3-4 маусымда Тобыл өңірінде ҚР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» атты IV республикалық патриоттар форумы өтті. Форум жұмысына Қазақстанның он төрт облысынан, Алматы және Астана қалаларынан делегаттар қатысты. Атап айтар болсақ, Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, республиканың көрнекті қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, Мәжіліс депутаттары, облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттары, саяси партиялардың, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері форум жұмысына атсалысты. Шараға қатысу үшін Қостанайға Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келді.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған биылғы жиынның маңызы айрықша. Патриоттық рухты, отансүйгіштік сезімді асқақтатқан шаралар кең де ауқымдылығымен ерекшеленді.
Форум аясында қоғамдық ұйымдардың басшылары, танымал мәдениет және өнер, ғылым және спорт қайраткерлері, жастар ұйымдарының басшылары көпшілік алдында ойларын ортаға салды. Қазақстанды іргесі берік, экономикасы дамыған, мәдениеті озық қуатты мемлекетке айналдыру бүгінгі патриоттардың басты мұраты болуы тиіс. Зиялы қауым, жастар, қоғамдық ұйым өкілдері жиналған форумда әңгіме негізінен осы ой төңірегінде өрбіді.
«Менің Елтаңбам! Менің Туым! Менің Әнұраным!» атты шара аясында форумға қатысушылар орталық алаңнан Спорт сарайына дейін шеру жасап өтті. Елдіктің үш басты белгісін әспеттеген жалынды ұрандар қала көшелерін жаңғыртты.
Форум барысында ерлік істерімен, толағай табыстарымен халық ықыласына бөленген ел азаматтарына бес аталым бойынша «Жыл патриоты» құрмет белгісі табыс етілді.
Аталмыш ауқымды шараға қатысқан Павлодар облысының делегаттары көтеріңкі көңіл-күймен оралды. Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылы республикалық патриоттар форумы біздің аймағымызда өткен болатын.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

