Отанға қызмет ету – өзге мамандықтарға қарағанда құрметті әрі қастерлі. Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен отандық әскерге барынша қамқорлық жасалуда. Әскеріміз мықты күшке айналып, заман ағымымен жетілуде, оны дамыту мақсатында қолайлы жағдайлар қарастырылған. Соның нәтижесінде, әскери мамандыққа деген сұраныс жыл санап артып келеді. Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің офицері деген кім? Бұл сұраққа Халық қаһарманы, әйгілі батыр атамыз Бауыржан Момышұлының мына сөздерімен жауап бергім келеді. «Офицер – әскердің ары. Офицер жай ғана мемлекетке қызмет етуші емес, ол көптеген тұрғындардың өмірі сеніп тапсырылған мемлекеттің адамы. Офицер – әскердің қозғаушы күші, орталық фигурасы, жауынгерлердің санасы, шабуылдарды ұйымдастырушы әрі жеңістерді жасаушы. Офицерге соғыс уақытында мемлекеттің тағдыры сеніп тапсырылады».
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Соның бірі - заманауи және жауынгерлік әскерді жасақтау. Кеңес одағы ыдырап, еліміз өз алдына жеке мемлекет болып шыққанда Қазақстанның алдында қару-жарақтарды, соғыс техникаларын, материалдық құралдарды сақтап қалу міндеті тұрды. Бұл ретте, әскери дайындығымызға сәл болса да сызат түсіруге болмайтын еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін әскеріміз қайта жасақталды. Қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық құрылғылармен толықтай қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, тез арада әскери мамандарды дайындаудың жаңа жүйесі қалыптасты. Аз ғана уақыттың ішінде зайырлы мемлекеттің басты ерекшеліктерінің бірі – Қарулы күштер құрылды. Қысылтаяң уақытта мұндай жетістікке қол жеткізу тынымсыз еңбектің арқасында келгенін айта кеткен абзал.
Бүгінгі таңда елімізде ұлттық қорғаныс университеті, үш әскери институт (Алматы қаласындағы құрлықтық әскерлер институты, Алматы қаласындағы радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Ақтөбе қаласындағы әуе қорғаныс күштері әскери институты), Қорғаныс министрлігінің кадет корпусы және республикалық «Жас ұлан» мектебі бар. Отандық әскери оқу орындарында 90-нан аса павлодарлық білім алуда.
Офицерлік мамандарды даярлауда еліміздің басты серіктестері Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы болып табылады. Олардағы әскери білім ордаларында Қазақстанда жоқ мамандықтар бойынша жастарымыз оқытылады. Бұдан басқа Түркия, Германия, Үндістан және Пәкістан мемлекеттерінде әскери мамандарды оқыту жұмыстары үзбей жүргізіледі. Бүгінгі таңда павлодарлық 30 азамат алыс-жақын шетелдерде әскери білім алуда.
Павлодар қаласының көптеген жасөспірімдері болашағын Қазақстан Республикасының қарулы күштерімен сабақтастырып, келешекте офицер болуды армандайды. Қазіргі таңда Павлодар қаласының қорғаныс істері басқармасы 2012 жылға еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі әскери оқу орындарына үміткерлерді жинауда.
Жоғары әскери оқу орындарына жалпы орта білімді немесе орта кәсіптік білімі бар, 17 жасқа толған, 21 жасқа дейінгі, әскери борышын өтемеген ел азаматтары қабылданады. Сондай-ақ, әскери борышын өтеп келген азаматтар 24 жасқа дейін бір жылдық оқуға түсе алады.
Жалпы орта мектептердің биылғы түлектері оқуға ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қорытындысы бойынша қабылданады. ҰБТ тапсырған кезде оқушылар Қазақстан тарихы, математика, қазақ (орыс) тілі, физика пәндерінен тест тапсыруы тиіс.
Оқу мерзімі оқитын жоғары оқу орнына байланысты 4 немесе 5 жыл болуы мүмкін.
Ақмола облысы, Шортанды қаласындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадет корпусына денсаулығы жарамды, психологиялық және спорттық дайындықтан өткен ел жастары қабылданады. Оқу мерзімі 11-сыныптан кейінгілер үшін 2 жылды құрайды.
Қазіргі таңда әскери жоғары оқу орындарының оқу-материалдық базасы заманауи құрылғылармен, қондырғылармен қамтамасыз етілген. Түрлі техникалық білім алуға мүмкіндік жасалған. Болашақ офицерлерді даярлайтын профессор-оқытушылардың құрамы тәжірибелі әрі теориялық біліктіліктері шындалған. Шәкірттер арнайы әскери пәндерден сабақ алады. Олар қоғамдық ғылымдар, жоғары математика, физика, шетел тілі, есептеу техникасы, жалпы техникалық пәндерді оқып, білімдерін жетілдіреді. Оқу барысында курсанттар соғыс техникаларын керек кезінде басқа жаққа көшірудің түрлі әдіс-тәсілдерін үйренеді.
Әскери оқу орындарында білім алудың төмендегідей тиімді жақтары бар:
- ең маңыздысы курсанттар жоғары немесе орта-арнайы әскери мамандықты және терең білімді игеріп шығады;
- заманауи жатаханаларда тегін тұрады;
- тегін тамақтанып, түрлі заттай игіліктермен қамтамасыз етіледі (әскери киім және тағы да басқалары);
- салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Ата-ана қамқорлығынан тыс әскердің қатаң тәртібіне үйренеді;
- жазғы және қысқы демалыс уақыттарында курсанттарды білім ордасы қалаған жеріне тегін апарып қайтады;
- әскери оқу ордасын тәмамдаған соң тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі;
- 45 жаста зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік береді;
- мүмкіндігіне қарай зейнеткерлікке шыққан уақытта Қазақстанның кез келген өңірінен пәтермен қамтамасыз етіледі.
Әскери жоғары оқу орындарында білім алуға байланысты сұрақтарыңыз болса, Павлодар қаласының қорғаныс істері басқармасына Павлодар қаласы, Чкалов көшесі 20/1 үй, 204 кабинет, тел: 68-00-31 және Павлодар қаласының білім беру бөлімі, Кривенко көшесі 25 үй, 411 кабинет, тел: 32-69-65 хабарласыңыздар!
Қ.РАИСОВ,
Павлодар қаласы білім беру бөлімі алғашқы әскери дайындық әдіскері.

