Қарулы күштердің басты мақсаты - еліміздің шекара тұтастығын қорғау және тәуелсіздікке нұқсан келтірмеу. Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент 2010 жылдың І жартыжылдығын қорытындылап,бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Департамент бастығының орынбасары, подполковник Олег Николашин құрылымның соңғы алты ай мерзім аралығындағы атқарған істері мен жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.
Жергілікті әскери басқарма - бұл мемлекеттік құрылым, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің шағын ғана шекаралық бөлігі. Олардың басты мақсаты - Қарулы күштер мен республика шекарасын қадағалау, жергілікті тұрғындарға әскери, патриоттық және интернационалдық тәрбие беру болып табылады. Сонымен қатар әскер қатарына шақырушыларды әскери мамандыққа баулу және Қазақстан Республикасының әскери-техникалық мектептеріне оқушы дайындау.
Жас жеткіншектерді әскери қызметке дайындау Қазақстан Республикасының «Жалпыға бірдей әскери міндет және әскери қызмет» туралы Заңы негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы үкімет органдары мен министрліктердің, жергілікті билік және атқарушы органдардың барлығы осы заң негізінде жұмыс атқарады.
«2010 жылдың көктем айында әскер қатарына шақырушылар арасында ешқандай тәртіп бұзушылықтар болмай жоғары деңгейде өтті. Биыл облысымыздан әскер қатарына 763 жауынгер шақырылды» -, деді подполковник Олег Николашин. Павлодар облысынан Республика мен шетелдік әскери оқу орындарында 228 адам оқу оқып, тәрбиеленуде. Ресей Федерациясында - 45, Белоруссияда – 14, Түркияда-2, Германияда-1, Индияда-1, Украинада – 1 және Ақмола облысы Щучинск қаласындағы кадеттер корпусында-13, «Жас Ұлан» республикалық әскери мектебінде 25 жас жеткіншек әскери қызмет бойынша білім алып, дайындықтарын пысықтауда. «Соңғы келіп түскен мәліметтер бойынша павлодарлық 118 жас жеткіншек әскери оқуға түсуге ниет білдіріп отыр» ,- деді ол өз сөзінде. Баспасөз мәслихаты барысында Олег Николашин департаменттің Ұлы Жеңістің -65 жылдығына орай ұйымдастырған шараларын атап өтті.
«Биыл Павлодар қаласында орналасқан 6679 әскери бөлімшесінің құрылғанына 43 жыл толып отыр. Бұл біздің аймағымыздың беделін республикаға көтеріп отырған әскери бөлімше» деді подполковник Олег Николашин. Ол сонымен қатар әскери бөлімшенің жеткен жетістіктері туралы да баяндады.
Еркебұлан ӘМІРЕНОВ,
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.

