Кереку өңірінде этно-мәдени бірлестіктерінің «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» атты ХІV облыстық фестивалі жалғасын табуда. Аймақтың қалалық және аудандық елді мекендерінде өркен жайып, еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас пен татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосып жатқан ұйымдардың фестивалі аясындағы гала-концертке облыс орталығы мен оған қарасты ауылдық елді мекендердегі этно-мәдени бірлестіктер қатысты.
Тәуелсіздіктің 20 жылдық кезеңінде барша қазақстандықтардың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайту жолында игі бастамаларға жол ашып, татулықтың таптырмас үлгісін көрсетіп отыр. Біздің өңірімізде де осы қағиданы негізге алған барша ұлт өкілдері тұрақтылық пен келісімді паш етіп, этносаралық қарым-қатынасты арттыруға барынша күш салуда. Қасиетті Тәуелсіздігіміз өзге ұлт өкілдерінің әні мен жырына арқау болған фестиваль – осының дәлелі.
Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен биылғы шара кең ауқымды өрбіді. Оған Павлодар қаласының мәдени орталықтарымен қатар, өңірдің кәсіпорындары және білім беру ошақтарының өнерпаздары да қатысты. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Дәстүрлі көрмеге қатысуға еліміздегі алпауыт өндіріс орындарының бірі - «Қазақстан алюминийі» АҚ-нан 10 шебер ниет білдіріпті. Солардың бірі, кәсіпорында аппаратшы-гидрометаллург болып жұмыс істейтін Боранбай Ботабаев шараға ағаштан жасалған домбыра, шахмат тақтасы, ұлттық ыдыс-аяқтар сияқты бұйымдарды әкелген. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Мелжан Сыдықовтың қолөнер шеберлігімен айналысып жүргеніне 10 жылдың жүзі болған. Бұл көрмеге ол өзінің қиялы мен шабытының жемісі – ағаш бұйымдарын, сондай-ақ, шәкірттерінің жұмыстарын ала келіпті. «Қазіргі кезде жас буын өкілдері қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтары, музыкалық аспаптарының атауларын білмейтіні жасырын емес.
Мұның өзі тәлім-тәрбие көзі емес пе? Ұлттық өнерімізді жаңғырту – Тәуелсіздігіміздің игілігі деп білемін. Ұстаз ретінде өскелең ұрпақты халқымыздың тарихын, салт-дәстүрлері мен тілін құрмет тұтуға тәрбиелеуді ел дамуына қосқан өзіндік үлесім деп айта аламын», - дейді шебер.
Сахна төрінде өнер көрсеткен Павлодар қаласы және оған қарасты Кенжекөл, Ленин Павлодар ауылдары, сондай-ақ, кәсіпорындар, білім беру орындарынан келген өнерпаздар көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Гала-концерттің шымылдығы облыс орталығындағы Достық үйінде бір арнаға ұйысқан жиырмаға жуық өзге ұлт өкілдерінің орындауындағы «Қара жорға» биімен ашылды.
Айта кетерлігі, дәстүрлі фестивальдің гала-концертіне қатысуға жолдама алу үшін шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар қатаң іріктеуден өткен. Жұртты өнерімен тәнті еткендер қатарында «Эльбрус» кабардин-балкар және қарашай-черкес этно-мәдени бірлестігінің «Алан» би ансамблі мен «Теберда» вокалдық тобы бар. Отыздан астам өнерпаздың басын қосқан «Алан» тобы бишілерінің айтуынша, достық пен татулықтың қазақстандық үлгісі - өзге ұлт өкілдерінің қоғамда өздерін бақытты сезінуіне ерекше ықпал етеді. «Қай ұлт пен ұлыс өкілі болмасын, өзін қазақ жерінде еркін сезінеді. Кең байтақ елімізде татулық пен бірлікте өмір сүріп жатқан біз де төл мәдениетімізді дамытып, насихаттауға мүмкіндік алудамыз», - дейді олар.
Шара фестиваль қатысушыларын марапаттау рәсіміне ұласты. Салтанатты сәтте сөз алған Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Айым Қанафина фестивальдің ұранына айналған «достық», «бірлік», «тәуелсіздік» сөздері әркімнің жүрек төрінен орын алуы тиіс екенін айтты.
Мызғымас бірлік пен татулықты ту еткен өнерпаздар мен қолөнер шеберлері түрлі аталымдар бойынша марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

