ӘР ЖОБА ӨЗ ЖҮРГІЗУШІСІМЕН ТАРТЫМДЫ

 

 

«Балапан», «Мәдениет»... Бұл – отандық телевизия саласында жүзеге асырылған аса қажетті жобалар екенін түсініп отырған боларсыздар. Олардың қаншалықты әрі не үшін қажеттілігін айтып жату артық болар. Таяуда «Сарыарқа самалы» басылымында журналист Фархат Әміреновтің «Сағымдай болған спорт арнасы» деген мақаласын оқып, қолыма қалам алуға бекідім. Өйткені, осындай ойға мен де көптен бері беріліп жүрген едім. Сөз жоқ, журналистің дөп басып көтерген мәселесі өте орынды. Өзіміздің дербес «Спорт» арнамыз болса, одан ұтарымыз көл-көсір емес пе?! Ұлттық спортты насихаттау, ұрпақты спортқа тарту, Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы өзіндік орны мен жеткен жетістіктерін, үздіктерімізді ел-жұртқа уақытылы таныстырып, жағымды жаңалықтарды жеткізіп отыру – арнайы спорт арнасының басты бағыты болар еді. Сондықтан да, қазір мен секілді талай адамдар осындай тілекте жүр деп ойлаймын. Спорт елдікті, ұлттық рухты танытатын басты саланың бірі ғой. Дүбірлі додалардан, бәсі биік сайыстардан тікелей хабар тарату арқылы жанкүйерлердің көңілінен шығу, жастарға жігер мен ұмтылыс сыйлау үлкен ғибратты іс емес пе?! Сондықтан да, көптің тілегі орындалар деген үмітіміз жоқ емес.

Жалпы, «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейтін атам қазақ, қазір «Бәсеке болмай, бәсің артпайды» деген қағиданы да қаперге мықтап қондырған. Мәселен, соңғы жылдары отандық телеарналардың кескін-келбеті, көрерменге ұсынар дүниелері, олардың мазмұн-сапасы айтарлықтай ілгері жылжуда. Қайсыбір арнада болсын, іліп алар ілкімді, елең еткізер ерекше жобалар көрерменге ұсынылып жатыр. Бұл – теледидарға телміретін жұртшылық үшін жағымды жаңалық. Тоқетерін айтқанда, көпшілікті қызықтыруға бағытталған хабарлардың саны артты. Сапасы ше? Бұл жағына келгенде, әркімнің ой-пікірі әрқилы өрілетіні даусыз. Әрине, патша көңілді жұрттың бәріне бірдей жағу оңай емес. Оның үстіне, әркімнің өз талғамы бар дегендей. Көрермен талғамынан шығуға тырысқан қайсыбір телеарналар болмасын, былайғы әріптестерінен асып түсудің бәсекесіне шындап кіріскенін де байқап жүрміз. Бұл - көңілге қуаныш ұялататын жағдай ғой. Әділ әрі мықты бәсеке болған жерде, сөз жоқ, бұдан ең бірінші тұтынушылар ұтады.

Айта кету керек, кейбір телеарналар батыстан басталып, берісі Ресейге тараған, сондай-ақ, сол ресейліктер өміршең еткен байырғы жобаларды өзімізде көшірмелеу арқылы да көңілден шығуға тырысып бағуда. Сәттісі де бар, сәтсізі де жоқ емес. Мысалы, «7 арна» «Жұлдыздар фабрикасын», «Не? Қайда? Қашан?» жобасын іске қосты. Тілі орысша демесек, жаман емес. Лезде-ақ өз көрермендерінің қатарын молайтып тастағаны көрініп тұр. «Ел арна» «Шіркін, лайф» пен «Саз әлемін» ұсынып келеді. «Қазақстан» ұлттық арнасы «Екі жұлдызды» жаңаша қырынан қайта алып шықты. «КТК»-ның да ауыз толтыра айтарлықтай өз жобалары баршылық. Айта берсек, жаңалық жетерлік. Бірақ, ұлттық рухты паш ететін ұлттық нақыштағы, болмыстағы дүниелердің басымырақ болғаны дұрыс. Қазіргі уақытта мұндай бағытқа «Қазақстан» басыбүтін ойысты. Келешекте «Қазақстанның» қатарына басқа да арналар қосылады, тым болмаса, 70-80 пайыздай үлгіде қосылады деп үміттенеміз.

Жаңа жобалар демекші, кейбір хабарлардың жүргізушілері қарадан-қарап діңкеңді құртатыны жанға батады. Нақтырақ айтсам, тап-тамаша дүниені жүргізушілердің өздері сүйкімсіз кейіпке айналдырады. Меніңше, қандайда болмасын хабардың – жобаның ажарын ашатын, тартымдылығын еселейтін - ең алдымен, жүргізушілер қауымы. Сондықтан да, лайықты болса екен бәрі. Өңешті жыртардай беталды айқай, орынсыз ыржың-тыржың, жасандылық, болымсыз әрі салмақсыз сөз тіркестері, дарақылық қимылдар қазіргі жобаларды жүргізушілердің көпшілігінен байқалады. Мұндай жайлар көрерменді жалықтырып, тіпті, қатты шаршатып жібереді.

Кім екенін білмеймін, әйтеуір, спорт хабарларын – футбол, волейбол және тағы басқа да жарыстарды көрсеткенде комментаторлық ететін, мұрнымен сөйлейтін бір адам бар. Әлгінің сөздері дәлсіз, мәліметтері далбаса кетіп жатады. Көріп, тыңдап отырған адамды тартып, баурап әкете алмайды. Жалығып кетесің, шаршап қаласың оның сөйлегені мен айтқан сөздерін тыңдап отырып. Ондай мысалдар өте көп. Осы жағын дұрыстаған абзал.

Әлібек АРШАТҰЛЫ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30