Алтынай мен Арай Хабдесовалар
Ана құрсағында егіз болып жаратылған Алтынай мен Арай Хабдесовалар Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылында кіндік кесті. Екеуінің тағдырлары біріне-бірі тым ұқсас. Әнге, музыкаға деген қабілет екеуінде де бала жастан-ақ байқалды. Табиғат оларға әсем де әдемі дауыс сыйлады.
Олар сонау 1997 жылы облыс орталығында өткен халықаралық «Айналайын» фестивалі аясындағы егіздер байқауының дипломанты атанып, дүйім жұрттың көзайымына айналды. Сол кезде арулардың ҚР халық әншісі Мақпал Жүнісовамен бірге сахнаға шығып, ән шырқауы әлі күнге дейін керекулік көрерменнің көз алдында болар...
Оқырмандарымыздың көбісі бүгінде «Бұрымды әнші қыздарымыз қайда екен?» деген сауал түйген болар. Өнердің асқаралы асуларын бағындыруға жол тартқан Алтынай және Арай Хабдесовалармен жақында сұхбаттасып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз.
- Алтынай, Арай, Ертістің Павлодар өңірі жұртшылығының ыстық сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер!
- Қадірлі ән сүйген қабырғалы Кереку елі! Сіздермен облыстық «Сарыарқа самалы» газеті арқылы қауышқанымызға қуаныштымыз!
- Әсілінде, егіздердің дүниеге келуінде үлкен сыр бар деп жатады. Бұл рас па?
Алтынай: - Жалпы, бір ананың құрсағында жетіліп туып, құлын-тайдай тебіскен егіздердің арасында тылсым күш бар деседі. Иә, бұл – шындық. Осындай дәйектілікті дәлелдейтін бірнеше мысал келтіріп өтсек. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімізде, Арай тұмауратып ауырып қалған болатын. Осыған байланысты оқуға біреуіміз ғана баратын болдық. Сабақта жап-жақсы отырғанмын, кенет, өзімді нашар сезіне бастадым: көңіл-күйім түсті, бойымды қобалжу билеп алды. Дереу Арайға телефон шалдым. Сөйтсем, сыңарым одан бетер ауырып жатыр екен. Тағы бір дәлел – екеуіміздің бірдей сөз саптауымыз бен ойлауымызда. Бір сөзді бір мезетте қайталап, бірдей ойлауымыз жиі кездеседі.
- Ойларыңыз бен сөздеріңіз бір жерден жиі шығады дедіңіздер. Бұл жеке өмірлеріңізге әсер ете ме? Мәселен, бір жігітке ғашық болып қалсаңыздар, ара қатынастарыңыздың сууына жол берер ме едіңіздер?
Арай: - Негізі, екеуіміздің бет-әлпетіміз, ішкі жандүниеміз ұқсас болғандықтан, талғамымыз бен қызығушылықтарымыз да бірдей. Сондықтан, бір бозбаланы ұнатып қалуымыз ғажап емес. Жасыратыны жоқ, ондай оқиға басымыздан өткен. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде бір балаға ғашық болып, балалық махаббат шырмауына іліккеніміз бар. Дегенмен, бұл жағдай арамыздағы қарым-қатынасымызға сызат түсірмеді. Мектептегі махаббат, алғашқы жүрек лүпілі ғой! Уақыт өте келе барлығы ұмытылып, тіпті, алғашқы сезімімізді оятқан сол жігітпен жақсы дос болып кеттік.
- Шығармашылықтарыңыз жөнінде аз-кем әңгіме өрбітсек... Қандай жаңалықтарыңыз бар?
Арай: - Өздеріңіз білетіндей, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған соң «Алтын-Арай» атты дуэт құрып, өнер көрсетіп жүрген жайымыз бар. Елімізге белгілі сазгер-әнші Дүйсенхан Сыздықовпен шығармашылық қарым-қатынастамыз. Сонымен қатар, таяуда «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген «Құрдастар» комедиясына түстік.
- Павлодарға жиі келіп тұрасыздар ма?
Алтынай: - Туған жер ыстық қой! Шыр етіп дүние есігін ашқан жерімізді әрдайым сағынып жүреміз. Сондықтан, мүмкіндіктер болса, келуге тырысамыз. Негізі, Кенжекөлде бірге өскен құрбыларымызды, Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатындағы сыныптастарымызбен және ұлағатты ұстаздарымызбен өткізген тамаша сәттерді жиі еске түсіріп отырамыз. Ол сәттерді ешқашан ұмытпаймыз. Өнер жолын таңдауымызға солардың да септігі тиді. Мақаш Жылқыбайұлы, Біләл Ыхсанұлы, Сәуле Сұлтанқызы, Орынтай Батпекқызы, Гаухар Әбдікешқызы сынды мұғалімдерімізге айтар алғысымыз шексіз.
