ЕЛ ӨМІРІНДЕГІ ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 

 

Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына енді. Күні ертең адамзат күнтізбесінен 2012 жыл өзінің заңды орнын алады. Әдеттегідей, баршамыз ескі жыл несімен ерекшеленді, қандай табыстар, өзгешеліктер әкелді деген сауалдарға жауап іздей бастаймыз. Ел өміріндегі есте қалған елеулі оқиғаларды еске түсіріп, ескі жылда еңсерген істерді саралаймыз. Есеміз кеткен тұстарды да еріксіз еске аламыз.

Тарихқа көз жүгіртсек, Қоян жылы қазақ халқының есінде қуаңшылық, ауыр кезеңдер ретінде сақталып қалған. Көнекөз қариялардың айтуынша, ерте замандардан бергі халық басынан өткен жұт, түрлі топалаң тиген мезгілдер осы жылмен тұспа-тұс келеді екен. Кім білсін, мүмкін солай да шығар. Бар білеріміз, бұл жолы Қоян жылы қазаққа қуанышы мен сынағын қоса ала келді. Ендеше, жыл он екі айда есте қалған оқиғаларды бір шолып, берекесi мен ырысы мол, қиыны мен шырғалаңы да жетерлiк 2011 жылға тағы бір көз салайық.

 

Азаттықтың асқар шыңы

Бірінші кезекте, биылғы жылдың қазақ халқы үшін ерекше қастерлі жыл болғандығын атап өткен жөн. Қазаққа қастерлі болатыны, бұл жылы Тәуелсіздігіміздің екі он жылдық белесі қорытындыланды. Ел Президентінің Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болып жарияланып, мерейтойдың ұраны «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» делінді. Сөйтіп, жыл бойына жалғасқан жалпыұлттық іс-шаралар жоспары жүзеге асты. Бірталай нақты, нәтижелі істердің куәсі болдық. Оларды айтып жатудың өзі артық болар. Жыл бойғы қарқынды жұмыстың заңды қорытындысы ретінде Тәуелсіздіктің торқалы тойы өтті. Ғасырларға бергісіз жеңісіміздің куәсі – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы тұрғызылды. Азтаттығымыздың жемісі - асқақ Астана төрінде болған думанды шаралар ел есінде әлі талайға дейін сақталары анық.

 

Мерейімізді асқақтатты

Биылғы жылдың елеулі, тарихи оқиғаларының бірі, бірегейі Алаш елінің айбынын асырып, абыройымызды асқақтатқан Азиада аламаны екендігі сөзсіз. Осылайша, Қазақ елі осыдан бес жыл бұрын өз мойнына мәртебелі міндет етіп алған тағы бір үлкен сыннан абыроймен өтті.

Әлем жұртшылығы құлақ түрген Астана мен Алматыдағы дүбірлі дода, VII Қысқы Азиада ойындары мәресіне жеткенде бөркімізді көкке атып, қуаныстық. Себебі, бұл жай мәре емес еді. Ол - еліміздің сәні мен салтанатын асқақтатқан, төрткүл дүниеге ынтымақ-бірлігі жарасқан еліміздің күш-қуатын танытқан мерейлі мәре. Толайым табыстармен түйінделген Ақ Азиаданың ең басты сүйіншісі сол, біздің еліміздің құрамасы 32 алтын медальді жеңіп алып, алтын олжалаудан рекорд жасады. Бұл жеңісті сәт Тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылып қалатындығына шүбә жоқ.

 

Халық таңдауы

Кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Бұл - Қоян жылы орын алған ел өміріндегі ең елеулі, басты саяси оқиға. Бір атап өтерлігі, оған сайлау құқығына ие ел тұрғындарының тоқсан пайызы белсенділікпен қатысып, өз таңдауларын жасады. Халқымыздың жоғары азаматтық белсенділігінің, мемлекетіміздің болашағына бейжай қарамайтындығының айқын көрінісі осы болса керек. Нәтижесінде, сайлаушылардың 95,5 пайыз дауысын жинаған Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жеткендігі белгілі.

Биылғы жылдың тағы бір маңызды саяси оқиғасы ҚР Парламенті Мәжілісіне қатысты болды. Халық қалаулылары өз еріктерімен «жылы» орындарынан бас тартып, Мәжіліс таратылды. Депутаттардың кезектен тыс сайлауы алдағы жылдың 15 қаңтарына белгіленген болатын. Қалыс қалмаңыз, халайық!

