АУЫЗБІРШІЛІГІНЕН АЙНЫМАҒАН ЕЛДІ

ұлы мақсаттар күтеді
2011 жылдың 23 қаңтарында ақпарат агенттіктері әлем жұртын жалт қаратқан жаңалық таратты. Африка құрлығында ірі ел болып есептелетін, 42 миллионнан астам тұрғыны бар Судан мемлекеті екіге жарылды. Бұған не себеп болды дейсіз ғой. Дінаралық келісімнің жоқтығы. Судан мемлекетінің жартысын христиандар, қалған бөлігін мұсылмандар мекендейді. Мәліметке сүйенсек, оңтүстік пен солтүстік болып бөлініп, 20 жылға жуық уақыт жалғасқан азаматтық соғыста 3 миллионға жуық адам қаза тапқан. Бір елдің екіге бөлінуіне экономикалық қызығушылық та ықпал еткен деп топшылайды мамандар. Мемлекет екіге жарылған күні АҚШ-тың құттықтау айтқаны да сыртқы саяси жағдайдан да біраз хабар берсе керек. Оңтүстік аймағы жеке бөлініп шықса да, сарапшылар Суданның елдік мәселесі бәрібір қыл үстінде қала беретінін айтады. Себебі, енді елдегі ондаған тайпалар әрқайсысы жеке-жеке мемлекет құруды қалап, бас-басына би болуды талап етіп шығуы әбден мүмкін. Қаншама тарихи кезеңді бірге өткізген, халқы бір атаның балаларындай болып кеткен мемлекеттің тұтастығына осылайша сызат түсіп, ендігі жерде қарапайым халықтың болашағы не болар екен деген дүдәмал ой талайдың шақшадай басын шарадай қылуда.


Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даласы бар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне биыл 20 жыл толмақ. Ата-бабамыз толарсақтан cаз кешіп жүріп қорғап қалған, талай батырдың тұлпары төсін дүбірлетіп өткен киелі жеріміздің иесі - бүгінде өзіміз. Шынтуайтына келгенде, Кеңес одағы күйреп, шаңырағы ортасына түскенде Қазақстанның көп ұзамай төрт құбыласы түгел, әлемнің өркениетті елдерімен иық тірестіретініне шәк келтіргендер табылды. Себебі қазақтың жеріне өткен ғасырдың қырқыншы жылдары талай ұлттың өкілдері жер аударылды. Тағдырдың жазуымен түрлі этностар қазақтың қонақжайлылығын таныды. Осылай «ұлттар лабораториясына» айналған Қазақстанда 100-ден аса ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тіршілік ететініне, әртүрлі діндердің бір арнаға тоғысып, халықты біріктіре алатынына күмән келтірді кейбіреулер. Бірақ, шүкір, азаттықтың ақ таңы атқалы 20 жыл өтсе де, қазақ жерінде ешқандай ұлтаралық қақтығыс, алапат алауыздық оты тұтанған емес. Бұл да болса, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың терең пайым мен парасатқа негізделген саясатының нәтижесі.
Елдіктің алтын қазығы - бірлік. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді қазақ. Біздің тәуелсіздігіміздің баяндығы халқымыздың бейбітшілік пен келісімде, тату-тәтті өмір сүруінде жатыр. Қазақтың жерінде тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса» ғана, біз әлем алдында өзіміздің ұлылығымызды паш ете аламыз. Осындай салиқалы ойлар Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға жетеледі. Бастапқыда әрбір этносқа өз тілін, дәстүрін, мәдениетін дамытуға барлық жағдайдың жасап берілгені таяз пікірлердің туындауына себеп болды. Бірақ этнос өкілдерінің ұлттық киімін киіп, музыкалық аспаптарын қолына алып, өз тілінде ән шырқап, би билегені ешқандай да жеңіл-желпі ойларға жетелемеуге тиіс еді. Президенттің кейіннен: «Әркім ұлтаралық қатынастың маманы болуға тырысады. Әркім осы бойынша пікір айтқысы келеді. Бірақ қолы таза еместердің оған бас сұғуларына болмайды. Этносаралық, дінаралық қатынас дегеніміз - өте нәзік мәселе» деп айтуы тегін емес.
Қазір көгілдір экраннан шартараптың жаңалықтарын естіп жатамыз. Таяу Шығыс елдерінің бірінде жанжал басылса, екіншісінде ушығып тұр. Ауызбіршілік болмаса, елдің тағдыры «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете баратынын күні кеше қанға былғанған қырғыз жұртына қарап түсінсек керек еді.
Елбасы көп ұлт өкілі қоныстанған Қазақстанның болашағы халықтың бірлігінде екенін о бастан санамызға сіңіріп келеді. Сол себепті де кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы институты конституциялық мәртебені иеленді. Парламентке осы ұйым атынан депутаттар сайланатын болды. Мұның бәрі елде ұлттар достығын қамтамасыз етудегі жемісті қадам болып есептелді.
Ел ордасы - Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер съезі бірнеше мәрте өткізілді. Бұл - біздің байлығымыз асып-тасығаннан қолға алған бастамамыз емес. Бүгінде бүкіл әлем дінаралық қатынастар мәселесіне ерекше қарайтын болған. Өзара қырғи-қабақта болған, бір-бірінің жүзін көрмейтін елдердің дінбасылары қазақ елінің астанасында бір-бірімен қол алысып, бір үстелдің басында отырды.
- Егер Қасиетті кітаптарды оқыр болсақ, дәстүрлі конфессиялардың бірде-бірі зорлық-зомбылықты уағыздамайды. Таңғаларлығы, әлемдік және дәстүрлі діндердің бірде-бірі Ұлы далада, біздің жерімізде пайда болған жоқ. Бірақ шынайы бейбіт рух дәл осы жерден өзіне нағыз мекен тапты, - деді осы жылғы 18 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы.
Ассамблеяны құрудағы ұлы мақсат осындай еді. Бейбітсүйгіш, ынтымақшыл ел екенімізді әйгілейтін құралымыз бұл. Сессияда Елбасы қазақ жеріндегі бауырмалдық пен қонақжайлылыққа әбден бойы үйренген, бір кездері көшіп кеткен ұлт өкілдерінің енді қайтадан қоныс аударып келіп жатқанын айтты. Тек соңғы бес жылда  ондаған мың отандасымыз қайтып оралған. Иркутскіден Марина ғаламтор арқылы былай деп жазыпты: «Қазір Ресейде тұрамыз. Өмір әлдеқашан қалыпқа түсті, бірақ жан тыныштығы болса да, көңіл-күйі жоқ. Мен Қазақстанға қайта ораламын. Мен оны 100 пайыз білемін. Ресейде жақсы, бірақ үйде одан да жақсы». Не де болса, ойыңыз ішіңізде.
Ассамблея өзге этнос өкілдеріне өз тілі мен дәстүрін, мәдениетін дамытуға жағдай жасауды ғана мақсат тұтпайды. Биылғы Жолдауында Президент мемлекеттік тіл - қазақ тілін меңгерту міндетін де алға қойды. Он жылдан кейін мектеп түлектері 100 пайыз қазақ тілінде сөйлеуге тиіс.
- Барлық азаматтардың қазақ тілін білуі - әншейін бір ұран емес, бұл - олар еліміздің тарихын, ерте дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін білетін болады деген сөз. Бұл барлық қазақстандықтардың бұрынғыдан да жақындасуына жетелеп, біздің арамыздағы сенімді күн сайын, жыл сайын нығайта түсетін болады. Ассамблея жұмысының мақсаты, міне, осында, - деді жуырда өткен Ассамблея сессиясында бұл туралы Мемлекет басшысы.
Жалпыұлттық бірлікті нығайту, отансүйгіш ұрпақ, тәрбиелеу істерімен қатар Ассамблея мүшелері, бүкіл Қазақстан халқы экономикалық даму мәселелеріне белсенді араласуы қажет. Президент көкөніс өсіретін жылыжай салуды қолға алған Қазақстан корейлері қауымдастығының ерекше жобасын атап өтті. Осылайша этнос өкілдері жаңа технологияларды енгізуде, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда өзінің орнын табуға тиіс.
Шүкір, осылайша, жүзден аса ұлт өкілдері қоныстанған Қазақстан тарихи кезеңді бастан өткеруде. Әлемде қауіпсіз деп танылған аз ғана мемлекет болса, солардың бірі - біздің еліміз. Біз осы бірлігімізді, ынтымағымызды қадірлей, бағалай білуіміз керек. Елбасы ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты, келісімді нығайтуды, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіруді тапсырды. Соның бір дәлелі - осы жылғы 1 Мамыр мерекесін ерекше мазмұнды етіп атап өту тапсырылды.
Ассамблея сессиясында Президент баяндамасының соңына қарай қалай айтып еді?
«Мен ұлы қазақ ойшылы Абайдың сөзін тағы көлденең тартқым келеді. Ол былай деген болатын: «Таң алдындағы сәт - бәрінен де қараңғы». Біз 90-шы жылдары ерлік таныттық, біз тарихтағы ең күшті әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп бердік. Біз империялардың қалай қирап жатқанын көрдік. Ештеңеге қарамастан Қазақстан таңсәріден де аман өтті...».
Ауызбіршілігімізден айнымасақ, әлі талай ұлы мақсаттарға қол жеткізеріміз даусыз.


Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
           
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31