«Қазақстан жастарының 68,2 пайызы өз елінің азаматы болып табылатындығына мақтанышпен қарайды». Бұл мәліметті жақында Украинадағы Горшенин институтының сараптамалық-зерттеу орталығы жалпақ жұртқа жария етті. Горшенин институтына қарасты зерттеу орталығы сарапшыларының мәлімдеуінше, Қазақстан көршілес Ресей, Украина және Польша мемлекеттерімен салыстырғанда патриоттық сезімі жоғары жастардың саны жағынан анағұрлым алда тұр.
Институт орталығымен жүргізілген әлеуметтік зерттеудің тақырыбы «Студенттер – болашақтың бейнесі» деп аталады.
2010-2011 жылдары әлеуметтік зерттеу бағдарламасының жылдық қорытындысын шығарған орталық сарапшылары Қазақстаннан кейін екінші сатыға 66,5 пайыздық көрсеткішпен Ресей, үшінші орынға 61,9 пайызбен Польша орналасқанын да алға тартты. Ал Украина жастарының отансүйгіштігі өзгелерге қарағанда пәс жатса керек. Мұндағы әлеуметтік зерттеуге тартылған жастардың 55,4 пайызы ғана өз елінің патриотымыз депті.
Украиналық тәуелсіз сараптамалық-зерттеу орталығының қорытындысы туралы пікір білдірген Еуропалық парламенттің төрағасы Ежи Бузек Еуропалық Одақ кез келген мемлекеттің болашағы тек қана жастарға байланысты өрілетініне сенімді екенін атап көрсетіпті. Бұл ретте Бузек мырза былай дейді: «Жастар – кез келген қоғамның діңгегі. Билік жас буынның бойында ынтымақтастық, төзімділік секілді сезімдердің, сондай-ақ белсенді азаматтық көзқарастың қалыптасуына жауапты. Біз бүгінгі күнгі жастарға сенім артып, қомақты инвестиция құя отырып, сол арқылы қоғамның болашағын да инвестициялайтынымызды естен шығармауымыз қажет».
Осылайша, қазақстандық жастар отансүйгіштік жағынан өзгелерден оқ бойы озық тұрса керек.
Горшенин институты «Студенттер – болашақтың бейнесі» деп аталған әлеуметтік зерттеудің қорытындысын осы жылғы сәуір айының соңында ресми жария етіп, тәмам жұртқа таныстырмақшы.
Асыл ӘБІШЕВ.

