Қазақстан коммунистік партиясының жергілікті мүшелері сәрсенбі күні баспасөз конференциясын өткізді. Отырысты ұйымдастырған Ғ.Иренов, Э.Янчук, Қ.Зағұпаров, Т.Зозулялардың айтуына қарағанда, бүгінде аталмыш партияға тарап кету қаупі төніп тұр. Оған себепкер, партияның қазіргі жетекшісі Ғ.Алдамжаровтың әрекеттері болып отырғандығын алға тартады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдарда алғашқы саяси ұйым ретінде жұмысын үзбей жүргізіп келе жатқан аталған партия мүшелері өздерінің өзге саяси ұйымдармен салыстырғанда тәжірибесі де, тарихы да тереңде жатқандығын айтады. Ғ.Иренов: Ғ.Алдамжаровтың келуімен партия бағыты өзгеріп, саяси және ұлтаралық араздыққа негізделіп кеткендігін айтамыз. Оның бұл әрекеттері бүгінде біздің партияның жарты жыл бойы жұмысын тоқтатуына алып келіп отыр» - дейді. Сондай-ақ, Т.Зозуля: «Г.Алдамжаров біздің партияны тіркелмеген «Алға!» партиясымен біріктіріп, «Халық майданы» қозғалысын құрмақ. Бұл біздің еліміздегі тұрақтылық пен тыныштыққа қарсы бағытталған әрекет. Біз Елбасының ұстанып отырған сара жолын дұрыс деп білеміз. Сондықтан, одан басқа белгісіз бағыттан қаржыландырылатын ұйымдармен бірігуге қарсымыз», деп өз пікірін білдірді.
Бүгінде облысымызда мыңнан астам мүшесі бар партия өкілдері өздерінің құқықтарының ескерілмей, жетекшілік тарапы қарапайым халық ұстанымымен сәйкеспейтін қадамдарға барып жатқандығын атап өтті. Қ.Зағұпаров: «Біз ардагер коммунистерміз. Партия төрағасы кез-келген қадамға баруы үшін біздің де, қарапайым жұртшылықтың да пікірімен санасқаны жөн» - деп наразылығын айтты.
Сөз соңында Ғ.Иренов: «Мұндай шаралар бүгінде еліміздің әр өңірлерінде өтіп жатыр. Біз де оларды қолдаймыз. Ал Ғ.Алдамжаровқа айтарымыз: партияны құрдымға жібермей тұрған кезде орныңды босат!» - деп тоқталды.
Елдің бірлігі мен тыныштығы үшін ардагер коммунистер осылай деп үн қосуда.
Ж.ТОЙШЫБАЙТЕГІ.

