бірегей патриоттық форумға қатысушылар осылай деп үн қатты
Облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайында бес мыңға жуық жастың қатысуымен «Тәуелсіздіктің 20 шыңы - 20 жұлдызды күн» жобасы шеңберінде «Болашағымыз біздің қолымызда!» атты кең ауқымды форум ұйымдастырылды. Шара барысында білімі, біліктілігі, еңбекқорлығы және ерік-жігерінің арқасында Кереку өңірінің атын әйгілеп, намысын абыроймен қорғап жүрген жастарға, Тәуелсіздік құрдастарына құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, елімізде құрылған бірегей бірлестік, балалар мен жасөспірімдердің «Жас ұлан» ұйымына алғаш рет салтанатты қабылдау рәсімі өткізілді. Форумға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, жастарға ағалық ізгі тілегін білдірді.
3-ші желтоқсан «Болашақ» ұранымен Қазақстан жастарының күні ретінде аталып өтілді. Бұл ұл-қыздарына ел болашағы деп ерекше сенім артқан халқымыз үшін айтулы күн. Сондықтан болар, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған аталмыш форум ерекше мәнде өрбіді.
Шараға жиналған бірнеше мың жастың әрқайсысы өзіндік қайталанбас мінез-құлқымен ерекше. Бірақ, барлығын байланыстыратын құдіретті күш, ортақ мүдденің бар екендігін түсінесің. Ол - еліне, туған жеріне, халқына, ана тіліне деген шексіз сүйіспеншілік. Қолдарына еліміздің көк туын ұстап, «Жаса Қазақстан!», «Алға қазақ елі!» деп ұрандатқан жастарды көргенде бойыңды еріксіз асқақ рухты тәуелсіз мемлекетімізге деген мақтаныш сезімі билейді. Ел ертеңіне деген сенім еселене түседі.
Форум басталысымен «Астана» мұз айдынындағы бас сахнаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы жеткізілді. Бұдан кейін ең маңызды, жүрек тебірентер сәт орнады. Еліміздің көк байрағының астына жиналған аймақ жастары қосылып, бір дауыспен Әнұранды әуелете шырқады.
- Бүгінгі күнді жиырма жыл бұрынғы кезеңмен салыстыру мүмкін емес. Сіздер бақыттысыздар, құрметті жастар! Себебі экономикасы қарыштап дамыған, бірлігі бекем, әлемде зор беделге ие тәуелсіз елде ер жеттіңіздер. Сіздерге Елбасы, халық үлкен сенім артып отыр. Білім алып, еңбек етуге мол мүмкіндік жасалуда. Бізге табысты, білімді, белсенді, еңбекқор, бәсекеге қабілетті жастар қажет. Өйткені, еліміздің алар асуы, бағындырар шыңы әлі алда. Қадамдарыңызға табыс тілеймін. Елімізге, туған жерімізге деген сүйіспеншілігіміз толастамасын. Алға, Қазақстан! - деді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Ұйымдастырушылар шараны бірнеше бөлімге бөлген. Онда әр сала бойынша толағай табыстарға қол жеткізіп, бірқатар белестерді бағындырған жастарға құрмет көрсетілді. Әскерилер алғашқы болып сап түзеп өтті. Олардың қатарында жас та болса жоғары марапаттарға ие болған үздік офицерлер, үлгілі әскери қызметкерлер, аса маңызды әскери жиындарда кәсіби шеберлігімен көзге түскен сарбаздар бар.
Олардан кейін аймағымыздың ғана емес, еліміздің намысын талай байрақты бәсекелерде абыроймен қорғап, қазақ атын әлемге әйгілеп жүрген спортшылар қошеметке бөленді. Артынша шеруді ғылым, білім саласының үздіктері жалғастырды. Ерекше атап өтерлігі, 2010-2011 оқу жылының өзінде керекулік жастар халықаралық олимпиадаларда 17 алтын, 26 күміс, 23 қола медальдарды жеңіп алды. Дегенмен, бұған таң қалуға да болмайды. Аймағымыздың оқушылары мен, студенттері білім деңгейі бойынша республикада қашан да үздіктер санатында. Құрмет көрсетілгендердің қатарында талай өреннің бақытына жол ашқан «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқып, бүгінде аймақ дамуына үлес қосу мақсатында еңбектеніп жүрген жастар бар. Және аталмыш бағдарлама бойынша әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жерлестеріміз де аталып өтілді.
