еркін күрес шебері, волейбол  командасының белсенді ойыншысы, шахмат шебері. Орекеңнің бір кітабының алғы сөзі былай басталады:
Әлем, уақыт, табиғат,
Өскен орта, азамат.
Ұлттық сезім, ортақ үй,
Ата-анадан аманат.
 
Бала, тәрбие, жамағат,
Білім, еңбек, қанағат.
Тұрмыс құру отбасы,
Сенім менен махаббат.
Осы өлең шумағы Оралбек Қожанұлын барлық қырынан суреттейді. Сондықтан, Орекең - беткеұстар, арқа тұтар, ақыл-парасатымен, салмақты мінезімен елінің құрметіне, сүйішпеншілігіне бөленген азамат. Оралбек ағамыз еліне адал, халқына сыйлы, әр нәрсені беріден ойлап қысқа қайырмай, әріден ойлап қомақты тұжырымдайтын, жақынды жараламай, алысты қараламай, алдын кең ұстап, артынан көпті ерте білетін тұлға. Сөз соңында Қабдеш Нұркин ағамыздың батасымен өрнектейін - «Өнерлінің қанаты талмас» дейді халқымыз. Орекеңнің көретін жақсылығы әлі алда. Көрген жақсылығынан көретін жақсылығы мол болсын дейміз. Өркені өссін, өрісі кеңісін, мұратына жетсін. Бүгінгі 75 жасқа толған мерейтойы алдағы 100 жылдық тойымен ұлассын. Орекеңді әрдайым төрден көруге Алла тағала нәсіп етсін.
 
 
Абызбай АДАМҰЛЫ.
 

Қаныштың қайсар інісі

 

 

Қаныштың қайсар інісі
 
(Оралбек Қожановқа)
 
Беу, Орекем,
Құтты болсын мерекең!
Еңбегің зор, жүрген жолың кең екен.
Ұлағатты ұлдың тойын шалқытқан,
Керекуім шын керемет ел екен!
 
Тәуелсіздік таңын мықтап қарсы алдың,
Тар өткелде облаткомды басқардын.
Талай жылдар қол ұстасып Әкіммен,
Толағайлы өмір үшін жан салдың.
 
Хабар алдым мерейіңді өсірген:
Құлаш жайды тойлы дүбір көсілген,
Баянауыл Астананы шақырып,
Дабыл қосты Ертіс толқып Есілмен.
 
75 жас – қарттық ғұмыр жазындай,
Әрбір күні күзгі назындай.
Құтты болсын, алтын кезең, бұл межең!
Жыр төгілттім қалмасын деп жазылмай.
 
Қаныш аға 100 жылдығын құп алдым,
Білек қосып ергеніңе қуандым.
Жақсы өтті ғой, әлем қолдап Парижде,
Әруақ бізді қолдады деп жұбандым.
 
Адал достық құрғақ сөзге оралмас,
Ортақ еңбек етті берік қоғамдас.
Зор бақыт сол, іні боп кеттік Қанышқа,
Еңбегіміз ел есінен жоғалмас.
 
Жетелесе жүйрік ойдың дарыны,
Асыл аймақ көкірегінде бар үні.
Соны айтып тұр «Жасыбайдың тастары»
Лаулап тұрған жүрегіңнің жалыны.
 
Әкелгендей мың сан түрлі таулар құт,
Сол кітапті қолға алғанда таңдадық.
Көрініп тұр сәулетші боп табиғат,
Тастан сурет өз қолымен салғандық.
 
Таныс болдым азаматтық сырыңмен,
Сүйсіндірдің жан-жақтылық қырыңмен.
Алғыс айтам ұлы жердің ұлына
Тойлық күні ардақтаған жырыммен!
 
Кәкімбек САЛЫҚОВ, Астана.
 

