ҚОС ТОЙДЫ ҚУАНЫШПЕН ҚАРСЫ АЛҒАН ҚАРИЯ

Екібастұз өңірі - қара алтыны – көмірімен, төрткүл дүниеге аты мәлім қуатты станцияларымен ғана емес, тынымсыз тер төгіп, еңбегімен ел ырысын еселеген ерлерімен, жақсы сөзімен жұртты ұйыстыра білетін, кейінгі ұрпаққа берер тәлімі мол ардақты ақсақалдарымен де даңқты. Сондай қадірменді жанның бірі деп қаламыздың тұрғыны Бектас Рыспановты айтар едік.
Бектас Рыспанұлы Ертіс ауданындағы «Суворов» кеңшарында қарапайым отбасында дүниеге келген екен. Әкесі ерте қайтып, аяулы анасы балаларын өзі жеткізді. Қаршадайынан мұқтаждықты көп көрген бала Бектастың басты арманы білім алу болды. Мектеп бітірісімен Павлодар зооветеринарлық техникумына түсіп, 1957 жылы оны тәмамдаған соң Красноармейка ауылындағы сынама станциясында зертханашы болып жұмысқа кірісті. Келер жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен Май ауданындағы Киров атындағы совхоздың №1 бөлімшесіне зоотехник болып барды.
Б.Рыспановтың жас та болса іскер, жұртты жұмылдыра алатын қасиетін байқаған кеңшар басшылығы оны осы жылы аудандық комсомол комитетінің ІІ хатшылығына ұсынады. Жігерлі жасты ауылдастары да бірауыздан қолдайды.
Осылайша, лауазымды қызметке бекіген Бектас аға бұдан кейін Май аудандық комсомол комитетінің І хатшысы, 1962-1964 жылдары Баянауыл аудандық комсомол комитетінің І хатшысы қызметтерін атқарды. Алматы жоғары партия мектебінде білім алып, 1968-1970 жылдары Павлодар облыстық партия комитетінің инспекторы, 1970-1977 жылдары Баянауыл аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы болды. 1977-1993 жылдары Павлодар облыстық «Знание» қоғамын, 1993-1998 жылдары Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайын басқарды. Бектас Рыспанұлы үшін өмірінің осы кезеңі айрықша маңызды еді. Ел егемендік алып, іргесін бекемдеп жатқан тұста халқын сүйген әр азамат тарихын түгендеп, өшкенін жандырып, өткенін жаңғыртуға кірісті. Ертіс өңірінде де ел есінде көмескіленген жайттар, есімдері ұмытыла бастаған тұлғалар көп еді. Тарихи-өлкетану музейін басқаруға келгенде Бектас Рыспанов осы бағытты таңдап алды.
90-жылдардың басы әлі етек-жеңін жинап болмаған ел үшін ауыр кезең еді ғой. Музейдің де халі мүшкіл болатын. Мекеменің материалдық-техникалық базасын былай қойғанда, онда қызмет ететін 60-қа тарта қызметкерді уақытылы еңбекақымен қамтамасыз ету қиынға түсті. Десе де, қай істі қолға алса да, түпкі нәтижеге жетуге дағдыланған Б.Рыспанов музей тынысына бірқатар өзгерістер енгізді. Бұрын тек кеңестік дәуірдің салтанатын паш еткен музейде қазақ халқының ертеден келе жатқан салт-дәстүрін, жоғары өркениетін көрсететін жаңа залдар ашылды. Гүлнәр Нұрахметова (тарихи-өлкетану музейінің қазіргі басшысы), Айшолпан Шегебаева, Қайша Әпсәламова, Зоя Ахметжанова, Дмитрий Франк сияқты ғылыми қызметкерлер Бектас Рыспанұлын қолдап, музейді жаңартуға белсене атсалысты. Музей қорындағы жәдігерлердің көрмелері жиі ұйымдастырылды.
Өкінішке қарай, сол уақыттағы қаражат тапшылығы бастамашыл топтың ойындағы барлық игі істердің жүзеге асуына тосқауыл болды. Дегенмен, бірте-бірте музей қызметі жанданып, қызметкерлер мектептерді, қала мекемелерін аралап, музейді насихаттады. Тындырылған шаруалардың нәтижесінде бірер жылда мұнда келушілердің саны анағұрлым артты.
Осылайша, Бектас Рыспанұлының басшылығымен музейдің әр қызметкері тәуелсіздігіміз тұғырлы болуына атсалысты.
Құрметті демалысқа шыққан соң да Бектас аға қол қусырып отырмады. Екібастұзға қоныс аударып, біраз жыл Шідерті қиыршық тас зауытында директордың орынбасары қызметін атқарды.
Ардақты азамат еселі еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдерімен, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Тәңірден келген тәтті сый – Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен қоса өзінің 75 жасқа толуын ақсақал өмірлік жары Роза апамен, үш баласы және олардан өрген ұрпағымен бірге қуанышпен қарсы алды.

Айнұр ҚАСЫМЖАН.
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24
26 27 28 29 30 31