Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде ұлттық бірлікті қамтамасыз етудегі басты факторлардың бірі ретінде жастарды келісім мен ынтымақ, толеранттылық құндылықтары негізінде тәрбиелеп, білім беру қажет екендігін баса айтқан болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «20 жыл ішінде біз Тәуелсіздік жағдайында өсіп шыққан қазақстандықтардың алғашқы буынын тәрбиеледік. Оларды елдің және халықтың игілігіне орасан күш-жігермен жұмыс істейтін патриоттар, белсенді және толерантты азаматтар етіп тәрбиеледік», - деп атап өтті. Демек, жас ұрпақ бүгінде Қазақстан халқы достығының қозғаушы күшіне айналып отыр.
Облысымыздағы оң өзгерістер мен қол жеткен барлық табыстардың қазыналы өңірді мекендеп отырған этностардың өзара бірлігінен, татулығынан тамыр тартатыны шындық. Бұған экономиканың серпінді дамуы, мемлекет құраушы қазақ халқының кеңпейілдігі, сондай-ақ, Елбасының этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған салиқалы саясатының жергілікті жерде бұлжымай жүзеге асырылуы да ықпал етуде. Яғни, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктеріміздің барлығы елімізде тұрып жатқан жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір мақсат, мемлекет болашағы жолында жұмыла жұмыс істегенінің айқын нәтижесі болса керек. Бұл ретте жастардың да қосар үлесі зор.
Қазіргі кезде Қазақстан халқы Ассамблеясының облысымыздағы ұйымында 16 этно-мәдени жастар бірлестігі жұмыс істейді. Олардың Екібастұз, Ақсу қалалары мен Шарбақты, Қашыр, Ақтоғай, Павлодар аудандарында және облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы ПМУ-де бөлімшелері құрылған. Әрқайсысының өзіне тән жұмыс жасау ерекшелігі, іс-шаралар жоспары бар. «Мұнда біз ел бірлігі доктринасында көрсетілген негізгі үш бағыт, толеранттылық, тең құқықтық пен барлығына бірдей қолжетімділікті ескере отырып, әр ұлттың өзіне ғана тән менталитетіне ерекше назар аударамыз», - дейді Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар бірлестіктері үйлестіру кеңесінің төрағасы Наталья Нефедова.
Бір қуантарлығы, Ассамблеяның аталмыш үйлестіру кеңесінің жоспарланған және бүгінгі күні жүзеге асып жатқан шараларының барлығы жастарды ұлтаралық татулыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге бағытталған. Мемлекеттік тілді, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуге, тарихи, мәдени құндылықтарымызды құрметтеуге айрықша назар аударылады. Аталмыш бағытта түрлі дөңгелек үстел отырыстары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, патриоттық бағыттағы ақпараттық акциялар, интеллектуалдық байқаулар тұрақты өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, Ассамблеяның жастар қанаты республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі шараларға белсенді қатысатындығын ерекше атап өткен жөн.
Бүгінгі ұрпақты ұлтжандылыққа, Отанына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуде Ассамблеяның жанынан құрылған қырықтан астам шығармашылық ұжымдар мен түрлі жастар клубтарының маңызы зор. Олардың құрамында мыңнан астам жастар бар.
Достық үйінің ашылуы, оның бай материалдық-техникалық базасы жастар бірлестіктеріне ары қарай дамып, жетілуге көп мүмкіндік ашқан. Мұндағы көпұлтты шығармашылық ұжымдар өзінің жұмысын қазақ ұлтының этникалық элементтерін ұлттық салт-дәстүрімен ұштастырып, сабақтастыра жүргізуге тырысады. «Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар бірлестіктерінің жұмысын белсенді азаматтық ұстанымы бар, ұлтжанды – нағыз қазақстандық азаматтарды тәрбиелеуге жұмылдырудамыз» - дейді Н.Нефедова.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық жастар қанатының құрылғанына он жыл толып отыр.
Д.АЙТПАЙҰЛЫ.