70 ЖЫЛДАН СОҢ «ОРАЛДЫ»

 

Ұлы Отан соғысына Қашыр ауданынан бес мыңнан астам азамат аттанған. Отан үшін кеуделерін оққа тосқан азаматтардың екі мыңға жуығы майдан даласынан оралмады. Сол соғыста хабар-ошарсыз кетіп, Ресей жерінде 1942 жылы ерлікпен қаза болған Жұмабай Бектұрсыновтың жерленген орны Ұлы Жеңіс күні қарсаңында табылды. Батырдың сүйегін туған топырағына әкеліп жерлеуге жерлестеріміз атсалысты. Сейсенбі күні Қашыр ауданында жауынгердің сүйегі туған жердің топырағына тапсырылды. Осыған орай ұйымдастырылған митингіге облыс әкімі Ерлан Арын қатысты.

 

- Екінші дүниежүзілік соғыс - адамзат тарихындағы ең қайғылы оқиға. Бұл соғыстың тауқыметін тартпаған бірде-бір отбасы жоқ. Отанымызды қорғағандар қатарында 46 мың павлодарлық болды, олар нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Олардың жартысынан астамы елге оралмады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, осы қатал соғыста жеңіске жетпесек, онда келешекке ұмтылған Тәуелсіз Қазақстан да болмас еді. Бізжеңіскер халықтың ұрпағы болғанымызды мақтан етеміз! - деді аймақ басшысы.

Ресейлік «Фронт» іздестіру отряды хабарсыз кеткен Жұмабай Бектұрсыновтың сүйегін Ресейдің Киров ауданындағы Старая Русса қаласы аумағынан тапқан. Осы мекеннен Ж.Бектұрсыновтың туған жылы, №1280 жаяу әскер полкының 391-ші дивизия құрамында болғаны, сондай-ақ мекенжайы туралы жазылған медальон табылған. Батырдың сүйегін Қашыр топырағына әкелу жауапты міндетін атқару «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның бастамасымен құрылған «Майдан жолы» іздестіру отрядының мүшесі Самат Әутәліпов пен Жұмабай атаның туысы Рәзия Әубәкіроваға бұйырды.

- Ұлы Отан соғысы Бектұрсыновтар жанұясы үшін айықпас жара қалдырды. Майданға әулеттің екі бірдей арыстай азаматы аттанған. Темірғалы атам туралы әлі күнге дейін ешбір хабар жоқ. Бірақ, үмітімізді үзген емеспіз. Ал жетпіс жыл өткеннен соң Жұмабай атамыздың сүйегін іздеп тауып, кіндік қаны тамған жерге әкелуге қолғабыс жасаған іздестіру отрядына алғыс білдіремін, - деді Р.Әубәкірова.

Бүгінде Қазақстан электролиз зауытында қызмет ететін С.Әутәліповтің айтуынша, «Фронт» отряды Старая Русса маңындағы Винный өзені жағасын жыл сайын жүйелі түрде зерттеп отырады.

 

Ақмарал ЕСІМХАН,

Қашыр ауданы.

 

 

ЕЛ - ӘСКЕРІМЕН АЙБЫНДЫ

Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай кеше облыс орталығында салтанатты жиын болып өтті. Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде өз Қарулы Күштерін жасақтағанына биыл 20 жыл толып отыр. Осынау айтулы оқиғаға арналған шара барысында бір топ әскерилер түрлі марапаттарға ие болып, мерейтойлық медальдермен наградталды. Еліне қорған болып, халқына адал қызмет етіп жүрген азаматтарды облыс әкімі Ерлан Арын құттықтады.

