Бұрнағы күні облыс әкімі, Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ерлан Арын аймақтағы этно-мәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Достық үйінде өткен жарқын жүздесу барысында аталмыш қоғамдық ұйым мүшелері аймақ басшысын жаңа қызметімен құттықтап, көкейлерінде жүрген ұсыныс-тілектерін ашық білдірді.
Еркін жағдайда өрбіген кездесу кезінде Ерлан Мұхтарұлы өңіріміздегі ұлттар достастығы мен ауызбіршілігінің ұйытқысы болып табылатын этно-мәдени бірлестік өкілдерінің қоғамдағы маңызды ролін тілге тиек етіп, жоспарланған ортақ мақсат-міндеттерді орындау мақсатында күш біріктіру керектігін жеткізді.
- Өңірдің этно-мәдени бірлестіктері өкілдерімен жаңа қызметте алғаш рет кездесіп отырмын. Бірден айта кеткім келеді, бұрынғы облыс әкімімен жоспарланған мақсат-міндеттер мен өзекті мәселелердің оң шешімін табуына барымды саламын, - деді Е.Арын.
Облыс әкімі бірнеше мәселеге тоқталды. Алғашқысы - Ертістің Павлодар өңіріндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамын жаңарту. Нақтырақ айтсақ, ұлттық мәдениет, салт-дәстүрді насихаттаумен қатар қоғамның өзге де салаларын дамытуға үлес қосатын жаңа ұйымдарды қалыптастыру және аймақтың қала-аудандарындағы этно-мәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыра түсу. Әңгіме барысында Достық үйі әкімшілік мекемесінің атқаратын жұмысы турасында да сөз қозғалды. Е.Арын баршамыздың ортақ міндетіміз болып табылатын қоғамдағы ауыз-біршілікті сақтау, ұлттар бірлестігін насихаттау мақса-тында Достық үйі мен ҚХА өкілдері бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болып, бірлесе еңбек ету керектігін жеткізді. Айта кетерлігі, Ерлан Мұхтарұлы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар-тиясы облыстық филиалының төра-ғалығына тағайын-далған соң, аталмыш саяси құрылым кеңесіне Ассамблея құрамынан екі өкілді ұсынатынын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек, жуырда бірлестік өкілдері облыс орталығында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отандастарымыздың рухына арналған ескерткіш ашу туралы бастама көтерген болатын. Аймақ басшысы бұл мәселе назардан тыс қалмайтынын, міндетті түрде шешілетінін айтты. Бұл тапсырма облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Марат Қабдуәлиевке жүктелді. Мұсылман әйелдер лигасы облыстық филиалының төрайымы Зара Қожахметова өңірлік ҚХА-дағы кадрлар мәселесіне алаңдайтынын айта келе, онда қызмет ететін мамандар санын арттыру керектігін алға тартты. Ол, сонымен қатар, облыс әкіміне аналық лебізін білдіріп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жарық көрген «Біз тұратын үй» атты кітапты сыйға тартты. Татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі және Ассамблея жанындағы ақсақалдар алқасына төрағалық ететін Минир Галеев осындай ұйымдарды аудан орталықтарында ашу туралы ұсынысын айтты. Қазіргі кезде ақсақалдар алқалары облыстың Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданында ғана бар екен. Басқосуға қатысқан өзге азаматтар да басқадай ұсыныс-тілектерін бүгіп қалмады. Мәселен, «Біз тұратын үй» кітабының таралымын көбейту, ҚХА-ға қарасты ұлттық жаңғыру мектебінің бой көтеруіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі – Қанат Даржұмановтың есімін аталмыш мекемеге беру, белсенді жастарға қолдау көрсетуге байланысты ойларын ортаға салды.
Шара соңында облыс әкімі Ерлан Арын аталған мәселелерді шешу барысы бақылауға алынатындығына уәде берді.
А.ЕСІМХАНОВА.

