2004 жылдың 29 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы» туралы Заңы қабылданды. Аталмыш нормативтік акт бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі «Азаматтардың қоғамдық тәртіп бойынша іс-шараларға тартудың түрлері мен формалары туралы қабылданған ережелерді» бекітті.
Бұған дейін ішкі істер органдарына қолғабыс жасау негізінде халық арасынан шыққан ерікті жасақтар, «Сарбаздар», «Сақшы» секілді қоғамдық топтар, тұрғын үйлердің өзіндік басшылары құрылған болатын. Мұндай қызметтердің пайда болуы өңірлік деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілер бойынша белгіленді. Қазақстан Республикасының жоғарыда көрсетілген заңы азаматтардың қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету заңнамаларына қатысу жұмыстарының ілгерілеуіне әкеліп соқтырары анық.
Жаңа Заң бойынша полициялардың қоғамдық көмекшілерінің өкілеттілігі кеңейтілді. Олар Заңның 7-бабы 1.4-бөлімі негізінде ерікті түрде қоғамдық тәртіпті қадағалауды жүзеге асыра алады. Полияцияның қоғамдық көмекшісі азаматтарға қылмыс немесе әкімшілік құқықты анықтаған жағдайда негіздеме бойынша шара қолдануға мәжбүр екендігін түсіндіруге міндетті. Осыған байланысты олардың білім алуы Қазақстан Республикасының Заңының тәртіптік және құқықтық қатынасы бақылауға алынып, қоғамдық тәртіпті қадағалаудағы қабілеті қатаң түрде ескеріледі.
Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қосу полицияның қоғамдық көмекшілерінің негізгі мақсат-міндеті болып табылады. Бұл ретте, қоғамдық тәртіпті қадағалау үрдісін дамытуға азаматтардың қызығушылығын тудыратын бағдарламалар аясының кеңейтілгені шарт. Себебі, бұл үрдіс азаматтардың хал-ахуалын үнемі бақылауда ұстап отыруға қолайлы болмақ.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылы 17 тамызда «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесін жақсарту жайындағы» Жарлығы бойынша Павлодар облыстық ішкі істер бөлімінің ардагерлері қоғамдық қауіпсіздікті қорғау мақсатында «Міндет» қоғамдық бірлестігін құрды. Аталмыш ұйым шеңберінде аймағымыздағы қауіпсіздікті қадағалу жұмыстары көзделген. Оған полиция қызметкерлері де жұмылдырылды.
Павлодар қаласының ұйымдары мен кәсіпорындарына полицияның кезекшілік учаскесін белгілеу туралы шешім оның қабылданған күнінен бастап (2002 жыл желтоқсан айы) қарастырылмайды. Тек біздің қала бойынша «Қазақстан Алюминийі» АҚ мен «Трамвай басқармасы» АҚ жергілікті полицияға көмек көрсетіп, өз қызметкерлерін қоғамдық тәртіп жұмыстарына жұмылдыруды жалғастырып келеді.
Полицияның қоғамдық ерікті көмекшілері «Трамвай басқармасы» АҚ әкімшілігіне көптеген игі бастамаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Мереке күндері олар трамвай ішіндегі тәртіп бұзушылық пен тазалықты сақтауға өз септігін тигізеді.
Аймағымыздың сегіз ауданында «Сарбаздар», «Сақшы» қоғамдық құрылымдары жұмыс істейді. Олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады. Қоғамдық көмекшілер полиция инспекторлары жоқ ауылдық аумақтардағы тәртіпті әрдайым қадағалап отырады.
Жеке кооперативтік пәтерлерге басшы ретінде тағайындалған азаматтар де белсенді қызмет атқарады. Олардың жасаған игі жұмыстарының арқасында пәтерлердегі ұрлық-қарлық, тонау секілді тәртіп бұзушылықтар, лифтілердің қызметін қадағалау, мекеменің тазалығы мен тыныштығын сақтау шаралары бір арнаға келтірілді. Мұндай тәжірибе жұмыстары Павлодар мен Екібастұз қалаларында сынақтан өтті.
Кешқұрым мектептердің аумағы иттердің серуендейтін орнына айналып, кей бұзықтардың спирттік сусындарынан қалған шөлмектерден көрінбей кетеді. Ата-аналардың, тұрғындардың әрі полицияның қоғамдық көмекшілері көмегінің арқасында мектеп аумағына тәртіп орнатып, тазалықты сақтауға болады. Бұл жасөспірімдердің дұрыс бағыт алуларына айырықша әсер етпек.
Қоғамдық тәртіпті тәжірибелі автокөлік жүргізушілері де жүзеге асыра алады. Олар автокөліктердің ұрлануына және жол бойындағы құрылғылардың сақталуына өз үлестерін қосары сөзсіз. Сонымен қатар, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған полицияның қоғамдық көмекшілері қаламызда өтетін спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға ерекше мән беріп, қоғамдық тәртіпті үнемі қадағалайды деген сенім мол. Құқықтық тәртіпті қадағалап, оның жүзеге асырылуына септігін тигізетін жастар мен студенттер қауымы еліміздің айбарлы Ата заңын сыйлайтындардың қатарына ғана кірмей, патриоттық тәрбие алады. Және өзге де азаматтарға үлгі-өнеге танытып, нұрлы болашаққа жол сілтейді.
Қоғамдық орындарда тазалық пен құқықтық тәртіп бір арнаға түспейінше, мықты әрі белді мемлекеттік, қоғамдық орталықтардың пайда болуы мүмкін емес. Сондықтан қоғам тыныштығына баса назар аударайық!
М.ҚАЙЫРБАЕВ,
«Міндет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

