БІРІНШІ МАМЫР МЕРЕКЕСІНІҢ СІЗ ҮШІН МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Рымтай ШӨКЕЕВ,
Павлодар қаласындағы «Достық үйінің» директоры:


- Қазақстан халқының бірлігі күні - еліміздің айтулы мерекелерінің бірі. Ол - бір шаңырақ астында бейбітшілік кезеңде ғұмыр кешіп жатқан барша қазақстандықтарға ортақ мереке. Сол себепті аталмыш күннің мен үшін маңызы зор. 1 Мамыр мейрамы сонау Кеңес кезеңіндегі ең ауқымды шаралардың бірі болатын. Ал Тәуелсіздігімізді алғалы бері оның маңызы арта түсті. Елімізде аталып өтілетін Наурыз тойы, Жаңа жыл мерекелері сияқты аталған мерекенің де өзіндік мән-мазмұны бар. «Достық үйінде» қызмет атқарғандықтан бұл күні мерекенің қайнаған ортасында жүремін. Қол алысып, құшақ жайысқан адамдарды көргенде бойыңды ерекше қуаныш билейді. Себебі, осындай бейбіт күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында еліміздегі уыздай ұйыған ынтымақ пен берекелі бірлік өзге мемлекеттерге үлгі болуда. Ұлт көшбасшысы Қазақстан халқының бірлігі мерекесі бір ай бойы аталып өтсін деген болатын. Бұл - өте орынды ұсыныс. Осы бағытта көптеген іс-шаралар атқарылса, нұр үстіне нұр болар еді. Маңызы зор мерекенің мамыражай мамыр айының алғашқы күніне дөп келуінің өзінде ерекше бір сыр жатқандай. Қазақ жері – берекелі де құтты мекен. Көптеген өзге ұлт өкілдерінің қасиетті Отанына айналған қазақ жерінің құшағы қашан да кең.

Галиб МАМЕДОВ, Қашыр аудандық әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:


- Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің достығы мен ынтымақтастығы  әр мерекеде, ұлттық мейрамдарда жарқын көрініс табады. Ал Қазақстан халқының бірлігі күні - еліміздегі барша ұлт өкілдері үшін мән-мағынасы жағынан айрықша мереке деп ауыз толтырып айтуға болады. Бұл – халық пен халықтың, ұлт пен ұлттың тұтастығын нығайтып, оларды жақындастыратын  басты мейрам.  Сондай-ақ, қазақстандықтарды мызғымас достық пен бірлікке  шақырып, ұлттық құндылықтарды әрдайым насихаттауға септігін тигізуде.
Ертістің Павлодар өңірі – көпұлтты мекен. Жүзі басқа, тілегі бір ұлт өкілдерінің достығы – баға жетпес қазынамыз. Ел Президенті мемлекеттегі этно-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдарға үлкен сенім артып отыр. Ал 1 Мамыр мерекесі баршамызға осы сенім үдесінен шығуға ерекше рух пен қуат береді. Басты маңыздылығы да осында болса керек.  

Абдурашид АБУБАКАРОВ,
облыстық шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:


- Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан көктем де аяқталып, соңғы айы - мамыражай мамыр да маңғаздана басып жетіп қалыпты. Мамыр келді дегенше, мерекенің басталғаны дей беріңіз. Алғашқы күнінен бірлік пен берекеге бастайтын бұл айдың барша адамзат үшін асқақ абыройы бар. Дүниежүзілік Ынтымақ, Еңбек, Бейбітшілік күні біздің елімізде де «Қазақстан халқының бірлігі» күні ретінде аталып өтіледі. Достық пен бейбітшіліктің, татулық пен тұтастықтың тұғырын биік ұстайтын Ұлы Даланың дархан төсі бұл күні ән мен биге бөленіп, жайлауы жасыл желек пен гүлге көміледі. Жанға жайлы шуақты көктем мен жайдары жазды жалғастырар мамырда масаттанбау мүмкін емес. Ел көңілі көтеріңкі. Атам заманнан қазақтың қанына сіңген бауырмалдық пен бірлікті сүйетін қасиеті осы күні еселенгендей.
Егемен  Қазақстанның  басты жетістіктері бейбітшілік,  қарқынды дамуы және қоғамдық  келісім болып табылады. Осы күнге дейін еліміздің жеткен жетістіктері - ынтымақтастықтың, татулықтың жемісі. Қазақстан   халқы Ассамблеясын  құру туралы Елбасының  дана шешімінің арқасында біз, қонақжай Қазақ елін мекен еткен түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тілегі бір біртұтас халыққа айналдық.  
Біз кез-келген қиындықты татулықтың арқасында жеңе аламыз. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген. Сан ұлттың мекені болған мемлекетіміздің алар асуы алда. Қазақстанның қарымды қадамы қарыштап, бедел-абыройы шарықтап, шаңырағы шайқалмай, өзгелерден тайсалмай, теңдігі мен тұрақтылығы баянды болғай. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін!

Олия СЕЛЬХАНОВА, Лебяжі аудандық татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрайымы:


- Елбасы Н.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында және Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясында бізге көптеген мақсат-міндеттерді жүктеген болатын. Сондай-ақ, Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылған жиында Мемлекет басшысы «Көктемгі 1 Мамыр мерекесі біздің еліміздің барлық этностарын бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түсуге тиіс» деді. Нұрсұлтан Әбішұлының осы сөздері көкейімде жатталып қалды. Расында да, жасампаздық пен бірліктің 20 жылында еліміздің еңсесі биіктеді, ауызбіршілігіміздің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Менің ойымша, жемісті істеріміздің ең маңыздылары – ұлттар арасындағы татулық пен ынтымақтастық. Қазақстан халқы бірлігі күні байтақ елімізді мекен еткен түрлі ұлттар мен ұлыстарды өзара жақындастырып, достығымызды нығайтатыны сөзсіз. Сондықтан, бұл мейрамның мән-мағынасы аса зор дегім келеді.  
Айта кетерлігі, Лебяжі ауданындағы татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі 2006 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында бірлестік мүшелері татар және башқұрт халықтарының мәдениеті, тілі мен салт-дәстүрлерін дамытумен қатар, қазақ тілін де меңгеруде.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
           
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31