ҚАСІРЕТІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАС

 

Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында арандатушылық салдарынан жер аударылған түрлі ұлт өкілдері үшін Қазақстан жері екінші Отандарына айналды. Тағдыр тәлкегіне ұшырағандар қатарында саяси партиялар мен белгілі бір әлеуметтік топ мүшелері ғана емес, сондай-ақ, бұрынғы КСРО жерінде мекен еткен түрлі ұлт өкілдері де болды.  Мәселен, республика аумағында 2 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған 1921 жылғы ашаршылық кезінде Орталық Қазақстан өңіріне Ресейдің ішкі облыстарынан 150000 азамат қоныс аударған. Сөйтіп, отызыншы жылдарда Қазақстан жерінде «жер аударылған» деген атқа ие болған белігілі бір әлеуметтік топ пайда болды. 

1937-1938 жылдары Қазақстанға Әзербайжан және Армения мемлекеті өкілдерінен құралған 1121 шаруашылық орналастырылды. Сол жылдың қараша айында көшіп келген иран ұлтының 2 мың отбасы Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысы өңірінен пана тапты. Сондай-ақ, Қиыр Шығыс жерінен кәріс ұлтының өкілдері де елімізге жер аударды.

Қоныс аудару үрдісі екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында да жалғасын тапты. Сол жылдары Бессарабия, Батыс Украина мен Батыс Белоруссия сынды прибалтика республикаларынан қоныс аударушылар ағыны толастамады. Мысалға алатын болсақ, Ұлы Отан соғысының бірінші жылының өзінде Қазақстанға 104207 поляк ұлтының өкілі қоныс аударды. 1941 жылдың тамыз айында КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының «Поволжье ауданында өмір сүретін немістерді көшіру» туралы Қаулысы қабылданады. Аталмыш құжатқа сәйкес, Поволжье елді мекеніндегі неміс халқының барлығы Сібір және Қазақстан жеріне көшірілді. 1941-1942 жылдар аралығында 1209430 немістің 349700-і қазақ жерін паналады. Сұрапыл соғыстың орта кезеңі мен аяғындағы оккупацияға Солтүстік Кавказ, Грузия, Қалмық және Қырым автономиялық республикалардың халқы да ұшырады. Қысқа мерзім ішінде 99252 адам қоныс аударды. Оның құрамындағы 648 Қызылорда облысына келді. КСРО-ның Жоғарғы Кеңесімен Қарашай автономиялық республикасын тарату туралы Қаулы қабылданды. Оған сәйкес 69260 адамнан құралған 14774 отбасы Отанынан жырақ жерге көшірілді. Оның ішіндегі 45529 азамат (11711 отбасы) Қазақстанға қоныс тепті. Ал 1944 жылы КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумы Шешен-ингуш автономиялық республикасын тарату жөніндегі Қаулыға сәйкес, Қазақстанға 89901 отбасы көшіп келген. Сол жылы Солтүстік Кавказ жерінен балкарларды,  Қрым жерінен татарларды және Грузиядан түрік халқын депортациялау басталды. Қазақстан жері   4501 татар, 25 мың балкар және  27833 түрік ұлты өкілінің екінші Отанына айналды.

Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатында осыған байланысты құпия құжаттар сақталған. 1944 жылғы 24 қаңтардағы Павлодар облыстық партия комитеті бюросының қаулысына сәйкес, облыстың аудандарына жер аударылып келетін 50400 адамды қабылдау жоспарланады. Жер аударылғандарды жедел қабылдап, орналастыру үшін облыстық үштік құрылады. Бұл үштіктер аудандарда да жұмыс істеді. Мұрағат құжаттарына зер салатын болсақ, 1944 жылдың наурызында Павлодар облысына Солтүстік Кавказдан қуғындалған 86541 отбасы немесе 41773 адам келген екен. Олардың 4288 отбасы (19757 адам) шешендер, 3788 отбасы (19430 адам) ингуштер, 655 отбасы (2588 адам) балкарлар еді. «Жаңа»  жерге қуылған азаматтардың барлығы материалдық және моральдық қиыншылықтарға душар болды. 1945 жылдың 20 ақпанында олардың 1284 отбасы жатақханалар мен барактарда, 3817 отбасы қуғынға ұшырағандарға бөлінген үйлер мен пәтерлерде, 287 отбасы қоныс аударғандар үшін алынған үйлерде, 703 отбасы жаңадан салынған үйлерде тұрған. Жергілікті халықтардың үйлерін 2492 отбасы паналады. 1944-1945 жылдармен салыстырғанда           1947 жылы қуғын-сүргін кезеңін бастан кешірген адамдардың материалдық-тұрмыстық жағдайы жақсара бастайды. Мұрағатта сақталған облыстық комитеттің жылдық есебінде облыста 1948 жылы 1 қаңтарда 6392 шешен-ингуш отбасылары, 405 балкар отбасы болған деген мәлімет бар. 6272 отбасы тұрақты баспанамен қамтамасыз етілді. 4360 отбасы колхозға қабылданып, олар өз шаруашылықтарын дамыту мүмкіндігіне ие болған. Соның нәтижесінде, олар 1629 гектар учаскелік жерлеріне көкөніс егіп, жергілікті нарық орындарында сатуға мүмкіндік алған. 1958 жылы қараша-желтоқсан айларында тарихи Отандарына оралуға ниет еткен шешен-ингуш, балкар-қарашай ұлтының өкілдері туған жерлеріне шығарып салынды.

Саяси қуғын-сүргін - ХХ ғасырдағы үлкен қайғы-қасіретті құбылыс. Бұл зұлмат кезең мыңдаған адамдардың басына қатер төндіріп, өмірлерін үзді, жүректерінде ұмытылмас жара қалдырды. Бұл - ешқашан ұмытылмайды.

Қ.МАҚАЖАНОВА,

Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының директоры.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Маусым 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
    2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30