Сейсенбі күні Қазақстан Республикасы ішкі істер әскерінің құрылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады.
- Әрбір мемлекетті құрайтын өз құрылымдары болатыны белгілі. Сондай маңызды құрылымдардың бірі әрі бастысы - елдің ішкі әскері болып табылады. Оның еліміз үшін алатын орны зор. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған соң, 1992 жылдың 10 қаңтарында Елбасы Жарлығымен ішкі әскердің құрылуы оның қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек. Қоғамдық тыныштық пен тәртіпті қадағалап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін – ішкі әскер қызметкерлері, яғни сіздерсіздер. Жауапты сәттерде ішкі күш құрылымдары аянып қалмады. Бүгінде құрылғанына 20 жыл толып отырған еліміздің ішкі әскер саласының қызметкерлері, мерекелеріңіз құтты болсын!» - деді аймақ басшысы.
Шараға Павлодар қаласындағы 6679 және 5512 әскери бөлімдері қызметкерлері мен сарбаздары қатысты. Бірқатар үздік қызметкерлер мен осы салаға еңбегі сіңген ардагерлер Мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара барысында сөз алған Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Сұлтан Күсетов барша қызметкерлерді құттықтап, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскеріне - 20 жыл» медалін облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа табыс етті.
Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы жолында қызмет етіп келе жатқан азаматтардың бірі - 6679 әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Әлішер Әбдірәсіл: «Бүгінгі күннің біздер үшін маңызы зор. Әрі облыс әкімінің келіп құттықтап, марапаттап жатқанына ерекше ризамыз. Қашанда ішкі әскер қызметкерлері қатарында болғанымды өзіме зор мәртебе санаймын!» - деп ағынан жарылды. Шара соңы мерекеге арналған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.

