облыстық Славян мәдениеті орталығына – 15 жыл!
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан бергі жиырма жыл ішінде елімізде ұлтаралық келісім орнап, түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде ынтымаққа ұйытқы болған бірегей ұйымға айналды.
Қазіргі таңда қазақ жерінде тағдыр тоғыстырған орыстар, татарлар, украиндар, кәрістер, немістер, түріктер, өзбектер, шешендер, басқа да көптеген ұлт өкілдері бауырласып, баянды тіршілік кешуде. Осы жерде олардың ұрпақтарының өмірі жалғасын тауып келеді.
Павлодар өңірі де - республикадағы достықтың дархан ұясына айналған киелі өлкенің бірі. Бүгінгі күні аймағымызда айрандай ұйыған 19 этно-мәдени бірлестік бір шаңырақ астында жұмыс істеп келеді. Олар әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға белсене араласуда. Солардың ішіндегі Қазақстан халықтарының ынтымағын нығайта отырып, төл мәдениетті дамыту жолында ауқымды істер атқарып жүрген облыстық «Славян орталығының» орны бөлек.
Славян халықтарының дәстүрлі мерекелерін жаңғырту, мәдениетінің байлығы мен рухани дүниелерін насихаттау бойынша көптеген жұмыстарды атқарып жатқан бұл бірлестік үлкен беделге ие. Бүгінде оның бес мыңнан астам мүшесі бар. Аталған қоғамдық бірлестіктің құрылғанына биыл 15 жыл толды.
Бұл қоғамдық ұйым үшін кемелдену уақыты болды. Бірлестік бүгінде Павлодар тұрғындарына жақсы таныс. Татьяна Ивановна Кузина орталыққа алғаш құрылған уақыттан бері басшылық етеді.
Орыс мәдениетін сақтап және дамытуда, аймақта ұлттар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайту бойынша атқарған жұмысы үшін Т.Кузина Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, ол Ресей Федерациясының шет елдердегі отандастар істері жөніндегі үкіметтік комиссиясының шешімімен 2009 жылы «Во славу Отечества» Құрмет белгісіне ие болған.
Орталық құрамындағылар славян халықтарының өнерін дамытуды мақсат етеді. Онда жұмыс істейтін хореографиялық, вокалдық және музыкалық ұжымдардың өнерпаздары павлодарлықтарға жақсы таныс.
Бүгінгі күні орталықта отызға жуық бірлестік пен түрлі шығармашылық ұжымдар еңбек етуде. Атап айтар болсақ, «Зодиак» кездесулер клубы, «Павлодарский городок» миниатюралар театры (Н.Шишкин), «Метроном» театралдық студиясы (А.Колодин), «Раздолье» хореографиялық ансамблі (Н.Федосова), «Унесенные балом» тарихи би клубы (А.Оразбаев пен Н.Трофимова), «Спасибо» эстрадалық тобы (В.Баланюк), «Курчатов» фольклорлық джаз тобы (А.Әбдікәрімов) және тағы басқалар.
«Рябинушка», «Славянка», «Рассвет надежды», «Соседушки» атты шығармашылық ұжымдары өз көрермендерін тауып үлгерген.
Славян ұлттарының әні мен биін насихаттаумен қатар, славян жазуы мен әдебиетін дамыту да қолға алынған. Осы мақсатта дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараларда ресейлік көркем фильмдер көрсетіліп, славян жазуының және орыс поэзиясының күндері аясында сайыстар және тақырыптық кештер өткізіледі.
«Славянки» вокалдық ансамблі орталықта алғашқы болып ашылған шығармашылық ұжым болып табылады. Кейін оның қатарына «Витязь» гир көтеру клубы мен «Рябинушки» ансамблі қосылды. Юрий Давыдов жетекшілік ететін «Витязь» клубына қатысушылар саны күннен-күнге көбеюде. Мұнда 30-ға жуық бала тұрақты жаттығады.
Кейінгі жылдары Виктор Баланюктің ынтасымен «Орфей» би студиясы, Надежда Федосова жетекшілік ететін «Раздолье» би ансамблі, сондай-ақ, орыс және казак әндерінің хоры дүниеге келді. Орталық мүшелерінің айтуынша, бұдан кейін көптеген клубтар, студиялар және жастардың қызығушылықтары бойынша секциялар ашыла бастаған.
Қазір орталықта 12 жастар бірлестігі бар. Түрлі клубтардың белсенділерін жастар бірлестігінің кеңесі біріктіреді.
Айта кетерлігі, орталықта православтық ағарту мектебі жанындағы қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Онда көптеген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда.
Славян орталығына Ресейдің Қазақстандағы елшілігі тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Ондағы саяси және мәдени бағыттағы көптеген шаралар елшілік қызметкерлерінің тікелей қатысуымен өтеді. Мәселен, елшілік көмегімен орталықтың шығармашылық ұжымдары ресейлік фестивальдерге бару, мұғалімдер біліктілігін арттыру бойынша ресейлік жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас жасайды, славян орталығының бай кітапханасын орыс классикасының таңдаулы туындыларымен толықтыру мүмкіндігіне ие. Отандастарымен әріптестік қарым-қатынастың арқасында 2003 жылы славян орталығы ресейлік халықаралық кеңес құрамына кірді. Жүйелі түрде өткізілетін кездесулер мен ғылыми конференцияларға қатысуға және ресейлік мамандармен жұмыс тәжірибесімен алмасуға жол ашылды.
Славян орталығының Қашыр, Железинка, Шарбақты аудандарында және Ақсу және Екібастұз қалаларында филиалдары бар.
ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы өткен сессиясында сөйлеген сөзінде «Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының басты шарты. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – Отанымыздың жарқын болашағының кепілі» деген болатын. Басты үш тетікке – ортақ тарихымызға, ортақ құндылықтарымызға, ортақ болашағымызға негізделген бірлік отандастарымыздың тұтастығының беки түсуіне сеп болары анық.
Ел Тәуелсіздігі жылдарында барша Қазақстан халқын достық шаңырағының астына біріктіру мен ортақ құндылықтарды сақтау жолында еңбегі еленген осындай қоғамдық ұйымдардың өрісі кеңейе беруіне тілектеспіз.
Әзірлеген: А.ЕСІМХАНОВА.