 

Кемел келешек кепілі – Кедендік одақ

Қазақстан, Ресей, Белоруссия елдері арасындағы Кедендік Одақ толыққанды жұмысын бастады. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың жаңа сатысы десе де болады. Аталмыш бастама алғаш көтерілген кезде оны сынға алғандар да табылғандығы естеріңізде болар. Тіпті, «бұл Кеңестік кезеңге қайтып оралу» деп көлгірсігендер де шықты арамыздан. Алайда, аталған ұйым өзінің нәтижелігін дәлелдеп отыр. Биылғы жылдың өзінде Кедендік Одаққа мүше елдер арасындағы сауда айналымының көрсеткіші бірнеше есеге артқан. Сондай-ақ, ағымдағы айдың басында үш мемлекет арасында Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы Декларация қабылданды. Бұл кеңістік жұмысын ертеңнен бастайды деп күтілуде. Бір атап өтерлігі, қазіргі кезде Қырғызстан елі Кедендік одаққа қосылуға ниет білдіріп отырған көрінеді.

 

Тағы бір төрағалық

Үстіміздегі жылдың еліміз үшін басты ерекшеліктерінің бірі - Қазақстан Ислам конференциясы ұйымының тізгінін ұстады. Қазақ елі үшін аталмыш ұйымға төрағалық ету үлкен мәртебе, әрі іргелі ұйымдардың жұмысын ұйыстыра алатындығының айқын дәлелі болса керек. Еліміз Батыс пен Ислам өркениеті арасындағы мәдени диалог көпірі рөлін арттыру ниетін ұстанып отыр. Сондықтан да, Еуразия құрлығындағы беделді ұйым - ЕҚЫҰ жетекшілігінен кейін қолға алынған халықаралық аренадағы аталмыш кезекті төрағалықтың Қазақстан үшін салмағы алғашқысынан бір мысқал да кем емес.

 

Алтын дәнді молынан алдық

Ырымға сенетін жұртшылық «Қоян жылы қуаңшылық әкеледі» десе де, еліміздің ауыл шаруашылығы үшін ерекше табысты болды. Қазақстандық диқандар бұрын-соңды болмаған рекордтық астық өнімін жинады. Мұны ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі құрметіне арналған өзіндік үлкен сый деп бағаласақ та болады. Отанымыздың қамбасы 30 миллион тонна астықпен толықты.

 

Сүйінші хабар

Биыл елімізде алғашқы метро іске қосылды. Осылайша, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында алматылықтарға тамаша тарту жасалды. Оңтүстік астана тұрғындары бұл күнді жиырма жылдан астам уақыт күтті. Құрылысы сонау Кеңес үкіметі тұсында басталған ауқымды жоба республика қалыптасуының талай қиын-қыстау кезеңдерінен өтіп, Тәуелсіздік мерейтойы тұсында пайдалануға берілді. Осы жылдар аралығында жер асты жолдарын тұрғызуға 166 миллиард теңге жұмсалыпты.

 

Арыстарымыздан айырылдық...

Биыл әдебиет пен мәдениет саласы үшін «қаралы» жыл болды десек, артық айтпағандығымыз болар. Дәлірек айтқанда, қазақтың маңдайына біткен бірқатар арыстарымыздан айырылдық. Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Мырза Әлі дүниеден өтті. 76 жасына қараған шағында «Өскен жерге сыймай кетіп, қимай кетіп барады» деп жырлаған, қазақтың Халық жазушысы, сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиев көз жұмды. Майдангер-жазушы, мәдениет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықов та келмеске кетті. Еліміздің аңыз-әншісі, Халық Қаһарманы Роза Бағлановадан айырылдық. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!

 

Бірлігіміз бекем болғай

Қоян жылы халық жадында бірқатар жайсыз оқиғаларымен де есте қалмақ. Атап айтар болсақ, Атырау, Тараз, Алматы облысының Боралдай кентіндегі жарылыстар, Ақтөбе облысының Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдарындағы оқиға, Тәуелсіздіктің торқалы тойы күні орын алған Жаңаөзендегі жайсыздықтар. Тыныштықта тербелген елімізді дүрбелеңге түсірген бұл жағдайлар ескі жылмен келмеске кетсін деп тілейік. Ынтымағымыздың арқасында ырысымыз артқан елміз. Құдай, татулығымыздан айырмасын!

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

/span

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
           
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31