5512 әскери бөлімі 1989 жылы Павлодар қаласында КСРО ішкі істер министрлігінің жеке арнайы моторландырылған милиция батальоны ретінде құрылған болатын. 2004 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерінің Бас штаб басшысы генерал-майор Д.Салханов аталмыш әскери бөлімге Жауынгерлік ту табыс етті. Ел қорғандарына патриоттық тәрбие мен темірдей қатал тәртіпті үйрететін әскери бөлімнің республикада алатын орны ерекше. Бөлім техникалық-материалдық базасы бойынша және тәртіптік тәрбие жағынан еліміздегі әскери құрамдар арасында алдыңғы қатарда. Аталмыш әскери бөлімнің бастығы Нұрлан Дүкеновтің айтуынша, құрылым ішкі әскердің жедел әрекет етуге арналған күші болып табылады. Ол ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті сақтауға, төтенше жағдайларды жоюға қатысу, заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қызмет етеді.
Әскери бөлімінің құрылғанына биыл 22 жыл толды. Бұл дата облыс орталығындағы «Достық» концерттік залында аталып өтті. Шараға бөлімнің ардагерлері мен жас сарбаздары, мәртебелі меймандар қатысты. Бірқатар жас жауынгерлерге ефрейтор шені беріліп, олардың ата-анасына алғыс жолданды. Сондай-ақ, әскери бөліммен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеп жатқан облыстық «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Е.ҚЫЗДАРБЕК.

