кімдерге керек болды?
Өткен аптаның соңына қарай ел ішінде үрейді алатын сүреңсіз әңгімелер қаптап кетті. Бәз біреулер естіген-білгендерін жан-жақтан жаудыртты. Бастапқыда сұрықсыз хабарларға селт ете қоймасақ та, қауесеттің көбейгенін сес көріп, ойға кідіргеніміз де бар. Ұлы мейрамымыз Құрбан айт келгенде мұндай сөздердің ескені әлдебіреулердің жаман ойынан туындап жатыр ма деген күдік те пайда болды.
«Естідіңдер ме, біреулер құрбандыққа бала шалатынын ескертіпті, ойбай, жалғыз ешқайда жібере көрмеңдер!». Бұл – ғаламтор арқылы таныстардан жеткен алғашқы суыт хабар. Бір қызығы, демалыс күндері бұл жаманат мүлдем қаулап өсіп кетті. «Ана жерде бірнеше баланы жазым қылыпты, анасының қолынан жұлып алып, өлтіріп кетіпті!» деген сынды төбе құйқаңды шымырлатқан сөздерді екінің бірі айта бастады. Тіпті, айтшылап барған үйден де әлгіндей өсек-аяңдарды естігенде, «осы біздің жұртқа не болған?!» деп еріксіз таңырқау күй кештік.
Қош, сөйтсек, «ойбай сойқан сұмдық болады екен!» деп, ай-күннің аманында дүрлігіп жүрген біздің облыс қана емес екен. Ақпарат агенттіктерінің хабарларына сүйенсек, жұма күні Қарағанды жерінде де осындай желсөздер тарапты. «Қала маңындағы Майқұдық дейтін мекенде діни экстремистер автобусты жарып, содан бір оқушы қыз өлім құшыпты» деген дақпыртпен көпшілік бірін-бірі үрейлендірген. «Сұмдық» деп сескенгендер балаларын мектептен, балабақшадан жедел түрде үйлеріне алып кеткен.
Еріксіз таңғалатын тағы бір жайтты айта кетсек. Алматы облысында бір әйелге телефон соққан бейтаныс адам оның баласын құрбандыққа шалатынын айтып, қорқытқан. Зәре-құты қалмаған ана жаны қалмай шырылдаған. Полиция қызметкерлері ұялы телефоннан хабарласқан адам сол әйелдің танысы екенін анықтапты. «Мен тек қорқытып-үркіткім келді» деп ақталған таныстың «есі дұрыс па өзі?» деп айран-асыр қаласыз.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір мектептің қабырғасында да балалардың құрбандыққа шалынатыны туралы ескерту жазылған екен. Осыған қатысы бар деген күдікпен 15 жасар бала қолға түсті. Бір қызығы, ол мұндай әрекетке теледидардан көрген бір хабардан кейін барған. Міне, енді сізге «теледидар – тәрбие құралы, одан көрсетілетін дүниелерге абай болу керек!» деп неге байбалам салатынымыз түсінікті болар? Қазір полицейлер ел-жұрттың үрейін алғандардың үстінен қылмыстық іс қозғау үшін деректер жинауда.
Осылайша, айналасы екі-үш күннің ішінде жұртты сең соққандай еткен сұрықсыз қауесеттер тарап үлгерді. Әрине, «балаңа қауіп төніп тұр!» десе, ескертудің ақ-қарасын тексеріп жатпай-ақ, құлыныңды құшағыңа тыққанша асық боласың. Бірнеше облыстың полиция басшыларының айтуынша, осы уақыт ішінде баланы құрбандыққа шалу оқиғасы тіркелген емес. Бәлкім, біреулер Құрбан айт қарсаңында көше-көшелерде құқық қорғау қызметкерлерінің қарасы көбейгенінен бірдеңе жорыған болар. Бірақ, көзі ашық тұрғындар әр мереке сайын полиция қызметі осындай жіті қырағылыққа көшетінін білсе керек. Бұл – қоғамдық тәртіпті бақылау үшін қажет, үйреншікті іс-шара.
Алайда, дәл осы дақпырттың тарауы басқа бір ойларға бастайды. Рас, қазір жұртымыз елдің батысында болған лаңкестік оқиғаға алаңдаулы. Сенсация іздейтін ақпарат құралдары оны жерден жеті қоян тапқандай, өтірік-шынын араластырып, бояуын қоюлатып беріп жатыр. Бұл туралы құзырлы министрлік өкілі таяуда ғана ескерткен болатын. Соның кері әсері енді көрініп отыр. Көңілін секем алған соң адам көлеңкесінен де қорқуы ықтимал. Осыны пайдаланған әлдебіреулер «Баланы құрбандыққа шаламыз!» дейтін соқыр хабарды таратып жіберген сыңайлы. Алайда, ел ішінде осы жұртқа басу айтып, жағдайды түсіндіретін органдардың жұмысы көрінбейді. Естуімізше, облыстағы әлдебір ауданның құзырлы мекемесінің өкілдері ауылға барып, «қазір діни сектаға кіргендер көп, оларға жолықсаңдар қанға бөктіреді» деп, «білгенін» көрсетіп кетіпті. Осындай сұмдықпен ел-жұртты шошындырып қойғаннан соң да, қазір «ойбай, пәлекет төніп тұр» десеңіз, аңқау халық сене беруі мүмкін. «Қорыққанға қос көрінеді». Әлде, ел-жұрттың өсек-аяңнан қорқып, сабырдан айырылуы жат пиғылды әлдебіреулерге қажет пе? Ендеше, жауапты мекемелер үнсіз қалмай, Қазақстандай бейбітсүйгіш елде ешқандай да оқыс жағдайлар орын алмайтынын түсіндіруі керек секілді. Ол үшін арнайы қауіпсіздік қызметінің бар екенінен хабарсыз тұрғындар ғана осындай дүрлігушілікке, бос әңгімелерге, үрейленуге бейім келеді. Осы мақаланы жазудағы мақсатымыз да – баладай аңқау елдің қауесетке сенгіштігін айтуға ғана емес, сонымен бірге, тиісті органдарға олқы тұстардың да барын жеткізіп, ой салу болатын.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

