«Достық үйінде» ұлттық жаңғыру мектебі оқушыларының қатысуымен славян халқының Масленица мерекесі аталып өтті.
Масленица – славяндар үшін ортақ мереке. Қаһарлы қысты шығарып салып,
шуақты көктемді қарсы алуға арналған бұл мейрам мән-мағынасы жағынан шығыстың
Наурыз мерекесімен ұқсас келеді.
Бұл кезде адамдар бірін-бірі құттықтап, өкпелерін ұмытады,
көктемгі егіске дайындық жұмыстарын бастайды.
Тағы бір айта кететін жайт,
Мереке күндері барша славяндықтар қыспен қоштасу нышаны ретінде қамыстан жасалған қуыршақты жағып жіберу дәстүрін орындайды.
Іс-шараға қатысқан украин, белорус,
армян, болгар, поляк, чуваш және орыс мәдениеттану орталығының тәрбиеленушілері осы салт-жораны да назардан тыс қалдырмады.
Олар сондай-ақ дәстүрлі мерекенің тарихымен танысып,
көңілді ойындар мен сайыстарға қатысты.
Славян халықтары арасында «Масленицада көңіл көтермесең,
өмірің қиындықпен өтеді» деген сенім қалыптасқан.
Сондықтан, аталмыш дүбірлі мейрамды әр түрлі ойындар,
көңілді ән-бимен өткізу – басты шарттардың біріне айналған.
Ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары туған тілдерінде, қазақ және орыс тілдерінде де тамылжыта ән айтып, билер орындады.
Осы мерекенің басты нышандарының бірі – жұқа құймақ мерекелік дастарханның сәніне айналды.
Ұйымдастырушылар осындай шараларды өткізу арқылы жастар өзге халықтардың салт-дәстүрін біліп,
басқа ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға тәрбиеленетінін айтады.
А.ӘДІЛБЕК