alt
Ел егемендігінің мызғымас кепілдігі болып табылатын айбынды әскердің құрметіне арналған шараның шымылдығы ортаға Қазақстан Республикасының Туы әкелініп, Әнұранның орындалуымен түрілді.
-    Байтақ жеріміздің, бейбіт еліміздің тыныштығын қас қақпай күзету – абыройлы, мәртебелі қызмет. Біздің ұлттық әскеріміз - ұлыстың берік қорғаны, Тәуелсіздіктің мығым тірегі. Мемлекет айбынды әскеріміздің әрдайым қынаптағы қылыштай бабында болуына зор мән беріп келеді. Соның арқасында бүгінде әскери қызметкерлердің кәсіби дайындығы артып, кадрлық әлеуеті жоғарылады, - деп атап өтті құттықтау сөзінде облыс әкімі Е.Арын.
Шара барысында бірқатар әскерилер түрлі дәрежедегі марапаттауларға ие болды. Подполковник Нұржан Ақылбеков пен капитан Дмитрий Гладченко облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал старшина Денис Дюкарев және Қарулы күштер қызметкері Валентина Андреенко облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын иеленді.
Ел Қарулы күштерінің 20 жылдығына орай ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың бұйрығымен аймақтардағы атқарушы билік өкілдері әскери әлеуетіміздің артуына қосқан үлесі үшін арнайы мерейтойлық медальдармен наградталған болатын. Олардың қатарында облысымыздың әкімі Ерлан Мұхтарұлы да бар.
Аймақ басшысына аталмыш награданы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Асайын Алдажаров табыс етті. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Қабдеш Нұркин қазақтың даңқты ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен наградталды.
-    Қазақстан әскерінің бүгінгі қарым-қабілетін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы кезеңмен салыстыруға мүлде келмейді. Қазіргі кезде мемлекетіміздің әскері кәсіби шыңдалған, кез келген сәтте қауіпсіздігімізді қорғауға сақадай сай болып тұр. Осының барлығы -қарулы күштер саласындағы ардагерлердің арқасы. Біз аға ұрпақтың салып кеткен сара жолын абыроймен жалғастырамыз! – деді А.Алдажаров.
Жиналғандарды ҚР Қорғаныс министрлігінің зейнеткері, отставкадағы полковник Василий Хомяк құттықтады. Салтанатты жиында аймағымыздың қорғаныс саласындағы қажырлы еңбегі үшін бір топ әскерилер мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Шара мерекелік концертке ұласты.
Данияр ЖҰМАДІЛ.


 

 

«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» - ӨҢІРІМІЗДЕ

alt«Қазақстандағы ынтымақ пен бірлік, тұрақтылық біздің ортақ мүддеміз. Тұтастыққа сызат түсірмей сақтау үшін баршамыздың мақсатымыз бір жерден шығуы керек». Кеше өңірімізге Шығыс Қазақстан облысынан келген достық керуенінің мүшелері осылай деді. 

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Григорий Пинчук, ондағы жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалаушылар мен мүшелері: Лео Шин, Еркінбек Аязбаев бастаған қонақтар облыс орталығындағы «Достық үйінде» кездесу өткізді. Оған Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариев және облыстық мәслихаттың хатшысы Манап Көбенов қатысты.
Еліміз бойынша облыстар арасында алғаш рет «Достық үйін» ашқан Шығыс Қазақстан өңірі болып табылады. Биыл оның құрылғанына 20 жыл толып отыр. 
Аталған облыс бойынша бүгінде 9 достық  үйі мен 82 этно-мәдени бірлестік өз жұмысын жүргізуде. Ұлтаралық тұрақтылық пен келісімді сақтау жолында айтулы шаралар жүзеге асырылып келе жатқан өңірден келген делегация сапарының мақсаты - тәжірибе алмасу.
- Біз тұрақтылық пен ынтымақты нығайта түсу мақсатында бірқатар игілікті істерді атқарып жатырмыз. Елбасының Қазақстан халқы  Ассамблеясының ХІХ сессиясында алға қойған  міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асыруда бірлескеніміз абзал. Осы орайда бүгінгі екі өңірдің өкілдері ынтымақтасып, жүздесіп отыруы айтулы шара болып табылады, - деді облыс басшысының орынбасары А.Орсариев.
Павлодар облысында еліміз бойынша тұңғыш рет ұлттық жаңғыру мектебі құрылып, онда бүгінде жүздеген шәкірттер өз таным-түсініктерін кеңейтуде. Отырыс барысында екіжақты тәжірибе алмасып, ынтымақтаса жұмыс жүргізудің маңыздылығы сөз болды. «Достық керуенінің» ары қарай жалғасатындығы да айтылды.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарушы хатшысы Еркінбек Аязбаев:
- Біз бүгін достықтың эстафетасын алғаш  болып павлодарлықтарға табыстап отырмыз. Ендігі кезекте сіздер келесі өңірлерге осынау тұтастықтың туын желбіретіп жеткізулеріңіз қажет. Бір үйдің балаларындай берекелі, мерекелі күн кешуіміз үшін осындай шаралар қажет. Жылы шыраймен қарсы алғандарыңызға ризамыз, - деді.
Кездесу  соңы Естай атындағы Павлодар қалалық мәдениет сарайында  Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі өнерпаздарының   концертімен жалғасын тапты. Сондай-ақ, онда аталған өңірдің көшпелі көрмесі де жұмыс істеді.
 