Аймағымыздың мерейін асырып, республикалық, халықаралық дәрежедегі өнер додаларында топ жарып жүрген ұл-қыздарымызға қанша қошемет көрсетсек те артық болмас. Қазақстан эстрадасында өзіндік қолтаңбасымен көзге түсіп жүрген өнерпаздарымыз да бар. Өнерді өмірлік серік еткендердің қатарында тума талант иесі, қаршадайынан-ақ әлемді мойындатқан Мария Мудряктың орны бөлек. Бұл ретте, жиналғандар назарына Италияның Ла Скала академиясының студенті Марияның құрлық асып жеткен бейнесәлемдемесі тікелей эфир арқылы ұсынылды. «Біз тәуелсіз, жас мемлекетімізбен қашан да мақтануымыз қажет. Қазақстанның осыншалықты қысқа уақыт ішінде жеткен жетістіктерін көргенде бойымды туған еліме, жеріме деген ерекше қуаныш сезімі билейді. Осы ретте, жастардың қанатын шыңдап, қолдау көрсетіп, арманымыздың орындалуына мүмкіндік жасап отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғысымды білдіремін. Өзіме артылған сенімді ақтаймын деп сөз беремін. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі мен – қазақстандықпын!», - деді өз сәлемдемесінде М.Мудряк.
Сондай-ақ, шара барысында керекулік жастар аса белсенділікпен қатысқан «Дипломмен-ауылға!», «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!» сияқты бағдарламалардың орындалу барысына ерекше мән беріліп, студенттік құрылыс және жастар жасақтарының үшінші еңбек маусымының қорытындысы шығарылды. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының командирлері, белсенділері облыс әкімінің атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал еңбек жасағының үздік сарбазы «Нива» автокөлігіне ие болды.
Ал форумның басты жаңалығы – елімізде құрылған балалар мен жасөспірімдердің бірегей ұйымы «Жас ұланның» қатарына жастардың алғаш салтанатты түрде қабылдануы. Бұл жаңа тұрпатты жас қазақстандықты, ұлттың болашақ элитасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстың бірі болып саналады. Ұйымның қатарына тек оқу озаттары, спорттық сайыстар мен мәдени шараларда жоғары жетістіктерге жеткендер ғана мүшелікке алынады. Аталмыш мәртебеге ие болған оқушыларды облыс әкімі Б.Сағынтаев құттықтап, өз қолымен көк галстуктарын байлап берді.
Шараға қатысқан жастар елім деп еміреніп, тілім деп тебіреніп, ұлтым деп ілгері ұмтылып, еліміздің Туы мәңгілікке көкте желбіреуіне үлесімізді қосамыз деп уәде берді. Еңбек етіп, өз мақсатына жете білетін, Отанын шын сүйетін, сене білетін, сенімді ақтай білетін, жеткен жетістіктерімізді қадірлеп, болашаққа нық қадам басқан нағыз ұлтжанды азаматтардың басын қосқан бұл форум халқымыздың бірлігін, ынтымағын, күш-жігерін паш еткен шара болды.
Форум барысында «Ұлытау», «Орда» топтары мен жерлестеріміз Ринат Малцагов, Жанар Доғалова сынды қазақ эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Д.АЙТПАЙҰЛЫ.
Әлібек БЕКЖАНОВ,
«Жас дарын» мектебінің оқушысы:
- Бүгін мен үшін айтулы күн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылдандым. Бұл – зор мақтаныш. Әсіресе, ата-анамның қуанышында шек жоқ. Олар кезінде пионер болса, мен енді «жасұландықпын». Әрине, аталмыш ұйымның мүшесі болу қосымша жауапкершілікті талап етеді. Бірақ, оған дайынмын. Оқуға бұрынғыдан да ерекше ден қойып, қоғамға пайда әкелетін жұмыстарға белсене атсалысқым келеді.
Марина ПЕТРАКОВА,
көркем гимнастикадан спорт шебері, ХVІ Азия ойындарының жеңімпазы:
- Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын. Бұл - мен үшін кез келген марапаттан жоғары тұратын абыройлы атақ. Талай халықаралық байрақты бәсекелерде ел намысын қорғай жүріп, қашан да халық үмітін ақтауға тырысамын. Себебі, көк байрағымыз көкке өрлеп, Әнұранымыз шырқалса, бұл барша Қазақстан халқының мерейін асқақтатары сөзсіз. Сондықтан, ел мерейінің мәңгі үстем болуын қалаймын.
Бүгінгі шараға жиналған жалынды жастардың жанарынан мемлекетімізге деген қуаныш, шаттық, сүйіспеншілік сезімі байқалады. Замандастарымызды ұлтжандылыққа тәрбие-леуде мұндай шаралардың маңызы зор екендігін атап өткен жөн.
Қайрат ӘБІЛҚАСОВ,
екінші дәрежелі «Айбын» орденінің кавалері, Ауған соғысының қатысушысы, Павлодар облыстық прокуратурасының қылмыстық процестің заңдылығын қадағалау жөніндегі басқармасының бастығы:
- «Отан үшін отқа түс - күймейсің», - деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, азаттық жолында құрбан болған, азап шегіп, қасірет тартқан ата-бабаларымыздың ерлігін мәңгі есімізде сақтауға міндеттіміз. Бүгінгі ұрпақ соны түйсіне, түсіне білуі тиіс. Және, халқымыздың ерлік дәстүрін ары қарай жалғастыруымыз шарт. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей: «Ата-бабамыз аңсаған азаттық пен Тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе – соны ертеңге жеткізу. Келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау». Біз Қазақстан халқы – батырлардың ұрпағымыз. Мәртебеміз қашан да биік болғай.

