деп ниет білдірген жастарға таптырмас мүмкіндік туды
Алдағы уақытта еліміздің түрлі деңгейдегі мәслихаттарындағы жас депутаттардың саны артпақ. Белсенді жастар алдарына осындай мақсат қойып отыр. Сайлауға түсіп, халық қалаулысы атану - мол жауапкершілікті қажет ететін ауыр жүк. Онымен қоса, білім, таным деңгейі сай болуы шарт. Бірақ, жастар қауымы «бұл қолымыздан келеді» деген пікірде. Ел көшін өрге жетелейтін ұл-қыздар баршылық дейді олар. Осы мақсатта елімізде Қазақстанның жас депутаттар ассоциациясы құрылған.
Жалпы, еліміз бойынша әр деңгейдегі мәслихаттар (аудандық, қалалық, облыстық) депутаттарының саны үш жарым мыңнан асып жығылады екен. Алайда, олардың құрамында жастардың үлесі өте аз. Бүгінде мемлекетімізде 29 жасқа дейінгі небары 23 халық қалаулысы бар. Атап өтерлігі, оның ішінде төрт жас депутат біздің аймағымыздан. «Елдегі халықтың басым бөлігін жастар құрайтындығын ескерсек, бұл – үлкен кемшілік», - дейді «Қазақстанның жас депутаттар ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Сәуле Жұмажанова.
Ұйымның алдына қойып отырған мақсаттары жоғары. Олар келесі жылы республика бойынша түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 500-ге жуық белсенді жастың кандидатурасын ұсынбақ. Үміткерлер алдын-ала дайындықтан өтеді. Саясаткерліктің қыр-сырын меңгереді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді де бірлестік өз мойнына алатын көрінеді. Ол үшін әрбір аймақта жас депутаттар ассоциациясының өкілдіктері құрылған. С.Жұмажанованың айтуына қарағанда, алдымыздағы жылы жоғарыда атап өткен депутаттыққа үміткер 500 жастың ішінен кем дегенде жүз адам халық қалаулысы атанады деп күтілуде. «Ал біз, жергілікті атқарушы билік органдар, аталмыш мақсаттың сәтті жүзеге асуы үшін қолдан келген көмегімізді аямаймыз» - дейді Павлодар облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Аян Әділбеков. Белсенді жастардың нақты әрекеттері айтылған межені бағындырады деген үміттеміз.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