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.
 

ТАУСЫЛМАСЫН ДОСТЫҚТЫҢ ӘН МЕН БИІ!

 

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Павлодар қаласының аспаны достық пен бірліктің әуелеген әніне, күмбірлеген күйіне бөленді. Жайма-шуақ мамырдың алғашқы күні қазақ елінің кеңпейілділігі мен дархандығы дәріптелді. Мереке барысында байтақ еліміздегі жүздеген ұлт пен ұлыстың бауырластық тұғырын нығайтуға атсалысқан этно-мәдени бірлестік өкілдерінің еңбегі құрметтелді.

 

Бұл күні Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын облыстық этно-мәдени бірлестіктерінің басшыларына гранттар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) құрамына қабылданған бірқатар азаматтарға мүшелік куәліктерін табыс етті. Шарада Ерлан Мұхтарұлы ҚХА кеңесі мен хатшылығының мүшесі атанды.

Жиналған қауымды мейраммен құттықтаған аймақ басшысы этно-мәдени бірлестіктерге облысымыздағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы тұрақтылықты, диаспоралардың мәдени дәстүрін сақтауға қосқан қомақты үлестері үшін зор алғысын білдірді.

- Бірлік мерекесі – еліміздегі діни сенімдері, салт-дәстүрлері мен мәдениеті әртүрлі ұлттарды біріктіретін мейрам. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» атты ХІХ сессиясында Елбасымыз баршамыздың алдымызға жаңа мақсат-міндеттерді қойды. Болашақта жүзеге асырылуы тиіс істер көп. Биылғы жыл өңір тұрғындары үшін маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Бірнеше айдан кейін аймағымызда Ресей және Қазақстан шекаралық серіктестігінің форумы өтеді. Бұл екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынасымызды нығайта түсетіні анық, - деді облыс әкімі.

Бірлестіктер төрағалары әрдайым қолдау көрсетіп жүрген Ерлан Мұхтарұлына ризашылықтарын айтты. Алдағы уақытта ынтымағы мен татулығы жарасқан Ертістің Павлодар өңіріндегі ұлтаралық ауызбіршілікті сақтау жолында аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.

 

Достық күні облыс орталығында кеңінен мерекеленді. Алуан түстермен  көмкерілген салтанатта әр халықтың   ұлттық киімдері мерекеге одан сайын әр бере түскендей. Павлодар қаласының ортақ алаңы жүзі басқа, мұраты ортақ ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін бір шаңырақ астына тоғыстырды.

 «Мақсаты бірдің – рухы бір!» атты бағдарламада этно-мәдени бірлестіктердің өнерпаздары павлодарлықтар мен қала қонақтарына ән мен жырдан шашу шашты.

Облыс басшысы Е.Арын жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, қуаныштарына ортақтасты.

- Көптеген ұлттың құтты жеріне айналған еліміз - достық пен берекенің мекені. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп айтқандай, Павлодар өңірінің тұрғындары да бұл туды биік көтеріп, мерекемізге жиналды. Бірлік, татулық пен саяси тұрақтылық - біздің халқымызға қажетті ең басты дүниелер. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылында халқымыз осы ұғымдарды қастерлеп, сақтай білді. Бұл мемлекетіміздегі тұрақтылық, халқымыздың тоқшылықта өмір сүруі мен экономикалық гүлденуінің кепілі болмақ. Баршамыз бір адамдай атсалысып, қалыптастырған бірлік атты игілік – ең асыл байлығымыз. Бейбітшілік пен ұлтаралық келісімнің арқасында біз кез келген қиындыққа төтеп бере аламыз, - деді облыс басшысы.

