РӘМІЗІҢМЕН РУХТАН!

Павлодарда жастардың патриоттық акциясы өтті

4 маусым күні егемен Қазақ елі өзінің төл мерекелерінің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелейтін тағылымды шара республиканың барлық өңірлерінде барша сән-салтанатымен кеңінен тойланды. Аталмыш мереке аймағымызда да ерекше деңгейде өтті. Негізгі шара облыс орталығында ұйымдастырылды. Павлодарлық жастар «Менің Туым! Менің Елтаңбам! Менің Әнұраным!» атты патриоттық акция шеруінде бас қосты. Бұл шара 2007 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Егемен ел болғанымызға – аттай 20 жыл. Жылнамалап санасақ, бұл көп уақыт емес. Бірақ осы қысқа ғана уақыт ішінде қазақ Әнұраны әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде шырқалды. Көк байрағымыз көкте желбіреді. Дүние жүзі орта Азиядан ойып тұрып орын алған Қазақ елінің бар екенін таныды.

Акция Павлодар қаласының орталық жағажай алаңынан бастау алды. Көлемі 5х10 метр болатын Туымызды ұстаған жастар облыс орталығының басты көшелерімен жүріп өтіп, Естай атындағы қалалық мәдениет сарайына беттеді. Оларды алдарынан көк байрағымызды желбіреткен жеңіл автокөліктер бастап жүрді. «Қазақстан, алға!», «Елім!», «Отаным!» деп ұрандатқан қала жастары байрағымызды көкке көтеріп, Туымыз әрдайым асқақтай берсін деген тілекпен елдігіміздің нышанын осы аралықта алып өтті.

Жалпы, мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – халқымыздың көп жылдар бойы аңсаған азаттығының мәңгі өшпес айшықты бейнелері екендігі белгілі. Мемлекеттік рәміздеріміз елдігіміз бен ерлігіміздің, көне тарихымыз бен бақуатты болашағымыздың мызғымас символы. Бұлтсыз көк аспан – барлық халықтарда бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болса, күн - қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң, өмiрдiң бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран Қазақстанның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi. Туды алып жүрген ұл-қыздарымыз осыны жете түсініп, мұндай құрметке ие болғандарын мақтаныш санайтындықтарын жеткізді. Ұйымдастырушылар аталмыш патриоттық шара жастарды мемлекеттік рәміздерді бағалауға, ұлттық құндылықтарымыздың мәртебесін асқақтатуға баулиды, дейді.

Шеруге қатысушыларды қалалық мәдениет сарайының алдында жүрегі елім деп соққан тағы бір топ белсенді ұл-қыздар қарсы алды. Мұнда мерекеге арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Қолдарына көк байрағымызды, Елтаңба бейнеленген жалауды желбірете ұстап, биікке көтерген патриот жастар «Біз Қазақстанның болашағымыз!», «Біз өз Отанымыздың ұландарымыз!» деп ұрандатты.  

Акция барысында арман-тілектері мен мақсат-мүдделері ортақ патриоттар қосылып Әнұранды шырқап, мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын айшықтады, мәртебесін асқақтатты. Жастардың бірлігі мен ынтымағын арттырған салтанатты мерекеге жүздеген студенттер мен оқушылар, түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Шараға жиналған павлодарлық жастар  әнұранды қосыла шырқады. «Менің елім – Қазақстан» деп жұмыла үн қосып, татулық пен ауызбіршіліктің жарасымды үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ, ерекше атап өтерлігі, шара барысында түрлі салаларда қызмет етіп, белгілі бір жетістікке жеткен, өз ісінің шеберлері саналатын бірқатар жас азаматтарға «Жыл партиоты» дипломдары табыс етілді. Олардың қатарында аймағымыздың намысын республикалық, халықаралық деңгейде абыроймен қорғап жүрген спортшылар, өнер иелері, өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаздар, құтқарушылар, әскери қызметкерлер және тағы басқалары бар.

Ел басына күн туғанда әрбір ұлтжанды азаматтың жүрегі Отан, Отбасы, Өмір деп соғары сөзсіз. Ал мамыражай бейбіт күнде өзі үшін емес, өзгенің өмірі үшін жанын шүберекке түйіп, ерлік үлгісін көрсету екінің бірінің қолынан келе бермесі сөзсіз. Сондай жандардың бірі - құтқарушы-матрос Николай Моторный. Ол Екібастұз қаласының су құтқару қызметінде жұмыс істейді. Аталмыш салада еңбек еткеніне көп жыл болмаса да талай адамның өмірін арашалап қалған. Атап айтар болсақ, 2009 жылы көктемде алты балықшыны құтқарып қалса, үстіміздегі жылдың сәуір айында тағы жеті балықшыны өлім аузынан алып қалды. «Мен мұны батырлық деп есептемеймін. Бар болғаны өз жұмысымды жасадым. Дегенмен еңбегімнің еленіп отырғандығына қуаныштымын», - дейді Н.Моторный.

Марат Смағұловтың есімі аймағымыздың спорт саласында аса танымал. Павлодарда муайтай спортын дамытуды алғашқы болып қолға алған. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде облыс намысын халықаралық додаларда абыроймен қорғап келеді. Он жылға таяу бапкерлік қызметінде 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 7 ҚР спорт шеберін, қырыққа жуық спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындап шығарды. «Отансүйгіштік, ұлтжандылық, мемлекеттік құндылықтарды қастер тұту – бұл әрбір саналы азаматтың жүрек төрінен орын алатын қасиетті парызы. Ұлттың түп-тамырын, мемлекеттің бет-бейнесін айшықтап, халықтың бағыт-бағдарын айқындайтын мемлекеттік рәміздерімізді жастар қауымы ерекше қадір тұтса деймін. Шәкірттерім түрлі халықаралық жарыстарда топ жарып, еліміздің Туын көтеріп, Әнұран шырқалғанда кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп, көзіңе еріксіз жас оралады екен. Бұл - өмірімдегі ең бақытты сәттер. Ал бүгін ие болған «Жыл патриоты» атағы - жалғыз менің емес, тәрбиеленушілерімнің ортақ жеңісі», - дейді М.Смағұлов.

Әке мейірімімен қанына сіңіп, ана сүтімен бойына дарыған туған тілін аяламайтын адам елдік пен ерліктің символы – Ту, Елтаңба, Әнұранды бағалай алмайды. Ал бұл киелі ұғымдарды бойтұмардай пір тұту  тәрбиеден бастау алады. Акцияға қатысқан аға буын өкілдері жастар қауымын ұлтжандылыққа бастайтын осындай шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрса деген тілекпен тарқасты. Ал ұйымдастырушылар бұл тек бастамасы ғана дейді. «Бүгін біз жастардың қала көшелерімен алып жүрген Туымызды Екібастұз қаласындағы «Жас Отан» жастар қанатының өкілдеріне табыс еттік. Осылайша шеру көмірлі қалада жалғасатын болады», - дейді Павлодар облыстық «Жас Отан» жастар қанатының хатшысы Әділ Жұмекенов.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Маусым 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30