- Продюсерлеріңіз танымал композитор Дүйсенхан Сыздықов екен. Үлкен сахнада ән шырқауға сол кісі ықпал жасады ма?
Алтынай мен Арай: - Бізді үлкен өнер сахнасына жетектеп әкелген белгілі әнші-продюсер, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова болатын. Екеуіміз оның «Сағындырған әндер-ай» атты авторлық ретро әндер концертіне қатыстық. Әлі есімізде, бұл кеште біз сахнаға белгілі әнші-композитор Дүйсенхан Сыздықовпен бірге шықтық. Шығармашылық қарым-қатынасымыз сол кезден бастау алып, күні бүгінге дейін үзілмеуде. Құдайға шүкір! Келешекке бағдарлаған жоспарларымыз бар. Көптеген ән жаздырып жатырмыз. Оны әзірше құпия сақтауды ұйғардық. Әкеміз Қайыржан Хабдесов Павлодар өңіріне әйгілі дәстүрлі ән орындаушыларының бірі болғандықтан, кішкентайымыздан дәстүрлі әндерді тыңдап, санамызға сіңіріп өстік. Сонымен қатар, отандық композиторлардың шығармаларын, қазіргі эстрадалық әндерді шырқаймыз. Жанрлары да сан түрлі. Мәселен, ән қоржынымызда «Бақ қалам менің - Астана» атты ретро әніміз бар. Оған қоса, патриоттық сарындағы шығармаларды жиі орындаймыз. Жалпы, репертуарымыз жұтаң емес.
Қазір үстіміздегі жылғы ақпан айының 23 жұлдызында өтетін Д.Сыздықовтың шығармашылық кешіне дайындық үстіндеміз. Айта кетерлігі, онымен қоса Ж.Ысқақова, Б.Нұрмышева, Ж.Серкебаева, Ә.Қалаубаева, «Жалын», «Денар» тобы, Р.Малцагов, Ә.Жакетаева сынды өнерпаздармен де араласып тұрамыз.
- «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетілген «Құрдастар» атты сериалға түстіңіздер. Сол арқылы жаңа, әртістік қырларыңызды аштыңыздар. Болашақта әншілік өнерді тастап, кино саласына түбегейлі бет бұрып кетеміз деп ойламайсыздар ма?
Арай: - Кино - көтерер жүгі ауыр, үлкен жауапкершілікті қажет ететін өнер саласы. Бұл - шынайы дарындар аяқ басуға тиіс әмбебап әлем. Осындай киелі өнерге араласуымызды басқа қонған бақ деп білеміз. Ал ән көптің күш қосып бірігуінен туатын жалпылама емес, кез-келгеннің басына қона бермейтін жалқы өнер, дара қасиет. Тіршілігіміздің бар тынысы, тармақ-тарауы әнмен байланысты. Әнсіз өмір жоқ. Сондықтан, табиғатымызбен астасып жатқан құдыреттен ешқашан алшақтамайтынымыз анық.
- Әдетте, сахнада өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарымыздың кейбірі киноның қайнаған «қазанына» келуді сәтті кездейсоқтыққа балап жатады. Ал сіздер ше, түсірілім алаңына қалайша бардыңыздар?
Алтынай: - Не десек екен... Өткен жылдың жазында аяқ астынан Ресейге шақыру алып, Мәскеу, Нижний Новгород қалаларында өнер көрсеттік. Бұл деген - шақырған адам біздің өнерімізді естіп, көріп бағалағандығының дәлелі. Сондықтан, кездейсоқтыққа сене қоймаймыз. Қандай да бір жетістікке жету үшін кездейсоқтықты күтіп жүрмей, әр адам өзінің шамасы жеткенше бар ынтасын салып, еңбек етуі керек. Сонда ғана сол еңбегінің жемісін көреді. Өйткені, жеңістің өзі тек бір пайыз таланттан, қалған 99 пайызы еңбектен тұрады. Ал «Құрдастар» сериалына іріктеуден өту барысында мамандардың көзіне түсіп, рольдерде ойнау мүмкіндігін иелендік.
- Шынайы өмірден кинодағы кейіпкердің әлеміне енудің қиындығы қандай?
Арай: - Алматы қаласынағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүрген студенттік кезімізде бірнеше фильмдерге түсіп үлгердік. Дегенмен, «Құрдастар» - кино саласындағы алғашқы және үлкен қадамымыз. Бұл – біздің жұлдызды сәтіміз, гүлденген кезіміз. «Ситком» жанрындағы комедияда С.Шаймерденов, Ш.Асқарова, «Күлкі керуені» ойын-сауық театрының әртісі Г.Қалыбаева сынды өнер майталмандарымен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Мақтанғанымыз емес, бірақ шығармашылық тұрғыдан біраз ысылып қалдық. Шыны керек, «Стоп кадр!», «Түсірілді!» деген күнделікті естілетін режиссер дауысын сағынып қалдық. Бұл – шығармашылық өміріміздің ажырамас бөлігі ғой. Сондықтан, әртістік пен әншілік әлемінен шынайы әлемге ауысу да, оны ұштастыру да қиын емес.