Алаңда достық дастарқаны жайылып, қазақ жерінің ыстық құшағына сыйып отырған өзге ұлт өкілдері мерекені атап өтуге ерекше ынта-ықылас танытты. Қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрінен шет қалмағандарын да дәлелдей түсті. Этно-мәдени бірлестіктер салт-дәстүрімен киініп, ұлттық тағамдардан көрмелер ұйымдастырды.

Қалың жұртпен мейрамды бірге атап өткендер қатарында Осман Байрамкулов та бар. Павлодар қаласындағы №22 мектепте оқып жүрген балкар баласы қазақ және өзінің ана тілінде еркін сөйлеп, екі халықтың мәдениетін біледі. «Эльбрус» қарашай-черкес және кабардин-балкар этно-мәдени бірлестігінің белсенді мүшесімін. Ұлттық би үйірмесіне қатысып жүргеніме үш жыл болды», - дейді ол.

Мызғымас достықты әспеттеген мәдени шарада түрлі ұлт өкілдерінің бір жанұяның баласындай ұлттық ойындарды ойнап, билегені көңілге ерекше сезім сыйлады. Ынтымақ мерекесі «Достық үйінің» алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі ұйымдастырған концертпен жалғасын тапты. Жалпыхалықтық шаралар қалалық демалыс және ойын-сауық паркінде, өткен жылы ашылған этно-аллея және бірқатар мәдени ошақтарда да кеңінен мерекеленді.

Ақмарал ЕСІМХАН, Жарқынбек АМАНТАЙ.

 

Мерекелік лебіз

Везир РАМАЗАНОВ, «Ватан» әзербайжан этно-мәдени бірлестігінің мүшесі:

- Көпұлтты Қазақстан халқы үшін бейбітшіліктің мәні мен маңызы өте жоғары. Бұл - біздің басты байлығымыз, жарқын болашаққа апарар даңғыл жолымыз. Қоғамымыздағы азаматтық ынтымақтастық, ішкі саяси тұрақтылығымыздың белгісі болып табылатын халқымыздың біртұтастығы мен мызғымас бірлігі дами берсін. Болашағымыз баянды, келешегіміз кемелді болғай. Татулық мерекесі баршамызға жақсы көңіл-күй, күш-қуат әкелсін. Әр шаңыраққа береке-бірлік, денсаулық тілеймін.

 

Алексей ШЕЙКО, зейнеткер, қала тұрғыны:

- Мен осынау мерекеде еліме тек қана бірлік пен тыныштық тілеймін. Уыздай ұйыған бейбітшіліктің берекесі қашпасын! Біздер, зейнеткерлер соның тілекшісіміз. Жасымыздан елге еңбек еттік, өстік, өндік. Енді оның болашағы мен гүлденуіне де бейжай қарай алмаймыз. Ал келешектің кілті - бірлікте, достықта. Ынтымағымыз жасай берсін!

 

Ербол АЙТҚҰЛОВ, Қанат Даржұман атындағы облыстық ұлттық жаңғыру мектебінің директоры:

- Бүгінде ұлттық жаңғыру мектебінде 500-ден аса шәкірт білім алуда. 30-дан астам тәлімгеріміз бар. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінің жастары түсінік-танымдарын кеңейтіп, түрлі конкурстарға қатысуда. Мұндай ортаның болуы еліміздегі тұрақтылықтың іргесін бекіте түсері айқын. Осынау достығымыз, бірлігімізге сызат түспесін! Достықтың, тұтастықтың арқасында биік белестерді одан әрі бағындыра берейік!

 

Самат МУСЛИМОВ, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар бірлестіктері үйлестіру кеңесінің маманы:

- Біз, жастар, елдің болашағымыз. Тұрақтылық пен достықтың іргетасын қалаушылар біздер болғандықтан, артылар жауапкершілік те мол. Осы жолда аянбай еңбек ететін боламыз. Ынтымақ пен бірлікке жастарды үндеу, соларды жұмылдыру арқылы болашақ Қазақстанның көқ туын желбірете түсеміз. Елімізде тыныштық, достық мәңгілік болуы үшін қызмет етейік!

 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31