«AЗАТ КҮННІҢ ЖАРШЫСЫ»

 

аудандарда «Сарыарқа самалының» шығармашылық кеші басталды

Биыл ерекше жыл. Өткенге шүкіршілік етіп, бүгінімізбен мақтанып, болашаққа сеніммен аяқ басатын сәт. Азаттықтың ақ таңы атып, егеменді ел атанғанымызға 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында тәуелсіз мемлекетімізбен қатар, сеңгірлі сексен екі жылды еңсерген облыстық «Сарыарқа самалы» газеті де қарыштап дамыды. Талай асулардан асып, белестерді бағындырды. Осының барлығы - Тәуелсіздіктің арқасы.

Өткенімізге үңілсек, басылым өз тарихында талай белестерді бағындырды. Қуанышты сәттер де аз болған жоқ. Құдайға шүкір! Бұл ретте, басты қолдаушыларымыз, қадірлі оқырмандарымыздың қашан да жанымыздан табылып отырғандығын атап өткен жөн. Сол себепті, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына орай өз оқырмандарына деген тарту-таралғысы ретінде «Азат күннің жаршысы» атты шығармашылық кешімен аудандар мен қалаларға сапарын бастады.

Алғашқы болып жолымыз Ақсу қаласына түсті. Энергетиктер шаһарының тұрғындары редакция ұжымын зор ықыласпен қарсы алды. Жергілікті балалар шығармашылық үйіне жиналған оқырмандар мол болды. Осылайша, қолымыздағы қағаз-қаламымызды бір күнге микрофон, домбыраға ауыстырдық.

Жалпы, мұндай шаралар өткізу редакция ұжымы үшін таңсық дүние емес. Тұрақты оқырмандарымыз хабардар болар, осыдан бірер жылдар бұрын газеттің журналистер қауымы аймағымыздың аудандарын арнайы концерттік бағдарламамен аралаған болатын. Тек, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы шара шығармашылық кеш түрінде өтті. Жаңа сценарий, жаңаша қойылымдар. Жалпы, шара жаңашылдыққа толы болды. Бірақ, өзгермеген бір ғана нәрсе бар. Олоқырмандарымыз. Ерекше атап өтерлігі, көрермендер қатарында жастар көп болды.

Шығармашылық кеш барысында орын алған айтулы оқиғалардың бірі – «Сарыарқа самалы» газетінің балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айналайын» және «ЖАС times» жастар қосымшасы кітапшаларының тұсауы кесілді. Ұлық мереке қарсаңында жарық көрген аталмыш кітапшаларға облысымыздың шығармашылыққа бейім, жас болса да қаламды серік еткен балалар мен жастардың балғын жырлары, мақалалары енді. Жыл басынан бері ерекше белсенділікпен көзге түскен тұрақты жас авторларымыздың бірқатары редакция атынан арнайы дипломдармен марапатталды. Олардың қатарында, Абылай Мәденов, Еркіндік Ағламин, Аяулым Қабышева, Шынар Дөнен, Серікболсын Сейіл бар. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, қолдап келе жатқан ата-аналары да Алғыс хатқа ие болды.

- Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті - аймағымыздың айнасы. Жастарға үлгі, аға буынға ақылшы болып келе жатқан бірден-бір басылым. Әсіресе, келер ұрпақ тәрбиесіне деген үлесі зор. Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітапшалар - соның нақты дәлелі. Олардың алғашқы болып біздің қаламызда жұртшылық назарына ұсынылып отырғандығы қуантады. Редакция ұжымына бүгінгі шығармашылық кеш үшін алғысымды білдіремін. Бұл - ерекше жоба. Осындай шаралар дәстүрге айналса деген тілегіміз бар, - деп атап өтті Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Бекзия Ысқақова.

Кеш барысында редакция тілшілері әсем әннен, әуезді күйден шашу шашты.

«Сарыарқа самалы» ұжымының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты тарту еткен шығармашылық кеші Май ауданында жалғасты. Көрермендер алдында өздерінің газет шығару ісінен басқа да қырларымен таныла түскен тілшілерді Май ауданының тұрғындары да құшақ жая қарсы алды. Әрлі әзілдері өріліп, әуезді әндері төгілген қаламгерлер шығармашылық кеш барысында жұртшылықпен де қоян-қолтық араласа қызықты ойындар өткізіп, пікір алмасты.

Жыл сайынғы игі дәстүр бойынша облыстық газеттің әрбір өңірдегі тұрақты авторлары марапатталды. Биылғы жылы осындай қошеметке Май өңірінің жаңалықтарын үзбей жеткізіп, аудан дамуы туралы тұрақты жазып келген жергілікті «Шамшырақ» газетінің тілшісі Мейрамбек Қызырұлы ие болды. Сол секілді, қашанда қоғамдық істерде көзге түсіп, «Майталман» жастар қоғамдық бірлестігіне де «Сарыарқа самалы» газетінің естелік сыйлығы мен Алғыс хаты бұйырды. Тек қана ересектер емес, аудан балаларының шығармашылығы да облыстық газеттің «Айналайын» қосымшасынан түспейді. Қосымшаның тұрақты авторлары А.Сейілханова, Ж.Байсалбаева, А.Омарханова, Л.Манабаева сынды оқушылар марапатталды. Сондай-ақ, Алғыс хаттан олардың тәрбиешісі - ата-аналары да құр алақан қалған жоқ.

Май ауданы әкімінің орынбасары Айтуған Шайхимов: «Бүгінгі шараның ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз. Облыстық газетті сүйіп оқитын аудандардың бірі - Май өңірі. Оған жыл сайын мыңнан астам оқырман жазылады. Бүгінгі күннің өзінде 800-ден астам адам алдағы жылға жазылып үлгерді - деді.

Аудандағы «Ақбота» балалар бақшасының қызметкері Айгерім Мұсапова «Мұндай шаралардың ауданымызда өтіп тұруы - біз үшін қуантарлық жайт. Біз қашанда жазылып, оқып жүретін «Сарыарқа самалы» газетінің журналистері мұндай өнерлі деп ойламаған едік. Әрі кілең жастардан құралған. Біз үшін үлкен әсер қалдырды», - деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Шаралар соңында жергілікті атқарушы билік өкілдері мен жиналған жұртшылыққа «Аналитикалық ақпарат орталығы» КМК директоры Нұржамал Тышқанова алғысын білдірді.

Шығармашылық кештің шымылдығы әйгілі «Атамекен» әнімен жабылды. Атап өтерлігі, мұндай шаралар облысымыздың әр өңірінде өтетін болады. Құлақтарыңызды түре жүріңіздер, қадірменді оқырмандар!

 

Жарқынбек АМАНТАЙ,

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29