Аймағымызда Ертіс өзенінің арналарын тазалау бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жалпы, бұл бағыттағы шаралар облыста екінші жыл қатарынан жасалып келеді. Өткен жылы аталмыш мақсаттарға жергілікті бюджеттен 76 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш шамамен 173 миллион теңгеге дейін өсіп отыр.
Ертіс өзенінің арналары тоқсаныншы жылдардан бері тазаланбай келген. Кеңес үкіметі кезінде өзен бойымен кемелер көптеп қатынағандығы белгілі. Сондықтан ол кезде тұрақты түрде тазаланып тұрған болатын. Су жолы тоқтаған соң, аталған шаралар жүргізілмеді. Тек соңғы екі-үш жылда облыс басшылығы бұл істі мықтап қолға алып отыр.
Биыл Ертіс өзенінің Павлодар ауданы Черноярка ауылына қарасты аумақтағы арнасы тазартылуда. «Атап өтерлігі, аталмыш алқап аймағымыздың «бау-бақшасы» десе де болады. Облысымыздың бірқатар ірі көкөніс өндірушілері осы жерде шоғырланған. Алайда, мұнда күзге қарай су тапшы. Себебі, көктемде еріген қар мен жауын-шашыннан жиналған су жаз соңына дейін жетпейді», - дейді облысымыздың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Нұрлан Нәбиев. Онымен қоса, Ертістің осы аумақтағы Долгое (халық арасында «Старица» деген атауға ие) арнасы арқылы Затон өзені толығып тұруы қажет. Өкінішке қарай, арна әбден лайланып, жабылып қалуға жақын.
(бұл туралы толық мақаланы газетіміздің №69 санынан оқисыздар)
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