- Өздеріңіз атап өткендей, киношығарма американдық «ситком» жанрында түсіріліпті. Біздің аудитория үшін таңсық дүние десек, қателеспеспіз. Түсірілім барысында қиындықтар кездесті ме?
Алтынай: - Өнер – қызығы мен шыжығы, қуанышы мен реніші қатар жүретін әлем. Сондықтан, қызықты да, ренішті де сәттер кездесіп жатты. 42 бөлімнен тұратын сериалдың бір ерекшелігі - оқиға желісі ғимарат ішіндегі комедиялық жағдайға құрылған. Яғни, актерлер бір үйде немесе оның айналасында жүріп-ақ, шым-шытырық оқиғаларды бастан өткереді. Кинотуынды табиғатымызға өте жақын болды, өйткені әртістер заманның бел ортасында жүрген қатарлас, үзеңгілестер. Тағы бір айтатын жайт, сериалдағы бұл көріністердің барлығы ойдан шығарылған. Комедия болғандықтан, қызықты сәттерден әсте арыла алмадық. Ренішті тұстар да кездесіп жатты. Мәселен, Арай ер баланың ролін сомдады. Еркекшоралық мінез оның табиғатына сай болмағандықтан, бұл кейіпкердің бейнесін ашу қиынға соқты. Сол кезде екеуіміздің көңіл-күйіміз бірдей жиі түсіп қалатын.
- Қыздар, қазіргі кезде аспандағы жұлдыздардан жердегі «жұлдыздар» көп сияқты. Олардың арасында жарқ етіп жанып, бір тұтам болып сөніп қалатындары да бар. Жалпы, сондай жұлдыздардың кейбірі қазақ өнерінде ешқандай қолтаңба қалдырмай кетіп жатады. Ал сіздер ше, қандай қырларыңызбен ерекшеленесіздер?
Арай мен Алтынай: - Өткен жылы бақилық болған атақты әншіміз Роза Бағланованың теледидар тілшісіне берген бір сұхбатында қазіргі өнерпаздарды «тыртыңдаған әншілер» деп атап, әріптестерімізді бір қағытып өткені бар еді. Ал заманымыздың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова әншілерді тек «ән орындаушы» деп бағалайтынын ашып айтқанын да өз құлағымызбен естідік. Өнерде де, өмірде де үлгі тұтатын осындай тұлғалардың пікірімін келіспеске болмас, әрине. Негізі, еліміздің өнер айдынында жұлдыздар көп емес. Дегенмен де, олардың көптігі артық етпейді деп ойлаймыз. Бойымыздағы құдай берген дарын мен дауысымызды былай қойғанда, бастапқы ерекшелігіміз егіз болғандығымызда емес пе? Дауысымыздың тембрі бірдей. Қос дауыспен өлең айтқанда тамаша үйлеседі. Оның үстіне бір-бірімізді іштей сезініп, бір деммен, бір ырғақта ән айта аламыз. Ерекшелігіміз осы болар. Біз өзімізді «жұлдыз» деп есептемейміз. Ерекше қабілеттерді нағыз сыншы – халықтың өзі бағалар...
- Ертістің Павлодар өңіріне келіп, концерт беру ойларыңызда бар ма?
Алтынай: - Кіндік қанымыз тамған Кереку елі - өнерді қадір тұтатын жұртшылық. Сондықтан, туған шаһарымызда өнер көрсетсек деген арман жоқ емес. Бірақ, қазіргі заманда дербес гастрольдік сапарға шығу оңай шаруа емес. Біраз қолбайлаушылықтар бар. Дегенмен, шақыру келіп жатса, қуана-қуана барар едік.
- Қазіргі кезде көптеген өнер иелері шоу-бизнесті «той-бизнеспен» ұштастырып жатады. Тойларда ән айтасыздар ма?
Арай мен Алтынай: - «Шақырғанда бармасаң, шақырусыз қаласың» демекші, ұсыныс түсіп жатса, тойлардан қалмауға тырысамыз. Себебі, той-томалақтарда да «әннің де естісі бар, есері бар» деп оны бағалай білетін халық көп.
- «Сарыарқа самалы» газеті оқырмандары атынан татымды әңгімелеріңізге алғыс білдіреміз.
Арай мен Алтынай: - Бізді кіндік кескен жеріміздің жұртшылығымен табыстырып, өнерімізді бағалап жатқан ата басылымның ұжымына мың алғыс! Оқырмандарыңыз көп болғай!
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

