ҚАЗАҚСТАН – ДҮНИЕДЕГІ ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСТЕРЛІ ҚҰБЫЛАСЫ

 

Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның елордасы Астанада өткен  Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайының ашылу салтанатына қатысты.

 

 

Құрылтай отырысы Тәуелсіздік сарайында өтті. Құрылтайға 35 таяу және алыс шет елден, Қазақстанның өңірлерінен, Астана мен Алматы қалаларынан 700-ден астам қонақ қатысты. Олардың қатарында шығармашылық зиялы қауым, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдері, жастар ұйымдары мен студенттік бірлестіктердің лидерлері, Қазақстан Парламентінің депутаттары, шет ел Парламенттерінің депутаттары, ғалымдар, академиктер, бизнес, спорт өкілдері, Қазақстанның және шет ел ұлттық-мәдени орталықтарының мүшелері бар. Биылғы жылғы құрылтайдың басты ерекшелігі, делегаттардың 60 пайыздан астамын жастар құрап отыр.

Отырысты аша отырып, Мемлекет басшысы қасиетті қазақ жеріне, Еуразия жүрегіне құрылтайға қатысу үшін келген барлық делегаттарға ыстық ықыласын, меймандостық пейілін білдірді.

- Тағдыр талайымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен ағайынның атамекенде бас қосуы - бәрімізге зор қуаныш. Десек те, биылғы құрылтайымыздың жөні бөлек, жолы ерек, маңызы айрықша. Өйткені біз тәу етер Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында жиналып отырмыз. Сондықтан, бүгінгі құрылтайдың «Қазақ елі» монументі жанындағы мынау біз отырған Тәуелсіздік сарайында өтуінің өзіндік мәні зор! Ендеше, өткеніміз бен жеткенімізді байыптап алар сәт туып отыр, ағайын, - деді Президент.

- Естеріңізде болса, 1992 жылғы тұңғыш құрылтайда: «Құрылтайға қатысқан қонақтар Қазақстанның гүлденіп-көркейгеніне таяу жылдарда куә болар» деп айтып едім. Сондағы тілегім Жаратқанға жеткендей, айтқаным келіп, Қазақстан аз уақытта әлемге танылған айдынды ел болды. Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, жері дәулетті, елі сәулетті мемлекет ретінде ірге орнықтырды. Бүгінде бізді бүкіл әлем сыйлайды, бүтін дүние санасады. Өйткені Қазақ елі адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға барып, атом қаруынан өз еркімен бас тартты. Ядросыз әлем құру бастамасы арқылы Жер жүзіне ізгіліктің өнегесін көрсетті. Біз мемлекетіміздің іргесін орнықтырып, еліміздің шекарасын шегендедік. Аз жылдың аясында Арқа төсінде, мынау өздеріңіз көріп отырған, ғасырдың ғажайыбы атанған арайлы елордамыз, асқақ Астананы тұрғыздық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Қазақстанда татулықтың туын тігіп, ұлтаралық, дінаралық келісімнің әлем үлгі тұтатын айшықты мысалына айналып отырғанын атап өтті. Қазақ халқы ұлысты ұйыстырушы ұлт ретінде өзге этностарды бауырына басып, даналығы мен дархандығын көрсете білді. Осы жылдар ішінде еліміз жаһандық ауқымдағы 3 дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Егер 1994 жылы ішкі жалпы өнім әр адамға шаққанда 700 доллардан болса, бүгін ол жан басына 9 мың доллардан келіп отыр.

