Халық дауысы, халық үні – қоғамның талабы, кез-келгенді икеміне иілдірер табанды күш екендігі сөзсіз. Осыны ескерген «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы «Халық дауысы» атты республикалық акция өткізуді қолға алған болатын. Ағымдағы айдың 10-ы күні бастау алған бұл шараға облысымыздың жұртшылығы белсене атсалысуда. Ресми деректерге сүйенсек, қазірдің өзінде тек Павлодар қаласы бойынша тұрғындардан үш мыңнан астам өтініш-тілектер түскен.
Осынау шараның Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуі тегін емес. Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл ретте, басқарушы саяси партия да жаңа басымдықтарды бағындыруы, тың бастамаларды қолға алуы тиіс. Ал ол ең алдымен, халық мүддесімен байланысты. Яғни, әрбір қазақстандықтың ой-пікірі, ұсынысы партияның болашақ жаңа стратегиялық бағдарламасын құруда негізгі бағдар болмақ.
Аймағымызда акция аясында тұрғындар ұсыныстарын қабылдайтын қырыққа жуық бөлімше жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы ірі сауда орталықтары мен кәсіпорындарда, түрлі дәрежедегі оқу орындарында, жалпы адамдар қарасы көп шоғырланған орындарда орналасқан. Сондай-ақ, шараға партияның бастауыш ұйымдары белсене қатысуда. Кеше, солардың бірқатарында акцияны қолдау шаралары өтті. Мысалы, «Достық үйінде» облысымыздың этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері бас қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы жанынан құрылған бастауыш партиялық ұйым мүшелері республикалық акцияның маңыздылығын сөз етіп, ұсыныстарын ортаға тастады. Атап айтар болсақ, Ассамблеяның жастар қанаты жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары орта кәсіптік білімі барларға да көрсетілсе қолжетімді болса деген ойда.
Дәл осындай шаралар Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ мен облыстық перинаталды орталығында да өтті. Жалпы, жергілікті тұрғындар «Халық дауысы» акциясы елдегі саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға кеңінен жол ашып, билік пен халық арасында өзара ортақ түсіністік орнатады деген пікірде. Халық дауысының биліктің жоғары тармақтарының «құлағына» жетеріне сенім мол.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

