Осыдан бірнеше жыл бұрын қанатын кеңге жайып, құлаш сермеген қазақ көңілділер мен тапқырлар клубы (КТК) қозғалысы бүгінде жұртшылық тарапынан үлкен беделге ие. Сонымен қатар, ол облыстағы жастар саясатын жүзеге асыруға және мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау бойынша маңызды міндеттерді атқаруда.
«Жас STAR» атты КТК фестивалі үлкен сахнада өнер көрсетуді мақсат еткен жастарға мүмкіндік туғызуда. Фестиваль нәтижесінде жаңа командалар танылды. Жаңа ойыншылардың есімдері анықталды.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы дәстүрлі фестиваль ерекше өткізілді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында аймақтық КТК одағы ұйымдастырған шарада облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ауыспалы Кубогы басты жүлделердің бірі болып тігілді. Бұл игі бастама фестивальде өнер көрсеткен командалар арасындағы бәсекелестікті қыздыра түскені сөзсіз. Айта кетерлігі, «Сарыарқа самалы» басылымы аймақтағы қазақ КТК одағының филиалымен серіктестік қарым-қатынас орнатып, әрдайым ақпараттық демеушілік көрсетеді. Басылым беттерінде өңірдегі қазақ КТК ойындарының аяқ-алысы мен дамуы, жеңісі мен жемісін арқау еткен материалдар үнемі жарияланып келеді.
КТК ойындарына алғаш рет аяқ басқан шығармашыл жастар қатарында облыстағы орта, арнайы және жоғары оқу орындарының үкілі үмітін арқалап келген 17 команда қатысты. Сонымен қатар, бұл ойынға Елордамыз Астанадан «Астана тұлпарлары» тобы да ат терлетіп жетті. Аймақ тұрғындарының негізгі ақпарат көзі - «Сарыарқа самалы» газеті сахна төрінде айтылған әзіл-қалжыңдардың өзегіне айналды. Ойыншылардың мемлекеттік тіл, жастар тәрбиесі, ұлтжандылық, жастарды жаулап алған ғаламтордағы «агент», түрік сериалдары сынды тақырыптарға негізделген қалжыңдары да жұртшылықтың қошеметіне ие болды.
Олардың жақсы ойын көрсетуі - шынайы бәсекелестік пен дайындықтың нәтижесі екені сөзсіз. Осының өзі Павлодар аймағындағы қазақ КТК ойындарының деңгейі жоғарылағанын байқату. Шараға қатысқан командалардың өнеріне қазылар алқасы оң бағасын берді. КТК топтарының әзіл-қалжыңын сарапқа салғандар қатарында болған облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Асыл Әбішев облыс орталығындағы №4 мектептің «Болашақ», №12 мектептің «Қазы-қарта» және «Жай-май» атты павлодарлық еркін аула құрамасы ойыншыларына жоғары баға берді.
Қазылар алқасының шешімімен «КТК ханзадасы» аталына облыс орталығындағы №4 мектептің «Болашақ» құрамасы, №19 мектептің намысын қорғаған «Кереку» тобы «КТК ханшайымы» аталымына ие болды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Универ» құрамасы «Ең әуенді топ» аталымы бойынша марапатталса, астаналық «Астана тұлпарлары» командасының әзілдері ең үздік деп танылды. Қарсыластарына дес бермей, алға суырылып шыққан ИнЕУ-дің «Квартет» құрамасы «Ең үздік топ» атағын арқалап қайтты. Ал облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ауыспалы Кубогын көпшілікті астарлы әзіл-қалжыңмен баурап алған кеншілер қаласының «Алға» командасы еншіледі.
Екібастұз медициналық колледжінің «Алға» командасы, «Сарыарқа самалы» газетінің ауыспалы Кубок иегері:
- Медициналық оқу орнында білім алып жатқанымызға қарамастан, қазақы әзіл-қалжыңнан кенде емеспіз. Қазақ КТК ойындарына алғашқы рет қатысып, осыны дәлелдедік деп айта аламыз. Шыны керек, сөзбен айтып жеткізуге келмейтін қуанышты сезімге бөленіп тұрмыз. Алғашқы қадамымыз сәтті болды деп есептейміз. Алға қойған басты мақсатымыз – қалалық лигада сәтті өнер көрсетіп, чемпион атану. Сонымен қатар, ана тілімізді ардақтау, қазақы қалжыңның халық арасында кең қанат жаюына мұрындық болғымыз келеді.
Өңірдегі КТК ойындары қозғалысының дамуы, республикалық деңгейде өнер көрсететін командалар туралы «Сарыарқа самалы» газеті арқылы біліп отырамыз. Облыс тұрғындарын жедел ақпаратпен қамтамасыз етіп, жастар тәрбиесінің тал бесігіне айналған сүйікті газетіміздің оқырмандары көп болуына тілектеспіз.
ИнЕУ-дің «Квартет» командасы, «Ең үздік топ» аталымының иегері:
- Жастардың басым бөлігі КТК ойындарына қатысу арқылы танымал болуды көздейді. Алайда, біздің түпкі мақсатымыз олай емес. Біз көзі қарақты, көкірегі ояу азаматтарға әзіл-шыны аралас көріністер көрсетіп, әзіл айтып, салмақты ой тастағымыз келеді. Жұртшылықты күлдіру арқылы қаракөз жастар арасында ана тіліміздің беделін арттырып, насихаттап жүргенімізге қуаныштымыз. Ойын барысында асабалық, той басқару туралы әзіл-қалжыңды көріністерді паш еттік. Шыны керек, оқудан тыс уақытта асабалық қызмет атқарамыз. Алғашқы жеңісімізді Инновациялық Еуразиялық университетінің 20 жылдығына арнаймыз!
Тоғжан БЕСБАУОВА, көрермен:
- Биылғы «Жас STAR» фестивалінің ерекшелігі – командаларды дәстүрлі марапаттаумен қатар, облыс жұртшылығына кеңінен танымал, тарихы тереңде жатқан «Сарыарқа самалы» газетінің ауыспалы Кубогы үшін болған бәсеке. Аймақтағы қазақ көңілділер және тапқырлар клубы ойындарының тұрақты көрермендерінің бірі болғандықтан, аймақтық лигалар құрамындағы түрлі деңгейлі ойындарды әрдайым тамашалаймын. Сондай-ақ, бұл ойындар туралы «Сарыарқа самалы» газетінен жиі оқып тұрамын. Көрермен ретінде бүгінгі фестивальге қатысқан ойыншылардың аяқ алысына жақсы баға беремін. Ойын барысында біраз кемшіліктер де болмай қалған жоқ. Ойыншылар фестивальге алғашқы рет қатысып отырғанын ескерсек, оларды кешіруге болады деп ойлаймын.
А.ЕСІМХАНОВА.


Пікірлер
RSS лента .