- Әлемдік тәжірибеде өз тәуелсіздігінің 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізіп көрмеген екен. Біз халықтың әл-ауқаты бойынша ТМД елдерін озып, халықаралық рейтингте 50-ші орынға ие болдық. Қазір Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша дүниедегі алғашқы 50 мемлекеттің қатарында. Ұлттық қорды қосқанда, біздің 73 миллиард доллар қаражатымыз бар. Дағдарыс жылдарында әлемнің көптеген елдерінде жалақы, зейнетақы, шәкіртақы қысқартылып  жатты. Ал біз, керісінше, бұл көрсеткіштерді жылдан-жылға өсіріп отырмыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда екенін атап өтті. Қазақстанда өткен бір жылдың өзінде 800-ге жуық жаңа өндіріс орны құрылды. Таяудағы бірнеше  жылда  құны 8 триллионнан астам теңге болатын 300-ден астам жоба жүзеге асырылады. Соның арқасында тағы да 200 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылатын боладыЕл дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары жасалды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның  әлемдік саясатта да үлкен табыстарға жеткенін атап өтті. Мысалы, еліміз ТМД және Азия елдері арасында алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Беделді ұйымның мыңжылдықтағы алғашқы алқалы Саммиті Астанада өтті. Биыл Қазақстан 57 мұсылман елін біріктіріп отырған Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Саммиттен кейінгі тағы бір орасан оқиғаның біріҚысқы Азия ойындары болды.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің тәуелсіздікпен бірге сөзіміз тіріліп, өзіміз еңсе тіктедік. Бабадан жеткен қасиетті қазақ тілі осы жылдары мемлекеттік мәртебе алып, құлашын кеңге жая түскенін білесіздер. Бүгінде ол көрсеткіш екі есеге артып, мектептерде бір жарым миллионнан  астам бала қазақ тілінде білім алады. Қазір мемлекеттік органдарда іс жүргізу  негізінен қазақ тіліне көшірілді. Мен биылғы Жолдауымда 2020 жылға қарай қазақ тілін білетіндердің саны кемінде 95 пайызды құрауы тиіс екенін айттым», деп атап өтті.

Мемлекет басшысы биыл тәуелсіздікпен бірге атамекенге ат басын бұрған ұлы көшке де                      20 жыл толатынын атап өтті. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша, ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты. Президенттің Жарлығымен 2008 жылдан бастап қандастардың жыл сайынғы көшіп келу квотасы 20 мың отбасыға өсті. Елге ағылған ағайынның көшін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Оны ойдағыдай  іске асыруға мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінді.

Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиында қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындап алуымыз керектігін атап көрсетті.

Біріншіден, Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа Заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізетін болады. Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс. Осыған байланысты «Нұрлы көш» бағдарламасының 2-ші кезеңінің жобасын қолға алу жоспарланып отыр

Екіншіден, шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшілігі -  60 пайызы жастар. Қазақстанда әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасалуы қажет.

Үшіншіден, шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесу керек. Байланыс және Ақпарат министрлігі «Каспионет» арнасының қазақтар тұратын елдерге таралуын қамтамасыз етуі керек. Мемлекет басшысы  сонымен бірге, ұлттық дәстүріміз бен тарихымыз туралы хабарларды арттыру жолдарын қарастыру туралы тапсырма берді. Бұған қоса, министрлік дүниежүзіндегі қазақ жастарының байланысын нығайту үшін арнайы веб-портал ашқаны жөн.

Төртіншіден, қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнерді кеңінен таратуына жағдай жасауымыз керек. Ондай елдерде қазақ мәдениетінің күндерін жүйелі түрде өткізу қажет.

Бесіншіден, шет елдерде кіші құрылтайларды тұрақты өткізу қолдау тауып отыр. Осыған байланысты, бұл құрылтайларға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат» Қоры қолдау көрсететін болады.

Сондай-ақ  профессор, тарих ғылымдарының докторы Кессетжи Әбілқайым (Германия), Моңғолиядан көшіп келген, жас ақын Бауыржан Қарағызұлы, еңбек сіңірген мұғалім Нұрғайша Баринова (Ресей) және ҚХР ШҰАР ресми делегациясының жетекшісі Тілепалды Әбдірашид (ҚХР) сөз сөйледі.

      ҚР Президентінің ресми сайтынан.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28
30 31